Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі мектеп директорының рөлі

0

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында республиканың барлық қала мектептері жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға өтіп жатқаны белгілі. Сондықтан, мектептің дамуы мен өркендеуі міндеттер мен мақсаттардың қаншалықты дұрыс ойластырылғанына және сындарлы қойылуына, мектеп әкімшілігінің бөлінген қаражатты қаншалықты тиімді және рационалды жоспарланғанына және қолданылатынына байланысты болмақ.

Осы ретте, жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіп жатқан барлық мектеп директорларын толғандыратын маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар мен кеңестер алу үшін Семей қаласының № 10 мектеп директоры — Теміржанова Ләйлә Сауыққызын әңгімеге шақырып отырмыз. Оған себеп –аталған мектеп 2013 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруды апробациядан өткізуге қатысып, осы жылдардың ішінде өзінің қойған мақсаттарына қол жеткізе алды.

Бүгінгі таңда біздің директорларымызды толғандырып отырған ең бірінші сұрақ неден бастау керек?

«Ең бастысы – мақсат қою және шығындарды дұрыс жоспарлау. Ал барлық мектептердің мақсаты бір – балаларымыз мектепте өздерін жайлы сезініп, сапалы білім алуы үшін мектептерімізді жақсарту.

Бастапқыда, біраз абыржып қалғанымыз рас, өйткені біз әрқашан білім бөлімінің нұсқауымен және жергілікті бюджетте қарастырылған қаражатпен ғана жұмыс істеуге үйреніп кеткен едік.

Қаржыландырудың жаңа моделіне көшкеннен кейін бізге қосымша қаражат бөліне бастағаннан басқа, біз жоспарлау мен жұмсауда дербестік алдық. Әрі, бұл өте дұрыс, өйткені мектептің нақты қажеттіліктері мен ішкі проблемалары жайында директордан артық білетін жан кемде-кем. Осы мәселелердің шешілуіне және шығындар басымдылығының дұрыс қойылуына қарай, алдағы бірнеше жылға арналған мектептің даму жоспары туындайды және әрі қарай өз мақсаттарыңызға жету үшін осы жоспарды ұстанасыз.

Айта кету керек, дербестік алғаннан кейін біздің бюджет қаражатын ұқыпты, рационалды және тиімді жұмсауға жауапкершілігіміз де бірнеше есеге артады. Мектеп директорына нарықтық қатынастар жүйесіндегі басқару саласында көптеген білімді игеру керек, сонымен қатар жан басына шаққандағы қаржыландыруға қатысты барлық нормативтік актілер мен құжаттарды қосымша меңгеріп, олармен іс жүзінде жұмыс істеуді үйрену қажет, өйткені  «заңдарды білмеу жауапкершіліктен босатпайды».

Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшкен кезде мектептер қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін?

«Мен былай дер едім – егер дұрыс жұмыс жасаудың реті мен жөнін білсеңіз, қиын емес. Мектеп директорының түсінуі қажет басты нәрсе – ол жан басына шаққандағы қаржыландыруға ауысқан кезде мектепке қаражат көлемінің есептелу әдісі ғана өзгереді, ал қаражаттың жұмсалуы бұрынғыдай қалады.

Сол бұрынғыша бюджеттік өтінім жасаймыз, сатып алуды мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргіземіз, штаттық кестені құрып,  қолданыстағы заңнамаға сәйкес мектеп қызметкерлеріне жалақы төлейміз, ең бастысы – қаржы жылының соңына дейін бөлінген барлық қаражат тиімді игеріледі».

Сіздің мектебіңізде 2013 жылдан бері үлкен өзгерістер болғанын білеміз: жөндеу жұмыстары жүргізілді, кеңсе техникасы, жиһаз және компьютерлер сатып алынды. Осы ретте, өзіңіздің мектебіңіздегі өзгерістер туралы толығырақ айтып кетсеңіз және әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?

Иә, жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшкелі мектебіміз өзінің көптеген идеяларын жүзеге асыра алды.

2013 жылдан бері жан басына шаққандағы қаржыландыру қаражаты есебінен, осы жылдағы қашықтықтан оқытуға байланысты сатып алынған компьютерлерді есепке алмағанда, 53 бірлік компьютер, планшет және ноут-бук, қабырға экрандары бар 4 проектор сатып алдық, акт залындағы барлық музыкалық аппаратураны жаңарттық, спорт залын жаңа технологиялар бойынша толық жабдықтадық, сондай-ақ стендтер мен тақталарды ауыстырдық.

Сонымен қатар, 2016 жылы біз мектептің барлық есіктерін ауыстыра отырып, ағымдағы жөндеуді жүргіздік, сондай-ақ ғимараттың бірінші қабатының едені мен ернеуліктерді ауыстырдық.

2017 жылы жыл сайын мектепті жаңа оқу жылына дайындау үшін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу өз алдына, ондағы барлық терезе перделері мен жалюзилерді ауыстырдық.

2018 жылы мектептің асханасын жөндеп, мультимедиялық жабдықтар жиынтығын сатып алдық, ал 2019 жылы мектептің жоғарғы қабаттарының барлық терезелері мен едендерін ауыстырдық.

Сонымен қоса, біз жыл сайын спорт жабдықтары мен оқу-әдістемелік құралдарды жаңартып отырамыз.

Жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшкен соң республиканың басқа мектептері де нығаю және жабдықталу үшін осындай тамаша мүмкіндікке ие болады.

Осы жаңа кезеңде баршаңызға өзара түсіністік, табыстар, молшылық және алға қойған барлық мақсаттарыңызға қол жеткізуді тілеймін!