Қазаққа кімге бодан болған тиімді еді?

0

1979 жылдың күзінде сол жылғы жазда ғана Алматыда «Жалын» баспасының 3 редакциясы негізінде жаңа мекеме болып ашылған «Өнер» баспасында қызмет етіп жүрдік. Баспаға Орталық Комитеттен жіберілген Мақсұт Әубәкіров деген айтулы азамат алғашқы күннен директор болып келді. Ал бас редактор лауазымына соған дейін көп жыл «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып жұмыс істеген белгілі журналист Серік Әбдірайымов тағайындалды. Сол жылы университет бітірген мен осы ағамның арқасында жаңа баспаға алғашқылардың бірі болып жұмысқа қабылдандым.

Бірақ баспа деген аты дардай болғанымен, ұжымымыз оншалықты үлкен емес-тін. Оған, «Жалыннан» көшкен редакциялармен бірге қалғандардан бөлек, сырттан біз секілді тағы жиырма шақты адам ғана алынды. Менің талайыма буклет, проспект тәрізді жеңіл-желпі баспа өнімдерін дайындаумен айналысатын редакция тап келді. Мұнда «Лениншіл жаста» комсомол тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болған кезінен етене араласқан тағы бір ағам – белгілі журналист Жақау Дәуренбековтің қарамағында жұмысымды бастадым.

Осындай шағын ұжымда көп ұзамай бір-бірлерімен пікірлес жас және жасамыс жігіттерден құралған өзіндік бір топ қалыптасты. Оның құрамында Ленинградта көп жыл тұрып, елге оралғанына тым көп бола қоймаған жазушы Сарқытбек Имашев, Одесса университеті роман тілдері факультетінің түлегі, испан тілінің маманы Самат Өтениязов сынды нағыз ұлтжанды азаматтармен қатар, белгілі суретші Мұхамеджан Әлімбаев, Семей облысында біраз жылдар мектепте мұғалімдік еткен филолог Саниязбек Нұғманов және мен секілді жоғары оқу орнын жаңа бітіріп жатқан тағы бір-екі жігіт қана болдық. Біз көбіне жұмыстан кейін бас қосып, алуан түрлі тақырыпта пікір алмасып тұратынбыз. Әңгіменің дені кәдуескі әдебиет пен өнердің төңірегінен басталып, соңы саяси тақырыпқа ұласып кетіп жатады. Солардың денінде сөз тізгінін ұстап отыратын жоғарыдағы екі ағам, ал біз көбіне оларды ұйып тыңдаушы дәрежесінен аса алмаймыз. Қызу әңгіме барысында екі ағамның аузынан қазақтың біз оншалықты біле бермейтін, кейбірінің есімдерін еміс-еміс қана естіген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ғұмар Қарашев сияқты біртуар арыстарының аттары, «Алаш» партиясының ұлттың келешегін шешу турасындағы тірліктері айтылып қалады.

Мені сонда Сарқытбек ағам мен Самат ағамның соншалықты батылдықтары қатты таң қалдыратын. Олар екі сөзінің бірінде Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет құру мүмкіндігі жайын, қазақ тілінің мүшкіл халін қайткенде жақсартуға болатыны турасындағы ойларға ерік береді. Сірә, бізге сенетін болса керек, ешкімнен жасқанбай, әңгімені ашық айтады. Ал пікірталас соңы көбіне қазақ үшін кезінде кімге бодандыққа түскен тиімді болуы ықтимал екені туралы болжамға ұласып кетеді. Сол кезде екеуінің байламы бір жерде тоғысады: екеуі де қазаққа орыстың емес, ағылшынның қол астында болудың әлдеқайда қолайлы шықпағына тоқтам жасайды.

– Сол кезде, біріншіден, – дейді Сарқытбек ағам, – қазақ халқы жиырмасыншы жылдарда орын алған ақ қашып, қызыл қуған дүрбелеңді, отызыншы жылдардың басында дүниені шайқаған ақсүңке ашаршылықты, соның соңын ала репрессияның зұлмат зобалаңын бастан кешіп, нәтижесінде қисынсыз да қисапсыз көп қырғынға ұшырап, өз жерінде өзі дәл бүгінгідей азшылықтың мүсәпір хәліне жетіп отырмаған болар еді.

– Екіншіден, Ұлыбритания, – деп сол ойды жалғайды Самат ағам, – Қазақстанды алыстан, өзінің наместниктері арқылы басқарады. Лондон қазақ жеріне қарашекпендерін қаптатқан Ресей империясының жолын ұстанбайды. Бұлай етуге жаһанның барлық мүйісінде өте көп отар елдері бар Англияның шамасы келмейді. Біз ары кеткенде жүз жыл ағылшын билеген Үндістанның кебін киген болар едік. Бұл қазақ жеріндегі қазақтар санының пайыздық мөлшері жоғары қалпында қала беруіне еш залал келтіре алмайды. Сол кезде қазақ өзінің ана тілінен айырылып, орыстану жолына түспес еді.

– Үшіншіден, ғасырдың басында, – деп іліп әкетеді Сарқытбек, – саны 6 миллион адамнан асқан қазақтың саны қазіргі таңда кемінде 30 миллионға жетіп отырар еді. Ал мұншалықты көлемге жеткен нәсілдің өзге ұлттарға жұтылып кетуі оңай емес. Елде негізінен тек қазақ тілі ғана өркен жаяды. Мектептеріміз түгел қазақ тілінде білім береді. Демек, ұлттық тілді сақтап қалудың негізі бірден қаланады.

–  Төртіншіден, біз ағылшын тілін дендеп үйрену арқылы, – дейді сосын Самат, – әлемге орыс тілін делдал етпей тікелей шығамыз. Біздің ұландарымыз дүние жүзіне танымал атақты Оксфорд және Кембридж университеттерінде білім алып жүрер еді. Мұның қазақ ғылымын дамытуға әсері күшті болады. Ғалымдарымыз әлемнің көптеген мықты ғылыми институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасасады.

– Бесіншіден және ең бастысы, – деп түйіндейді соңында Сарқытбек, – Қазақстан дәл қазір өз алдына тәуелсіз ел атанып отырған болар еді. Бұған алпысыншы жылдардың басында жер-жаһанда басталған отар елдердің тәуелсіздік алу процесі серпін береді. Біз Азия мен Африканың көптеген аймақтары тәрізді осы кезде азаттыққа қол жеткізіп, жеке мемлекет болу мүмкіндігін пайдаланған болар едік. Сөйтіп, Алаш азаматтарының бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын көксеген армандарын жүзеге асырамыз.

Осы ойлар кейін көп жылдарға дейін, 1991 жылдың соңында тәуелсіздік алғанға шекті менің жадымнан бір шыққан жоқ, ұдайы ойлануға жетелеп, санамда жаңғырығып келді. Сол тұстан бастап, біз де Қазақстанның талайлы тағдыры әлгіндегі ағаларым айтқан пайымның парқында бола қоймағанына өкініп жүретін болдық. Ал өкінуді жөн көретін себептер аз емес-тін. Соның негізгісі, жағдай бұдан әрі осылай болып кете берсе, жылдардың жылында, – тіпті тым таяу уақыттардың өзінде-ақ, – қазақтың ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін екендігі жөніндегі қауіп еді.

Ағаларыммен әңгіме кезінде бұл мәселе төңірегінде де талай пікір алмасулар болып тұрды. Мұндағы гәп «егер қазақ ұлт есебінде ыдырау хәліне жетсе, бізге қай халыққа қосылған абзал?» деген сұрақ тұрғысынан өрбілетін.

– Ондай жағдайда, – дейді сол кез Сарқытбек Имашев, – бізге «өзбек» болып жазылғаннан бөлек жол жоқ. Біріншіден, тоқсан алты баулы өзбек біртұтас ұлт емес, оның құрамында бір-бірімен тоғыса қоймайтын алуан түрлі нәсілдер бар, бұл халықта түркілердің үш тілдік тобының да түгел тоқайласып отырғаны содан, осы тұрғыдан келгенде, өзбек жеке ұлттан гөрі сословиеге көбірек ұқсайды, біз сондықтан солардың бірі секілді болып қабылдана салар едік.

– Екіншіден, өзбек, – дейді бұдан әрі Самат Өтениязов, – ешқашан өзінің құрамына қосылуға тілек білдірген жамағатты көкірегінен итермейді, бірден құшағына тартып, паспортыңа «өзбек» деп жазып береді. Мұның үстіне, көшпелі өзбектердің Әбілқайыр Шайбани ханның кезінде Сырдың бойындағы Жанкент, Жент қалаларын мекен еткендері тарихтан мәлім. Кейін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед хан Өзбек ұлысынан бөлініп шығып, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің қысымына шыдамай, Мауреннахрға қоныс аударды. Демек, қазақтың «Өзбек – өз ағам» деуі бекер емес.

– Дұрыс айтасың, – деп қостайды оны сол жерде Сарқытбек ағам, – қазіргі өзбектің кемінде үштен бір бөлігін көшпелі өзбектердің ұрпақтары құрайды. Сол өзбектердің негізін қазіргі қазақта бар, екі халыққа да ортақ тайпалар түзеді. Бұған қоса, 1959 жылғы халық санағында Өзбекстанда діңі қазақ ру-тайпаларының өкілдерінен қаланған «құрама» атты жұрт болды. Сол құрама сапындағы аздаған ұйғыр жұртынан басқасы түгел бұрынғы қазақтар еді. Ендеше, қазақтың құрып кетуі ақиқатқа айналатын күн туса, бізге өзбек атанғаннан басқа жол қалмайды.

Біз екі ағамның айтып отырғаны жөн сөз екеніне кейін көз жеткіздік. Қазақтың өз отанындағы ахуалы сол жылдары шынында өте-мөте ауыр-тын. Алматыдағы жүзге жуық орта мектеп арасында республикаға аты беріліп отырған титулды ұлт тілінде білім нәрімен сусындататын екі оқу ордасы ғана болды. Олардың да бірі алыстағы ауылдардан келетін малшылар мен теміржолшылардың балаларына арналған мектеп-интернат еді. Ал қалада тұратын 18 пайыздық мөлшердегі қазақ жұртының ұландары үшін бір ғана мектеп берілді.

Республикада жылдан жыл ұзаған сайын қазақтардың үлес-салмағы біртіндеп кеміп келе жатты. Сол 1979 жылы жүргізілген халық санағы Қазақстанда тұратын 14 684 283 адамның небәрі 5 289 349-ы, яғни 36 пайызы ғана қазақ миллеті екенін көрсетті. Ал бұл кезде 5 991 205 мөлшеріне жетіп отырған орыстар 40,8 пайызға көтеріліп кеткен. Егер бұған саны 897 964, яки 6,1 пайыз болып тұрған украиндар мен 181 491 мөлшерлі, яғни 1,2 пайызды белорустарды қоссақ, негізінде орыс тілінде сөйлейтін славян қауымының қарасы республика халқының жартысына жуықтап қалатынын топшылауға болады. Бұдан бөлек, қалған ұлттардың да көбі балаларын орыс мектептеріне беретін.

– Ресей қазақ жерін игеруге кіріскен XIX ғасырдың орта тұсында, – дейді Самат өз кезегінде, – Британия әлемнің әр қиырында өзінің отар, доминион, протекторат түріндегі еншілігін көбейтіп жатты. Отарлаушылық әрекетті XVIII ғасырдан бастаған ол ХХ ғасырдың ортасына дейін әлемнің түкпір-түкпірінен әлденеше ондаған елдерді жаулап алған болатын. Міне, сол кездері Британияның Қазақстанға ауыз салуына да әбден болатын еді.

– Олай болмаған күнде де, – дейді іле Сарқытбек, – ағылшындардың мұнда орыстардың шақыруымен келетін мүмкіндіктері болды. Себебі, орыс кәсіпшілерінде заман талабына жауап беретін озық техникалар да, өнеркәсіп жұмысынан жеткілікті тәжірибе де болған жоқ. Сондықтан өздері барынша арзан бағаға сатып алған кен орындарын шетелдік өнеркәсіпшілерге қайтара сатуға мәжбүр болды…

Ағаларымның айтып отырғандарының бәрі айна-қатесіз шындық екеніне өз басым көп жылдардан кейін көз жеткіздім. Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстандағы қазба байлықтардың көптеген түрі XIX ғасырдың ортасында белгілі болғанын шамалаймыз. Бұл кезде негізінен көмір, темір, мыс және полиметалл секілді жерасты қазба байлықтары игеріле бастаған. 1833 жылы Аппақ Байжанов Қарағанды көмір кенішінің алғашқы шахтасына кезікті. 60-шы жылдардан бастап орыс көпестері мен кәсіпкерлері қазба байлықтардың кен орындарында өнеркәсіп кәсіпорындарын ашу үшін қазақ жеріне капитал әкелуге кірісті. Ғасырдың 70-80-ші жылдарында өлкеде ауыл шаруашылығы шикізаттарынан май мен ұн шығаратын, тері өңдейтін өнеркәсіп қызу қарқынмен дамыды. Қазақстанның солтүстік-шығыс және шығыс өңірлері өңдеуші кәсіпорындардың орталықтары болды. Ал Орталық Қазақстан мен Ертіс жағалауындағы бірқатар кен орындарын павлодарлық миллионер көпес А. Деровқа жалданып жұмыс істеген қазақ кен іздеушісі әрі маркшейдері Қосым Пішенбаев тапты. Олардың қатарында Екібастұз көмір кені (1867 ж.), Майқайың полиметалл кен орны (1895 ж) бар еді.

Шымкентте 1882 жылы бой көтерген дерменеден алынатын сантонин зауыты елдегі химия өнеркәсібінің алғашқы қарлығашы болды. Ол өзінің өнімдерін Англияға, Америкаға, Германияға, Үндістан мен Жапонияға асырды. Оңтүстік өңірлерде, негізінен, Шымкент пен Түркістанда бірнеше мақта зауыты жұмыс істеді. Верныйда 1875 және 1900 жылдары салынған екі шағын кәсіпорын темекі өнеркәсібін бастап берді. Арал теңізі мен Қарабас көлінде, Павлодарда, батыстағы Басқұншақ көлінде тұз өндіру жүзеге асты. Жайық, Ембі, Ертіс өзендері бассейндерінде, Арал және Каспий теңіздерінде балық шаруашылығы айтарлықтай қарышты қарқынмен дамыды. Балық аулау жұмыстары Зайсан және Балқаш көлдерінде жандана түсті.

Мұның бәріне сол тұста Ресейде қолға алынған реформа нәтижесінде өндірістік күштердің жылдам қарқын ала түсуі ықпал етті. Ал экономикасы жылдам қарқынмен өркендеп келе жатқан империя шикізат мәнбелеріне, арзан жұмыс күші мен өз өнімін өткізу нарығына ділгер болды. Сол қардарлық ресейлік кәсіп иелерінің қазақ жеріне қарай ағылуына жол ашты. Осыған орай аймақтағы табиғи шикізатты тасып алып кетудің барлық қажетті шаралары жасалды. Өлкеде өнеркәсіп өнімдерін шығаратын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар мен фабрикалар салынды. XIX ғасырдың екінші жартысынан шахталар мен кеніштерді орыс көпестері мен кәсіпшілері иемдене бастады. Олар бай кен орындарын су тегін бағаға жаппай сатып алып жатты, алдау және жалған құжаттар жасау арқылы жалға да алды. Айталық, XIX ғасырдың 40-шы жылдары орыстың Н. Ушаков, А. Рязанов деген көпестері қазақтардан Қарағанды көмір кен орындарын арзан бағаға түсірді. Олар бұдан кейін Успен, Жезқазған мен Спасск-Воскресенск мыс кен орындарына да осылай иелік етті. Сосын Ушаков Қарағанды көмір кенішін бар болғаны 255 сомға сатып алды. Сол сияқты Саран шахтасы үшін небәрі – 114 сом, ал Жезқазған мыс кен орны 100 сом төледі.

Ал XX ғасырдың басында өнеркәсіптің басым бөлігі шетелдіктердің қолдарына көшті. Сөйтіп, Спасск-Успен, Атбасар мыс кен орындары, Риддер кеніші, Қарағанды және Екібастұз көмір қыртыстары, бірқатар мұнай кен орындары шетелдік капиталистерге сатылды. «Спасск мыс кен орындары» акционерлік қоғамының акцияларын АҚШ, Англия, Германия, Бельгия кәсіпшілері алды. 1913 жылы Жезқазған мыс кен орны мен Сарысу байыту фабрикасы ағылшын Лесли Уркарт жетекшілік еткен «Спасск акционерлік қоғамы» компаниясының байыту фабрикасына өтті.

Ресей империясының өкілдері келе бастаған кезде мұндағы қазақтар саны едәуір қомақты еді. Оны XIX ғасырдың басында ресейлік мамандар жүргізген зерттеулер де нақтылап береді. Мысалы, Броневский 1830 жылы жазған «Отечественные записки» деген еңбегінде 84 болыстан тұратын Орта жүз қазақтарының 500 мың отбасысында 3 миллионға жуық жан бар екенін атап көрсетті. Капитан И. Андреев «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» деген жазбасында Орта жүзде 176 400 отбасы бар деген тоқтамға келді. А. Левшиннің мәліметі бойынша, XIX ғасырдың 30-шы жылдарында қазақтың үш жүзінде 2,5 миллионнан 3 миллионға дейін адам болған.

Негізі, Ресей статист-ғалымдарының ХІХ ғасыр соңындағы есептері бойынша, қазіргі заманғы Қазақстан мен оған шектесетін бірқатар аудандар территориясында 1830 жылы 1 миллион 51 мың, 1850 жылы 1 миллион 71 мың 500, 1870 жылы 3 миллион 62 мың 400 қазақ тұрған. 1987 жылы Ресей империясында өткен санақ қорытындысы біздің ұлт санының 3 миллион 745 мыңға барғанын айғақтады. Бірақ тағы бірқатар мәнбелер бұл мөлшердің 4 миллионнан асып кететінін жеткізеді. 1917 жылы Қазақстан жеріндегі қазақ саны 4 миллион 980 адамға жетті. Ал КСРО бойынша 5 миллион 480 мың қазақ бар екені белгілі болды. Белгілі тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев сол кезде қазақ санының 6 миллионнан асып кеткенін атап көрсеткен еді.

Елде 1926 жылы өткізілген бірінші халық санағында қазақтар санының 3 миллион 627 мың 600 адамды құрап отырғаны анықталды. Өкінішке қарай, 1937 жылы өткен келесі санақ он жылдың ішінде орын алған ашаршылық пен репрессия салдарынан қазақ жұртының азайып кеткенін байқатты. Онда республикада тұратын 5 миллион 126 мың 676 адамның небәрі 2 миллион 181 мың 520-сы ғана қазақ болып шықты. Осылайша қазақтың саны жалпы халықтың жартысынан да азайып, 42,55 пайызға дейін түсіп кетті.

Осылардың бәріне ой жүгірте келгенде, Сарқытбек және Самат ағаларымның жоғарыда келтірілген болжамдарының шындыққа жанасымды, қисынға қиуалы келетінін аңғаруға болады. Егер шынымен біздің жерімізді отарлау тағдыры Британия империясының еншісіне жазылғанда, біздің өмір сүру салтымыз бен болашағымыз қазіргіден мүлде басқаша қалыптасқандай екен. Сол жағдайда қазақ бүгінде кемі 30 миллионнан асқан, – ал егер өткен ғасыр басында бізден едәуір аз болған өзбек жұртының қазір осы деңгейден де асып түсіп отырғанын ескерсек, тіпті 40 миллионның бедерінен қайтатын, – тәуелсіздігінің туын тіккеніне алпыс жылға жуық уақыт толған дағарадай дәулет болып отыратын еді.

Солай болатынына иланбасқа әддіміз жоқ.

Сонымен, қазаққа кімге бодан болған тиімді еді?

Серік Пірназар

Abai.kz

Abai.kz