Ахаң салған сара жолды қайта айналып табуымыз керек
Мені аққудай дәріпте,
Мені оқып, ер жеткен,
Бауыржан да, Мәлік те,
Өсті міне, бойларың,
Өсті міне, ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсың тойларың!
Осы өлеңдегі «өсті міне ойларың» деп балаға емес, шенділерге айтылып тұрғандай…
Иә, әліппе қайтып оралатын болды. Оны жаңа министр айтты. Енді уәдесінде тұрса жарар еді…
Әліппе жөнінен бізге өзге жұрт үлгі емес. Өйткені біздің әліппенің ұлы реформатор, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатын өз тарихы бар. Ақаң бүй дейді: «Біздің 10-ныншы жылдары шығарып ескі қоймаға тастаған нәрселерімізді кейбіреулер 26-ншы жылдарға дейін тұтынып келіп отырып, соны өзгерту ниетке жаңа ғана кіргенін өздерінше бір артықша жаңашылдық деп біліп, өздерін әлдеқандай өзгерісшіл көріп жүр екен. Тариқ жүйелі араб емлесінің тас-талқанын шығарып бұзып-жарып, араб қарпымен-ақ дыбыс жүйелі қазақ емлесін жасап алғанымыздан қабарсыз екен».
Мұны Ақаң 1926 жылғы Бакудегі жиыннан кейін айтқан еді және өзі айтқандай қазақтың дыбыс жүйесін тәртіптеген алғашқы кітабын Орынборда 1912 жылы шығарып еді. Бұл әліппелер толықтырылып, түзетіліп өзі айдалып кеткен 30-жылдарға дейін Орынборда, Ташкентте, Қызылордада 10 шақты рет қайта-қайта басылып тұрды. Ақаң қазақтың өз дыбыстарына ғана таңба арнап, төл әліппе жасаған. Онымен сауат ашу өте оңай болды. Кез келген бала бір айда әріптерді қосып, буындап, жүгіртіп оқып кете беретін болған. Халық бұрынғыдай құран жаттауға байланбай дыбыс жүйелі әдіспен жылдам және жаппай сауаттана бастады. Мұндай әдістемелік жағынан жетілген, ғылыми тұрғыдан өзгелерден озық әліппе жасауға жиырмасыншы ғасырға дейін жазуға байланбай еркін дамыған тіліміздің дыбыстық жүйесінің де оң әсері болды.
Отызыншы жылдардан кейінгі ғылымда, әсіресе қоғамдық ғылымдарда идеология, саясат басым болғаны қазір бәрімізге мәлім. Ақаңнан кейін бүгінгі «Сауат ашуды» қосқанда қырық түрлі әліппе жазылды. Бірақ төл дыбыстарға негізделіп қасына мұғалімдерге арналған «Баяншысы» бар, ол аз десеңіз сөйлеу, оқу, жазуды ұштастырған «Тіл жұмсары» тағы бар кешенді дүние жасалған емес.
Бірде Сауат ашудың авторларының біріне кездесіп қалып (аты-жөні маңызды емес): «Ақаң бір айда танытқанда, сендер сауат ашуды неге сегіз айға создыңдар?» – деп едім.
– Ақаңдікі дұрыс емес. Ол кісі А әрпімен бірге Р, З, Л әріптерін танытуды қатар бастайды. Кей балалардың бірінші сыныпта әлі Р-ға тілі келмейді, – деген негізсіз уәж айтты.
Біз 2014-2017 жылдары Ғылым комитетінің тапсырысымен монотілді бала тілінің қалыптасып, жетілуін лингвистикалық тұрғыдан шамамыз келгенше зерттедік. Байқағанымыз дәл қазір Р дыбысынан гөрі Ң-ды айта алмайтын бала көбейіп келеді екен. Ал балалардың Р-ды үш жастан бастап айта бастайтыны белгілі болды. Иә, бұл баланың әркелкі дамуына байланысты 5-6 жасқа шейін созылады да, бастауышқа келгенде бұл жоққа тән болады. Бір қызығы, екіге жақындаған баланың сөздік қорында 100-ден аса сөз болады екен. Оның 95% зат есімдер. Содан біртіндеп етістіктер мен сын есімдер қосылып күн санап, ай санап есту арқылы жадына жазылып баланың сөздік қоры еселеніп, мектепке келгенде 5000 сөзден асады екен. Ал қара танытуға байланған әліппеде мұншама сөз болмайды. Бастауыш мектептің басында бала жазуға байланып, тілінің дамуы шектеліп қалады. Сондықтан бірінші сыныпта тыңдалым арқылы жүргізілетін «Сөз өнері» деген тіл дамыту пәні енгізіліп, қатар жүруі керек.
Қазіргі қолданыстағы «Сауат ашу» бойынша әріпті тану міне, наурызда енді аяқталды. Бұл мүлдем дұрыс емес. Авторлар Сауат ашу, Жазу және Тіл дамытуды бір жерге қосып былықтырып отыр. Әліппенің мақсаты қара таныту. Қазақ тілінің әбден жетілген дыбыстық жүйесі бұл мақсатқа бір-ақ айда жеткізетіні белгілі. Ал өзге тілдерде, мәселен, ағылшын тілінде хат тануға уақыт көп кетеді. Әр дауысты дыбысы (алты дыбыс) төрт позицияда төрт түрлі дыбысталады. Яғни алты дыбысты жиырма төрт түрлі оқу керек екенін балаға білдіріп болғанша ешкінің құйрығы аспанға жетеді. Бізде А қай жерде, сөздің қай буынында кездессе де А күйінде қала береді. Сондықтан өзгеден импортталған жаңартылған бағдарламаның басқа пәндерді оқытуға оң әсері бар шығар, оны да әлі уақыт көрсетер. Ал әліппе жөнінен бізге өзге жұрт үлгі емес. Сондықтан еш айтары жоқ, тек көшіруді ғана білетіндердің жолын жабуымыз керек. Ахаң салған сара жолды қайта айналып табуымыз керек.
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz