Атакент «Нұрлыкент» қаласы болып құрылғаны жөн

0

2018 жылдың 28 желтоқсанда республикалық телеарналар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатын көрсетті.

Осы кездесуде Президентіміз Н.Ә. Назарбаев Өзбекстан халқының саны 33 миллионды құрағанын, бұл – біздің арамыздағы (Орталық Азиядағы) ең ірі мемлекет болып саналатынын, екі ел арасындағы 1 миллиард АҚШ долларына жетпей жүрген сауда-саттығымыз биыл 3 миллиард болатынын, сауда көлемі 42 пайызға артқанын айта келіп, оны біз болашақта 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатын қойып отырғанымызға ерекше тоқталды.

Осы жөнінде ой бөлісе отырып, Елбасымыз Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қорғас» атты үлкен кешен салынып жатқанын, сондай кешен Өзбекстан мен Қазақстан арасында да жаңа қала пайда болуы мүмкін екенін жеткізді.

Біздіңше, Елбасымыз айтқан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы осынау жаңа қала Мырзашөлдегі Атакент кентінің негізінде Нұрлыкент қаласы болып құрылғаны жөн.

Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Мырзашөл өңіріндегі Атакент кентінде (1998 жылғы 11 тамызға дейін Ильич поселкесі деп аталып келді) – 18 мыңнан астам халық тұрады.

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 450 шақырымға жуық қашықтықта жатқан Мақтаарал ауданындағы Атакент кенті Қазақстанның ең қиыр оңтүстігінде, Өзбекстанмен тікелей шекаралас орналасқан, сондай-ақ Тәжікстан, ары қарай Ауғанстанның аумақтары да алыс емес, тіпті тиіп тұр деуге болады.

Бұған қоса Атакент кенті еліміздің Өзбекстанмен сауда-саттық және өзге де экономикалық және әлеуметтік, саяси қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға өте қолайлы тұсында, тоғыз жолдың торабында орналасқан.

Мырзашөлдегі Атакент кентінен Өзбекстанның Сырдария қаласына, ары қарай Ташкент қаласына жету оп-оңай, оған қоса Өзбекстанның басқа өңірлеріне де Атакент арқылы бару барынша қолайлы.

Сондай-ақ Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі «Мақта шаруашылығы тарихы музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына республикалық мәртебе беріліп, жаңа және кең ғимаратқа көшірілсе, мәдени мұрамыз ретінде осы өңірге туристерді тартуға да жол ашылар еді.

Мырзашөл өңірі халқының игілігі мен жастардың болашағы үшін Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінің негізінде құрылатын облыстық маңызы бар Нұрлыкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебін және арнайы мемлекеттік университет ашқан жөн.

Ойымызды қысқаша түйіндесек, біздіңше, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алдағы уақытта салынатын жаңа қала қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінің негізінде, Елбасымыздың халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы ерен еңбегінің құрметіне НҰРЛЫКЕНТ ҚАЛАСЫ болып құрылғаны дұрыс болар еді.

Келешекте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алтын көпірге айналатын Нұрлыкент қаласы қазіргі Атакент кентінің негізінде салынса, мұнда жаңа индустриялық өнеркәсіптік, өндірістік жұмыс орындары ашылып, осынау жаңа шаһар арқылы Түркістан облысының құрылуына байланысты облыстың қазіргі әкімшілік орталығынан 500 шақырымдай түкпірде қалып қойған Мырзашөл-Шардара өңірлеріндегі 500 мың халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік ахуалының жақсара түсуіне барынша қолайлы жағдай туып, Нұрлыкент қаласы Мырзашөлдің экономикалық, рухани және мәдени орталығына айналар еді.

Мырзантай Қожабайұлы Жақып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры

Abai.kz

 

 

 

 

Дереккөз: https://abai.kz/