Әліппенің аты ғана емес, заты да өзгеруі керек
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова экс-министр Сағадиевтің қателігін түзеп, келесі оқу жылынан бастап «Әліппе» оқулығын қайта айналымға енгізетінін мәлімдеді. Біз Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың бұл бастамасына қатысты мамандар пікірін білген едік.
Аягүл Миразова, ұстаз: «Әліппе» — баланың ең әуелі қазақ тілін меңгеруіне ықпал етсе дейміз
— “Әліппенің” мектеп бағдарламасына қайта енуі — үлкен жақсылық. Өйткені, “Әліппеміздің” орны өте ерекше екенін бүкіл халық біледі. Енді бір ғана тілек — оның аты ғана өзгеріп, заты өзгермей қалмаса екен. Яғни, “Әліппенің” мазмұны мен мағынасы да сол қалпын сақтау керек.
Бізге шын мәнінде, оқыту әдіс-тәсілін әрине жаңарту керек, жақсарту керек. Ал, бірақ, оқулықтың мазмұны, оның құндылығы, балаға беретін ұлттық тәлім – тәрбиесі сақталу керек. Елбасымыз ұлттық код деді ғой. Ең әуелі сол ұлттық код сақталу керек деп ойлаймын.
Ал, “Сауат ашу” арқылы баланың білімі бұрынғы “Әліппеге” қарағанда ерекше болып кетті дегенді айта алмаймын. Керісінше көптеген қиындықтар туғызды. Өйткені ол — Кембридж университетінің бағдарламасына негізделіп жасалған ғой. Сондықтан, жаңа айтқанымдай оның тек аты ғана емес, мазмұны да, қойылатын талабы да бұрынғыдай сақталу керек.
Тағы бір айтарым – осы бағдарлама арқылы ағылшын, орыс тілдері бірінші сыныптан бастап енді. Сол да кейінге шегерілсе деген ұсынысым бар… Өйткені бала өз ана тілімізді меңгермей жатыр. Әсіресе, үлкен қаладағы балалар қазақ тілін біледі деп айту өте қиын. Себебі, шүлдірлеп екі-үш сөз айтқанмен, сөздің мағынасын, мәнін түсінбейді. Демек, ол – қазақ тілін біледі деген сөз емес қой. Қазір басқа тілдерді білу ешқандай да қиындық туғызбайды. Сондықтан, біз ең бірінші өз тілімізді әдемі ұғындырып алсақ тамаша болар еді. Ең әуелі бір дүниені тиянақты меңгеріп алу керек қой. Және, біз басқа халықтардың өз тілін қалай құрметтейтінін білеміз, бірақ, біз ол дәрежеге әлі жеткен жоқпыз. Оған қадамды “Әліппеден” бастап, содан соң ғана келесі тілдерді оқысақ та ешкімнен қалыс қалмаймыз.
Сондықтан, “Әліппенің” қайта оралғанына қуаныштымын. Күләш Ноғатайқызының елді қуантқан бұл бастамасы ұзағынан болсын деп тілеймін!
Аятжан Ахметжанұлы, ұстаз: “Әліппе” — қазақ үшін қасиетті кітап»
— «Әліппенің» аты орала ма, әлде, мазмұны орала ма? Мен үшін сол маңызды. Егер “Сауат ашудың” сыртындағы сөзді “Әліппе” деп өзгерте салса, ол оралу емес. Егер, “Әліппе” шын мәнінде бірінші сыныпқа тек қана қазақ тілінде оқытылатын болса, қосамжар біреулердің әліппесі кірмейтін болса, яғни, біреулердің тілі — оның ішінде халықаралық тіл бар, көршінің тілі бар. Ондай жағдайда мен қос қолымды көтеріп қолдаймын. Қуана қарсы аламын. Ал, жай сыртқы пиар үшін “Сауат ашудың” сыртын өзгерте салса, ол өте нашар қадам болады. Бұл қасқырға қой терісін жаптыру.
Жалпы, “Әліппеге” қазақ қоғамы неге шулады? Өйткені ол — Алаштан келе жатқан идеологиялық құрал еді. Қазақтың ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған баласы әріппен “Әліппе” арқылы танысып, “Әліппемен” қоштасып, кәдімгідей ана тіліне, қазақ әліпбиіне деген сүйіспеншілігін оятқан, қазақ үшін қасиетті кітап болды. Дәл осы қасиетті кітаптың атауы мектептен жоғалып кеткені әрине қынжылтты. Ал, “Сауат ашу” — баланың біліміне бәлендей әсер етті деп айта алмаймын.
Жалпы, маған кітаптың аты өзгергені емес, оқу бағдарламасына сәл-сәл өзгеріс жасалғаны керек. Кеше Президент: “Сендер ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздарды үш айда дайындап шығара алмайсыңдар” деді. Біз бұл сөзді үш-төрт жылдан бері қайталап жүрміз. Бірақ, Президент мұғалімдер дайын емес екенін айтқаннан кейін дайындық курстары кейінге қалдырылды. Ал, курс кейінге қалдырылғаннан кейін бұл бағдарламаға міндетті түрде өзгеріс енгізілуі керек. Ал, өзгеріс енгізіледі екен, біздің бала ең болмағанда бірінші сыныпта бір тілде ғана оқу керек. Баланың негізі таза қазақ тілінде қалыптасуы керек. Одан кейін ағылшын қоссын, орыс тілін қоссын қарсы емеспін. Ал, түпкі негізі бір тілде қалыптаспаған баланың тілі шұбар ала болады.
Сондықтан, “Әліппенің” оралуы — осы айтылған мәселелерді шеше алуы керек. Олай болмаса, бұл да кезекті популизм болып қалуы мүмкін. Ал, жаңа “Әліппе ” баланың қазақ тілін қалыптастыруына шынайы жанашырлықпен келсе, мен бұл ұсынысты қос қолымды көтеріп қолдаймын.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz