Арша бесіктің құдіреті
Қоғамнан басқаша ойлайтын қаламгерлерге (Александр Солженицын, Иосиф Бродский қатарлылар) саяси баспана, әлемдік ең үлкен әдеби марапат Нобель сыйлығын ұсынып, “ағалық” қамқорлық танытқан батыс билігі Горбачевтың қайта құруынан кейін кәдеге жарар мәдени көзірлерін қызыл империяның жүрегіне жіберуге мүмкіндік алды. Тамыз төңкерісінің қарсаңында Американың әйгілі рок тобы «Металлика» Мәскеуде ашық алаңда сан түмен адамның алдында өнер көрсетті. Топ мүшелерінің шаш-киім үлгісімен сахнадағы қимыл қозғалысынан әндерінің екпінінен батыстық еркіндіктің лебі есіп тұрды. Әсіресе топ әншісі Джеймс Хэтфилдтің әлсін әлі көрермендерге қарап тост көтеріп, құрғаған тамағын сырамен жібітуі кеңестік үлкен семьяда жағымды кейіпкер болудан шаршаған жаңа буынның ерекше қошаметіне ие болды.
Көп өтпей алып империя құлады. Идеялогиялық теке-тіресте қызыл империя жеңіліс тапты. Металлика “Кеңес одағын құлатты” — деген әзіл шыны аралас аңыз әңгіме тарады. Шетелде атақ абыройға кенеліп, ахуалды сырттай бақылаған дессидент жазушыларға қарағанда ұлттық жазушыларға ерекше жауапкершілік, ауыр міндет жүктелді. Кеңестік жүйенің құлауы отар республикаларға тарихи мүмкіндік тәуелсіздік сыйлағанымен, екі тізгін бір шылбырды қолға алған жаңа да жас мемлекеттер қарама-қайшы құндылықтар қақтығысының қазанында қайнады. Ұлттық мемлекет құру талпынысы ескі жүйеге тән қасаң көзқарастар мен батыстық құндылықтардың талауына түсті.
Осындай сын сағатта сергек ойлы сөз дарыған ел арыстары суырылып алға шықты. Олырдың бірі де бірегейі әйгілі Шерхан Мұртаза еді. Ілгеріде халқымызға өлшеусіз қайғы әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың қасыретін қаузаса, жылымық шақта ұлтымыз өміріндегі ең бір нәубет кезең ашаршылық пен Сталиндік репрессияның құясын ақтарды. Батыл қадамы арқылы қоғамда ағартушылық рөл атқарды. Бақ басшысынан халық қалаулысына, «Ұлтшылдардың ұлтшылына» айналды. Тәуелсіздігіміз орныққан кезде аға буын жазушыларда мемуарлық шығарма – эссе роман жазу белең алды. Қаламы мен қарымы өзгеден бөлек Шерағаң тағы да тыңнан түрен салды. Әріптестерін қайталамады. Фәлсапалық ойлар жинақталған «Бір кем дүниесін» жазды. Бұл шығарма абыз атамыздың күреске толы өмірінің ұзын сонар баяны емес, өмір кезеңдеріндегі көңіл ауаны, жүрек бұлқынысы, тарих пен бүгінді бағамдаған терең толғаныстары еді. Туындының басты ерекшелігі жинақылығында.тартысты тағдырды тарыдай деталдар арқылы бере білуінде еді.
«Арша бесік» деген бір үзігінде жетімдіктен ұлт арысына көтерілген өз өмірін қазақы бесіктің киесімен байланыстырады. Анасы шампан ішуге құмар болған америкалық биші Айсерода Дунканның “Мен билеуді анамның құрсағында жатқанда үйрендім” — деген сөзін мысал етіп, батыстық тәрбие мен ұлттық тәрбиені салыстырып, әрі қарай қазақи құндылықтың сырын аша түседі: «Мұқаң айтқан “Бесігіңді түзе” — деген сөзде терең мағына бар. Соның бірі бесік ағашының таза, сапалы болуы. Ал сапалы бесік арша ағашынан жасалған бесік.
Арша аса қасиетті ағаш. Қасиетті болатыны оған анау-мынау ауру-сырқау жоламайды, түрлі микробтарды, құбыжықтарды өлтіретін күші бар. Арша бесікке қызамық, қара шешек, сияқты бәлелі аурулар дарымайды.
Мен туған жылы сәбилер қара шешектен қынадай қырылды. Бұған алдымен Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” — деген сұрқия саясаты себеп болды.
Алланың құдіреті екен, жарық дүниеде тататын дәм тұзым бар екен, сол қырғыннан мен аман қалыппын.
Кім біледі мені ажалдан арашалап қалған арша бесік шығар».
Соңында өзінің ұлттық арман-мұратын былай жеткізеді: «Шамаң жетсе арша бесік тап; аршаны көп өсір, тұқымын құрта берме; арша бесікке құт құйылады.
Шіркін сол арша бесікке бөленетін нәресте көп болса, ғой!».
Соңғы кезде жалпы қазақ руханияты философиялық ұстанымын білдіргенде көнекөз қариялар аса бір һирағатымен айтатын “Жалған” және “Арман” деген ескі екі сөзді місе тұтып келген еді. Шерағаң оған “Бір кем дүние” деген қарымды тіркесті қосты. Бақилық болған абызды еске алғанда біз де осы сөзді қайталауға мәжбүрміз. Сөз сардарының тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, рухани діңгегінің мығым болуына қосқан қажыр-қайраты, адал еңбегі ұмытылмақ емес.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/