Ұлы даланың жеті қыры. Қазақ тарихшылары Ташкент архивіне кіре алмай жүр!

0

ҚР Мәдениет және Спорт министрі

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен

ҚР Сыртқы істер министрі

Қайрат Әбдірахманов мырзалардың

назарына

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласыда: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек» — деп баса көрсетті.

Осыдан 14 жыл уақыт бұрын Елбасы Жолдауынының негізінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, шартарапқа шашылған мәдени, рухани құндылықтарымызды түгендеу, жоғалғанымызды тауып, қирағанымызды қалпына келтіру тапсырмасы берілген болатын. «Мәдени мұра» еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға, жаңғыртуға және тиімді пайдалануға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігінен туындаған.

Осы орайда ғалымдар мен археологтар, әдебиет, мәдениет саласының мамандары, тарихшылар, зиялы қауым бірлесіп қыруар шаруа тындырды. Өз жеріміздегі және алыс-жақын шетелдердегі қазақ тарихына қатысы бар мәдени, рухани құндылықтарымыз, археологиялық және сәулет туындылары, жазба және көркем әдебиет қолжазбалары жинақталып елімізге әкелініп, том-том кітаптарға топтастырылды. Мемлекет қазынасынан жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп отырды. Осыған сәйкес атқарылған жұмыстар да қыруар. Қазақ тарихы мен мәдениетіне 500 мыңға тарта құжат әкелінді. Біз осы тұста Ватикан архивтерінен деректер іздеп шарқ ұрып мына көршілес жатқан Өзбекстан Республикасының архивінен мардымды құжат ала алмадық.  Осы олқылықтың орнын толтыруда «Архив- 2025» бағдарламасының маңызы зор.

Қазақстан Республикасының оңтүстік бөлігі ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарынан ХХ ғасырдың 24-25 жылдары іске асырылған территориялық-әкімшілік жіктелуге дейін алдымен Түркістан генерал-губернаторлығының, сонан соң Түркістан Кеңестік Республикасының құрамында болғаны мәлім. Соған байланысты тарихшы ғалымдарымыз осы аталған тарихи мезгілге қатысты архив құжаттарын Ташкенттегі Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архив қорларынан іздеуге мәжбүр. Аталған ел архивінде Жетісу мен Сырдария облыстарының ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі деректер шоғырланған. Әсіресе, 74 іс құжатынан тұратын  «Түркістан өлкесін жаулап алу тарихына  арналған материалдар жинағы (1839-1876 жж.)» атты полковник Серебренников жинастырған № И-715 қор, 1867-1918 жылдар аралығындағы құжаттарды қамтитын  № И-1 «Түркістан генерал-губернаторлығы кеңсесі», «Сырдария облыстық басқармасы» атты  №17 қор және т.б. қорларда тұнып тұрған Қазақ тарихына қатысты деректер жинақталған. Қазақ тарихшылары үшін 2008 жылдан бері аталған елдің архив мекемесі жабық. Жұмыс жасауға рұқсат жоқ.

Президент Н.Ә. Назарбаевтың орынды көтерген мақаласын негізге ала отырып, Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі келер 2019 жыл «Қазақстанның Өзбекстандағы жылы» аясында тарихшылар үшін осы ел архивінде жұмыс жасауға рұқсат алып берсе мәдени, саяси және рухани қарым-қатынастарымыз одан әрі арта түсері анық. Сондай-ақ, Елбасымыздың сардарлы саясатының одан әрі қарыштап дамуына қосылған үлес пен тапсырмаларының нақты орындалуы дер едім.

Оразов Рашид Ешенұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/