Алтынбек Сәрсенбайұлы өлген жоқ, аты да өшпейді!

0
357

Ұлтын сүйген, халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтар басқалардан биік тұрады. Өйткені елдің қамын жегендер мен жұрттың нанын жегендердің арасы – әманда алшақ. Алтекең көзі тірісінде де ел тізгінінен айрылғысы келмеген жемір мен оның айналасындағы тобырдан еңселі-тін. Уақыт өткен сайын биіктеп, аспандап бара жатыр деп жазады танымал журналист Сансызбай НҰРБАБА.

Енді міне, Алтынбек Сәрсенбайұлының атында шың бар. Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының тұрғындары Лабасы тауының атауын өзгерту туралы ұсыныс-талаптарын көптен бері айтып келеді. Себебі Лабасы атауы жоңғар-ойраттардан қалған.

Көптің қалауы – қалмақша тау атауын қазақшалап, ұлт мүддесі жолындағы күресте қастандықтың құрбаны болған Алтынбектің есімімен атау. Осы мақсатта ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары таудың ең биік нүктесіне (3488 метр) көтеріліп, «Алтынбек шыңы» деген белгі орнатыпты. Бұл шара Алтекеңнің туған күніне орайластырылған екен.

Жатқан жерің жайлы болсын, Алаштың аймаңдай ұлы! Расында, сен биіксің! Өйткені халқыңа биіктен қарадың! Ал саған қастық қылғандардың деңгейі – ойпаң. Олар ойраттан қалған атаудай тез ұмытылады…