Cаяси бойкүйез жұртты интернет оятты

0

Мұхтар Шахановтың отты жырлары, халыққа қадірлі қос саясаткердің өлімі белсенділігін оята алмаған саяси бойкүйез жұртты интернет оятты. Жасы бар, жасамысы бар қазақ қауымы әлеуметтік желідегі алғашқы қадамын жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кеткен жұлдыздарға “Лайк” басудан бастады. Көп назарына ілінген сәнқой топтың басқан-тұрғанын, “ертегі өмірін” ұзынды күн әңгімеге, қысыр кеңеске арқау етті. Өздерін аспанда жүргендей сезінетін олар да осы қоғамның бір мүшесі емес пе?! Қатардағы пенденің басына түсетін тағдырдан шет қалмады. Атақты продюсер Баян ханым күйеуінен өлімші болып таяқ жеп ауруханаға түсті. Баян оқиғасы қоғамда ерекше дүмпу тудырды. Семьялық зорлық-зомбылықтың шырқау көрінісі ретінде бағаланды. Ел ауанын шоу бизнестен әлеуметтік мәселеге аударды.

Бұрын Билікті сынау, қоғамдық пікір білдіру “Оппозиция” қалпағын киген санаулы адамдардың меншікті шаруасы болса, демократияның жаңаша формасы, еркін пікір алаңы болып табылатын интернет, әлеуметтік желі әркімді “сыншыл реалист” жазушыға, қоғамдық белсендіге айландырды. Еркіндік аясын кеңейтіп, қоғамдық мәселелерге араласуға, билік пен үкіметтің қызметін қадағалауға, бағалауға мүмкіндік берді. Тоқтаусыз ағылған ақпараттар ағыны, өмірден ойып алынған боямасыз көріністер ешкімді де бей жай қалдырмады. Саналарда сілкініс тудырып, қоғамға қалыптасқан дағдылы көзқараспен емес алуан тұрғыда,сыни әрі салыстырмалы позициямен қарауға жетеледі.

Туалеттен табылған шарана мен зорланған баланың тағдыры, мектептердегі топтық төбелес… қоғамның өн бойындағы толып жатқан іріңді жаралар жұрт талқысына түсіп, билік органдарына наразылығын қозғады. Әйгілі спортшы Денис Теннің бұзақылар қолынан мерт болуы, отқа оранған времянкамен бірге өртенген күнәсіз бес сәбидің трагедиясы қоғам алаңын өршіте түсті. Көп балалы аналар үкімет үйінің алдына жиналды. Оларды билікке дат айтуға итермелеген қашқын банкирдың видео уағызы емес, асты-үсті қазынаға толы кең байтақ Отанынан жанға сая баспана таппай сенделген күйкі тірлігі, жаутаңдаған ұрпағының алдындағы шарасыз халі еді.

Түйіндей айтсақ, жалпы қоғам тарихта ұлы қағанаттар құрған бабалар рухы мен болашақтағы бақытты өмірді баяндайтын ұзақ мерзімдік жоспарлардың “тамақ” болмайтынын түсінді. Биліктің қайта ойланатын уақыты пісіп жетілді

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

Abai.kz