Раушан Оңқонысқызы: Ұлытау облысына қатысты территориялық бөліністі Мемлекеттік комиссия жан-жақты қарау керек еді
«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы 16 наурызда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екендігін айтып, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болатындығы туралы қуанышты хабарды жеткізген болатын. Бұл аймақта дербес облыстың құрылуы экономикалық қана емес рухани жағынан да маңызды шешім екендігін атап өтті. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы алар орны ерекше.
25 жылдан кейін қайтадан облыс мәртебесіне ие болған Ұлытау-Жезқазған өңірінің тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қарсы алды.
Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өндірісті қала Жезқазғанның да, Ұлытау ауданының да өңі кетіп, өзегі тала бастап еді. Енді бұл аймақ қайта түлеу кезеңін бастайды. Шалғайдағы аймақты өркендетіп, дамытудың зор мүмкіндігі пайда болды.
Президентіміз атап өткендей, Ұлытау облысын бұрынғы Жезқазған облысына қарасты әкімшілік-территориялық жер аумағында құру қажет. Енді барлығымыз әр жаққа тартпай, алып-қашпа сөзге ермей осы бағытта қызмет атқарып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауымыз қажет.
Мемлекет басшысының көрегенді шешімі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.
Болашақта өлкеміз экономикалық жағынан да, рухани жағынан да өркендеп дамып, алдыңғы қатарлы облыстардың қатарында болатынына сенемін.
Мен мәслихат депутаты, әрі осы жердің тұрғыны ретінде өзіндік позициямды әлеуметтік желіде де Дидар арнасына берген сұхбатымда айттым. Президент атап өткендей Ұлытау облысын бұрынғы Жезқазған облысына қарасты әкімшілік-территориялық жер аумағында құру қажет еді. Бізді неге үнсіз отыр демеңіздер. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің кебі болып отырмыз.
Облыстық мәслихат көп аумақты, оның ішінде Балқаш, Ақтоғай, Ақадыр, Приозёрск жерлерін Қарағанды аумағында қалдырыпты. Оларды да түсінуге болады, сол елді-мекеннің тұрғындары «бізге Жезқазған шалғай жер болғандықтан, барып-келуіміз қиындық тудырады» деген мәселемен қол жинап, петиция жариялады. Сондықтан облыстық мәслихат халықтың талап-тілектерін ескерді. Шынымен де екі аудан, үш қаламен бір облысты құру дұрыс емес. Осы жөнінде облыстық мәслихаттың бір депутаты және айтыскер ақын Қуаныш Мақсұт «Сүйінші, біз Қарағанды облысында қалдық!» деп әлеуметтік желіде жар салған соң, халықтың ашу-ызасы келді.
Менің ойымша, территориялық бөліністі Мемлекеттік комиссия жан-жақты қарап, шешім қабылдап, Президентке ұсыну керек еді. Соңғы шешімді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қабылдауы керек еді.
Мемлекет басшысы парасат пайымы мол жан ғой, дұрыс шешімін шығарар деген ойдамын.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы, мәслихат депутаты Қапарова Раушан Оңқонысқызы