Әлемдік Қаламгерлер қоғамдастығыны құруға шақырамын
Қазақстанның мәдениет және әдебиет форумы 4-7 желтоқсан күндері Нью-Йорк қаласында болып өтті. Форум «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» деп аталады.
Қазіргі уақытта аталмыш форумдар Сеул, Лондон және Берлин қалаларында өткізілген болатын. Айта кетейік, іс-шаралар аясында әдебиет пен мәдени алмасу және ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну мәселелері негізге алынды. Мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру жөнінде әңгімелер де қозғалды.
Форумның мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы болып табылады.
АҚШ-та өткен форумға ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат ордені»нің иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев, жазушы, сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы, журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, белгілі тележүргізуші Майя Бекбаева және т.б. қатысты.
Нұртөре Жүсіп,
«Айқын» газетінің бас редакторы:
– Мемлекеттің медиа-образы негізінен мемлекеттің өмірінің әлеуметтік-мәдениет саласындағы оқиғалардың көнрінісі арқылы қалыптасады, себебі бұл ақпарат аса қажет. Адамдардың жапай сана-сезімінде қалыптасқан ақпараттар мен коммуникациялар арқылы қалыптастыру бізге өз коммунистік ақпараттық сипаты бар мемлекеттің белгілі бір имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шетелдегі мемлекеттің мүдделері көптеген факторлардың әсерінен қоғамдық санада қалыптасқан ұғымдармен тығыз байланысты. Қазіргі жағдайда бұл саяси, экономикалық процестерге әсер ететін ақпараттық сала.
Дәурен Қуат,
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:
– Әйтсе де, қазақ әдебиетінің ерекшелігі қандай деген сұраққа жауап бере кеткенді жөн көремін. Қазақ әдебиеті, бұл – жанның әдебиеті. Қазақ қаламгерлері адам жанына терең үңіліп жазады. Адамның жан дүниесіндегі қайшылықтар, күйзелістер, үнсіздіктер мен ішкі диалогтар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан тұрақты көрініс тауып жатады. Қазақ қаламгерлері символдарды сөйлетуге шебер. Табиғат көріністерін өте әсерлі етіп жазады. Салт дәстүр мен ырымдар, әфсана аңыздарды да шығармаларына арқау етіп келеді. Бұл ретте мен қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек Аймауытовты, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Маилин, Ғабит Мүсіреповтерді атай аламын.
Оңайгүл Тұржан,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия ұлттық университетінің доценті:
– Қазір күллі әлемді саясат жаңғыз өзі билей бастады. Олай болуға тиіс емес. Әлемдік қоғамдастық саясаттың ғана жемісі болуға тиіс емес. Көркем әдебиет саясаттың астында қалып қоймауы керек. Адам баласы көне замандарда әдебиетті ойлап тапқанда, оны бір-бірімен қарым-қатынас орнату құралы ретінде ойлап тапқаны анық. Демек, қазіргі саясатқа көркем әдебиет араласпаса, әлем халықтары бір-бірімен жауласуын қоймайды. Ел мен елді достастыратын бірден бір мүмкіндік әдебиетте. Сондықтан бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, алдымен Қазақстан мен Америка қаламгерлерінің қоғамдастығын құрып, кейін оған басқа елдер қаламгерлерін де тартып, Әлемдік Қаламгерле қоғамдастығыны құруға шақырамын.
Қазыбек ИСА,
ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты,
– Елбасының елге серпін бергенРухани Тәуелсіздік бағдарламасы – ел рухын көтерген ерекше құбылыс!
«Нар жолында жүк қалмас» деген қазақтың даналық сөзінің туралығын айқындайтын бұл тұғырлы тұжырымдама бойына бұла күш бітірген ұлтымыз лезде жалы көтеріліп, жалындап шыға келді!
Мыңдаған жыл тарихы бар Ұлы Дала еліндегі Елбасымыз бастаған Ұлттық Рухани жаңғыру майданында Елдің ертеңі жарқын болып, еңсесі биіктей беретініне сенеміз!
Марат Тоқашбаев,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты:
– Қазақстан үшін Батыс әдебиеті мен мәдениетінің де ықпалы айтарлықтай. Қуаныштысы Батыс мәдениетін бұрынғы кеңес кезіндегідей сол қалпы қабылдай бермей сүзгіден өткізіп қабылдау байқалады. Яғни ұлттық, отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, неғұрлым прогрессивті үлгілер ғана қолданысқа өтуде.
Қорыта айтқанда, Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің форумының арқасында халықаралық деңгейдегі бірқатар жобалар қолға алынатын болады. Бұл бір жағынан халықтарды өркениет бағытында дамытуға септігін тигізсе, екінші жағынан халықтар арқылы мемлекеттердің қалыптасуына да ықпал етеді.
Айта кетейік, атлмыш іс-шара Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өткізілді. Сондай-ақ, Форум аясында Қазақстандық авторларының кітаптарының тұсаукесері мен «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» атты фотокөрменің таныстырылымы болып өтті.
Әсем Сағиқызы,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз хатшысы
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/