Облыс әкімі шошқа шаруашылығы туралы: Ауызбіршілік танытайық, тексеру нәтижесін күтейік
Ақтөбе облысында шошқа шаруашылығының жабылуын талап етіп, наразылыққа шыққан жүзден аса тұрғындарды Ақтөбе облысының әкімі сабырға шақырды. Енді шаруашылықтың жұмысын тиісті органдар тексермек, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
«Бестамақта болған жағдайға байланысты барлық құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма бердім. Қазір осыған байланысты арнайы комиссия құрылды. Жағдайды жіті тексеретін болады. Комиссия тексерісті аяқтаған соң барлық жағдай ашық баяндалады. Арандатушыларға жол бергізбейміз. Біздің басты жетістігіміз-береке мен бірлік, тыныштық. Ауызбіршілік танытайық, әбден істің байыбына барып сабыр сақтап, құзырлы органдардың тексеру нәтижесін күтейік», — деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook парақшасында.
Ақтөбелік белсенділер бірнеше күннен бері Бестамақ ауылының мәселесін көтеріп, жүзден аса адам наразылыққа да шықты. Нәтижесінде жергілікті билік экология департаменті, ветеринария инспекциясы және жер инспекциясынан құрылған комиссия құрамына белсенді топтың 10 мүшесін де қосты.