Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың жеті қыры |

0

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.

Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады.
Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.
Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.
Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.
Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлес­тіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.
Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.
Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Тіпті, қазақтың кейбір ру-тай­па­ларының атаулары «қазақ» этно­ни­мінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.
Сонымен бірге, ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн.
Бұл – түрлі этностардың көптеген көр­некті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.
Бүгінде төл тарихымызға оң көз­қарас керек. Бірақ, қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажыра­май­тын ұғымдар. Бұлар өзара бір­лес­кенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталан­бас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқи­ға­лар, сұрапыл соғыстар мен қақ­ты­ғыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіп­ті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмыту­ға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ау­қымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.
Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымыз­ды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми дерек­терге сүйене отырып, жаһан­дық тарихтағы өз рөлімізді байып­пен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ

Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйым­дар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен ет­кен ежелгі адамдар талай тех­никалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақ­тардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың бе­талы­сын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.
1. Атқа міну мәдениеті
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұ­мыс­тары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие бол­ды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қа­лады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер им­перия­лары тарих сахнасына шық­қан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауын­гер­дің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қа­тар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпен­ді­лер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күші­мен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жү­зін­де салт аттылар үстемдік құр­ған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.
Біз әлемнің барлық түкпіріне еж­ел­гі қазақ жерінен тараған осы­нау ұлы технологиялық революция­ның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауын­гер­дің ықшам киім үлгісін дүниеге әкел­ді. Ат үстінде жүргенде ыңғай­лы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шал­бар­дың алғашқы нұсқасы пайда болды.
Бұл салт атты адамдардың ат құ­лағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік бер­ді. Дала тұрғындары теріден, киіз­ден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қа­зір­гі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар, бүгінгі етіктер­дің барлық түрі көшпенділер атқа мін­­генде киген жұмсақ өкшелі сап­та­­ма етіктің «мұрагерлері» екені бел­гілі.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне не­ғұр­­лым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тап­ты. Бұл жаңалық салт атты адам­ның ат үстінде қаққан қазықтай мы­ғым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қар­уын еш қиындықсыз және неғұр­лым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күр­делі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, ме­тал­мен ұшталған жебе берен сауыт­ты тесіп өтетін көбебұзарға айнал­ды.
Қазақстан аумағында өмір сүр­ген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әс­кер­дің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгер­лік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуы­на ықпал етті.
2. Ұлы даладағы ежелгі металлур­гия
Металл өндірудің амал-тәсіл­дерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан-алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
Ата-бабаларымыз жаңа, неғұр­лым берік металдар өндіру ісін дамы­тып, олардың жедел техноло­гия­лық ілгерілеуіне жол ашты. Қаз­ба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйым­дары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осы­ның бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті техноло­гиялық тұрғыдан қаншалықты қар­қынды дамығанын көрсетеді.
3. Аң стилі
Біздің ата-бабаларымыз қорша­ған ортамен етене өмір сүріп, өзде­рін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтар­дың дүниетанымы мен құндылықта­рын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мә­дениеті болды.
Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен ру­хани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері». Жануар­лар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланы­сының символына баланып, көш­пен­ділердің рухани бағдарын айқын­дап отырған.
Олар жыртқыштардың, негізі­нен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.
Бұл ретте, аң стилі бабалары­мыз­дың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқыма­лар жасаудың және құймалар құю­дың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.
Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.
4. Алтын адам
Біздің түп-тамырымызға жаңа­ша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация са­н­ал­ған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанха­мон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің ба­баларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыра­тын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техника­сын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстети­ка­сын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.
Дала халқы өз көсемдерін осы­лай­ша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көте­ріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежел­гі бабаларымыздың зияткерлік дәс­түрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.
5. Түркі әлемінің бесігі
Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осы­нау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.
Тарих пен география түркі мем­лекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасыр­дағы Қазақстанның экономи­калық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.
Орасан зор кеңістікті игере біл­ген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өрке­ниет­тің өзіндік өрнегін қалыптас­тырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшыл­дары­ның бірі – Әбу Насыр әл-Фа­рабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбас­шыларының бірі Қожа Ахмет Яс­сауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.
6. Ұлы Жібек жолы
Еліміздің географиялық тұрғы­дан ұтымды, яғни Еуразия құрлы­ғы­ның кіндігінде орналасуы ежел­ден әртүрлі мемлекеттер мен өр­ке­н­иет­тер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасын­дағы сауда және мәдениет сала­сын­дағы байланыстардың транс­континентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.
Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.
Керуен жолдарын мінсіз ұйым­дастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шы­ғыс және славян өркениеттерін байланыстырды.
Алғаш пайда болған сәттен бас­тап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еу­ра­зияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін ти­гізді.
7. Қазақстан – алма мен қыз­ғалдақтың отаны
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлел­денген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жа­рып, жер жүзіне таралған. Қазақ­-
с­тан қазір де әлемдегі алма атаулы­ның арғы атасы – Сиверс ал­ма­сы­­ның отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейін­нен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тари­хының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.
Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге де­-
й­ін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғал­дақтарын бастапқы күйінде кездес­тіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань таула­рының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қа­зақ топырағындағы осынау қара­пайым, сондай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
Бүгінде жер жүзінде қызғалдақ­тың 3 мыңнан астам түрі бар, олар­дың басым көпшілігі – біздің дала қыз­ғал­дағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.

ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ, біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіз­деріне тікелей қатысты.
Бұл жұмысты бірнеше ірі жо­балар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.
1. Архив – 2025
Тәуелсіздік жылдарында халқы­мыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына кел­тіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырыл­ды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөнін­дегі көптеген деректі құжат­тар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл ар­хивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.
Сондықтан, ежелгі дәуірден қа­зіргі заманға дейінгі кезеңді қамти­тын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын.
Бұл жобаны жүзеге асыру бары­сында тарихшылардан, дерек­танушылар мен мәдениет­тану­шы­лардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архив­термен өзара жүйелі әрі ұзақ мер­зімді ықпалдастықта бо­лып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.
Қай жағынан болсын, бұл маңыз­­ды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық ту­ризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерт­теушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.
Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан, мек­тептер мен барлық өңірлердегі өлке­тану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.
2. Ұлы даланың ұлы есімдері
Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.
Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұл­ғалар бүгінде «өз мемлекеттері­нің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халы­қ­а­ралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.
Ұлы дала әл-Фараби мен Иас­сауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуы­мыз керек.
Екіншіден, мақсатты мемле­кет­тік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.
Сондай-ақ, бұл жерде класси­калық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік ше­берлер мен шығармашылық ұжым­дарды да тартқан жөн.
Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғы­лыми-көпшілік серияларды шыға­рып, тарату жұмыстарын жүйе­лендіру және жандандыру қажет.
Бұл бағытта қазақстандық ға­лым­дармен қатар шетелдік ма­мандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһарман­дарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ, шетелдегілер де білетін болады.
3. Түркі әлемінің генезисі
Қазақстан – күллі түркі халық­тарының қасиетті «Қара шаңыра­ғы». Бүгінгі қазақтың сайын дала­сынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.
Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүр­лі елдер музейлерінің экспозиция­ларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модера­тор­лығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды.
Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды да­мыту барысында оның халық­а­ра­лық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.
Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әле­мі үшін киелі орын болып са­налады.
4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлур­гияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сай­ман дайындау үдерісін көрсе­те­тін заттарды және басқа да жә­ді­герлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көр­сетеді.
Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпы­ұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұн­дар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақы­рыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.
Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жер­лерін ішінара қалпына келті­ре­тін туристік жоба да қызықты бол­мақ.
Осының негізінде білімді дәріп­теуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.
5. Дала фольклоры мен музыка­сының мың жылы
Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұра­герлерінің өткен мыңжыл­дықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсана­лары, қиссалары мен эпостары жи­нақталады.
Сонымен қатар, қазақтың қо­быз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.
Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық фор­матта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көш­пенділердің бай мұрасын жүйе­леуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ, оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби ма­ман­дарды тарту маңызды.
Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бү­кіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.
Ауызша және музыкалық дәс­түр­ді жаңғырту қазіргі заманғы ау­диторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.
Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады.
Сонымен қатар, фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет.
6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі
Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғы­лыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады.
Сондықтан, тез арада Қазақс­тан­ның өркениет тарихының үздік­сіз дамуын көрсететін деректі-қойы­лым­дық фильмдердің, те­­ле­визия­лық сериалдар мен толықметражды көр­кем кар­ти­налардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.
Аталған жобалар кең халы­қа­ралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сце­наристерді, режиссерлерді, актер­лерді, продюсерлерді және зама­науи кино өндірісінің басқа да ма­мандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шы­тырман оқиғалы блокбас­тер­лердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жа­н­р­­ларын барынша кеңейту қажет.
Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фоль­к­лор­­лық материалдарын пайда­лану­ға болады.
Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үр­дісін қалыптастыруға жол аша­тын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.
Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеу­шіле­рі­міз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойын­ша еліктеуге лайықты тұлғалар.

ҚОРЫТЫНДЫ

Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.
Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы­ның жалғасы ретінде қарас­тыра­мын.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа ком­поненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүм­кіндік береді.
Төл тарихын білетін, бағалай­тын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақ­ты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Қазақ әдебиеті