Шымкентте ондаған наразы ана «әкім келмесе, орталық көшені жаппақ»

0

Шымкентте 12 наурызда түске қарай отыз шақты көп балалы ана бұрын қала әкімдігінің ғимараты болған, қазір мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ғимаратының алдында жиналды.

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен кездесуді талап етіп тұрған олар «Бір сағаттың ішінде әкім келмесе Тәуке хан көшесін (Шымкенттегі орталық көшелердің бірі — ред) жабамыз!» деді. Наразы арасында баласымен келгендер бар.

Азаттық сөйлескен аналар «әкімдікке қанша келсек те, мәселеміз шешіліп жатқан жоқ» деді. Олар баспана мәселесін шешуді, мүгедек балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді талап етеді.

Әкімдік пен прокуратура аналарға сол маңдағы ғимарат ішіне кіріп сөйлесуге шақырғанымен, наразылар келіскен жоқ.

Азаттық тілшісі айналада полицияның күзетіп жүргенін хабарлады.

Шымкентте көп балалы аналар бұған дейін де бірнеше рет қала әкімінің өздерімен кездесуін талап етіп жиналған.

25 ақпанда Шымкентте қала әкімдігіне ондаған көп балалы ана келіп, қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымовтың шығып, сұрақтарына жауап беруін талап еткен. Бірақ әкім кездесуге шықпаған. Әкімнің кездесуге неге келмегені айтылмаған.

Наразы аналардың бірі «баспана, мүгедек баласы бар көп балалы аналардың жайы сияқты бірнеше мәселені айтпақ едік» деді. Оның айтуынша, 16 ақпанда қала әкімдігінің қызметкерлері көп балалы аналардың арызын қабылдап алғанымен, еш нәтиже болмаған.

Қарай отырыңыз: Көп балалы аналармен кездесуге әкім келмеді

Ал 16 ақпанда 300-ге жуық ана қала әкімімен кездесу үшін жергілікті әкімдік ғимаратына жиналған. Бірақ кездесуге қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келмеген. Оларды қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова және өзге де шенеуніктер қарсы алды. Бірақ жиналған топ бұған наразылық танытып, әкімнің келуін талап етті. Көп балалы аналардың наразылығынан соң түстен кейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аналарды жеке қабылдай бастаған. Бірақ бұл уақытта аналардың көбі шағымдарын жазбаша қалдырып, үйлеріне тарап кеткен еді.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған. Астана және Алматы қаласы әкімінің есеп беру жиынында да көп балалы аналар әлеуметтік мәселені көтерген.

Азаттық