МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ КОНТЕНТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТІЛТАНЫМДЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ РӨЛІ |
Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты
Білім беру жүйесіндегі реформалар түрткіжайты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстанда жаһанияттық құрмаласуға төтеп бере алатын адам капиталын қалыптастыру үшін көптілді тілдік тұлғалар тәрбиелеу керек деген игі идея әртүрлі формада жүзеге асырылуы керек деген пікірталас көп жүрді. Біздіңше, мәселе әлі де дұрыс шешімін таппады. Себебі, халықаралық тәжірибеде көптілді тілдік кеңістік қалыптастырудың ұлттық мүддеге үйлескен, ұлттық тілдің әлеуетін көтеруге бағытталған алуан түрі болатыны анық.
Ал Қазақстанда оны қалыптастыру үшін мәртебесі әлдеқайда жоғары, әлеуеті әлдеқайда қуатты тілдер – ағылшын мен орыс тілін балбақша деңгейінен бастап елдегі барлық білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қатар меңгерту идеясы халықтың емес, саяси элитаның күштеу, қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қазақстандағы үштілділіктің мәнісі мынада: тілді тілдік пән аясында ғана емес, басқа пәннің оқыту құралы ретінде игерту. Бұл жағдайда оқушы математикалық, физикалық, химиялық білімдері өз ана тілінде емес, шет тілінде игереді. Сабақтар әр пәнде әр тілде оқытылады. Демек баланың дүние туралы түсініктері толықтай әрі жүйелі өз ана тілінде емес, өзге тілде қалыптасады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан білім беру саласындағы сан түрлі реформа халық тарапынан біржақты қолдау тауып жатқан жоқ. Бір қызығы, ел ішіндегі қазақтілді де, орыстілді де қауымдастықтар реформаға бірдей теріс баға беріп жатқанын БАҚ пен әлеуметтік желі ақпараттарынан аңғару қиын емес.
Алайда бұл реформаға қатысты білікті сарапшылардың да көңілі толмайтыны халықтың наразылығының негізсіз емес екенін байқатады. Сарапшылардың пайымдауынша реформаны жүзеге асырудың жүйелі ресми құжаты жоқ. Мәселен, ҚР БжҒМ үштілді білім беруді жүзеге асыру үшін бірқатар нормативті құжат дайындады: Білім беруді дамытудың 2015-2020 жж. арналған жол картасы, 2016-2020 жж. арналған ҚР білім беруі мен ғылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасы, 2017-2021 жж. арналған Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспары. Бұлардың бәрінде үштілді білім берудің нормативтік негіздері, реформаның жүзеге асырылуы үзіп-жұлып фрагменттер түрінде көрсетілген, ал тұтас концептуалды құжат жоқ. Мұндай факт сарапшыларды өзінде де реформалардың тиімділігіне қатысты күдік тудырады.
Соңғы онжылдықтан бері, басында тәжірибе түрінде, кейіннен жаппай енгізіліп жатқан бұл реформа бойынша оқушылар мектепте негізгі жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқып, ал мұғалімдер оны ағылшынша оқытуы тиіс болып жатыр. Осы тұста тілдік құзіреттіліктерсіз білім алу мүмкін еместігін айғақтайтын мынадай зерттеудің мәліметін келтіре кеткенді жөн санадық. EF Education First халықаралық компаниясы жыл сайын әлемдегі ағылшын тілін білу деңгейіне сараптама жасайды. Ол Қазақстанның 18 жастағы және одан кейінгі жастағы халқына, яғни тіл үйренушінің тілдік ортасының тілді білу деңгейіне талдау жасайды. Себебі тілдік ортаға қарай тілдің даму, қолданылу сапасы да жоғары болмақ. Сонымен, соңғы үш жылғы қорытынды бойынша Қазақстан бұл рейтингіде 54 орынды иеленіп келеді, бұл көрсеткіш мемлекетті ағылшын тілін білетіндердің «ең төмен деңгейіне» жатқызады. Мұндай көрсеткіш иелері туриске де барынша қарапайым коммуникативтік жағдайларды ағылшын тілінде түсіндіре алмайды дегенді білдіреді.
Сол сияқты Қазақстанның мектеп оқушыларының тіл игеру қарқыны төмен екені көрсетілді, ал студенттердің тіл игеру қарқыны жоғары болғанымен, басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен: 19-21 жасар қазақстандықтардың ағылшын тіліндегі білімі 1,3 балл болса, салыстыру үшін Франция – 2,7 балл, Италия – 4,1 Ресей – 4,2 балл.
2015 жылдың 30 қыркүйегінде өткен «Мектептегі білім беру реформасы: үлкен үзіліс атты» «KIPR» талдамалық тобының ұйымдастыруымен өткізілген сараптамалық отырыста Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Каликова Сәуле өз баяндамасында құрамына Еуропа және Батыс елдері, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты басқа да 34 дамыған ел кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстандағы білім беру жүйесіне жасаған мониторингінде үш тілде білім беру туралы сарапшылардың былай дегенін атап кетті: «Здесь уместно прислушаться и к мнению экспертов ОЭСР касательно этой политики: «Казахстан, пожалуй, является единственной страной в мире, в которой провозглашена подобная политика в области образования – достижение высокого уровня владения тремя языками, относящимися к разным языковым группам». Ал осындай үлкен деңгейдегі халықаралық ұйым сарапшыларының Қазақстанды үш тілде білім беретін әлемдегі жалғыз мемлекет деп бағалауы оң қабылданатын факті ме, әлде қауіпті факті ме – осыны ойлану керек сияқты.
Сонымен бірге осы отырыстың тағы бір бас баяндамашысы – филология ғылымдарының кандидаты, КИМЭП университетінің асситент-профессоры Смағұлова Жұлдыз баяндамасында мектептен бастап негізгі пәндерді бірнеше тілде оқыту тәжірибелерінің болғанын және олардың дамыған елдердің өзінде де сәтсіз аяқталғанын айтты: «Международный опыт показывает, что даже в таких развитых странах, как Южная Корея, есть острая нехватка учителей-предметников, способных преподавать на иностранном языке. Для сведения, Корея наняла около 3000 учителей-носителей английского языка, но, как оказалось, не все они хорошие предметники или вообще не имеют педагогического образования. В Индонезии менее 1% предметников владели языком на профессиональном уровне. Текучка кадров – если человек знает английский, зачем ему оставаться в школе? Примеры Кореи и Индонезии показывают, что с внедрением обучения на английском языке значительно увеличилась текучка кадров». Бұл пікірге немқұрайлы қарауға болмайды, сондықтан ғылыми сананы қалыптастыратын негізгі пәндерді мектептен бастап ағылшын тілінде оқыту – тілтанушылардың ғана емес, білім беру жүйесін ұйымдастырушы-менеджер, психолог, педагог, т.б. мамандардың кешенді зерттеуін қажет ететін күрделі мәселе.
Мұндай жағдаят мектептерде негізгі пәндерді жаппай ағылшын тілінде оқытудың кадрлық даярлығының, тіпті тілдік кеңістіктің жоқтығын көрсетеді. Сонда мектептегі негізгі пәндер бойынша қалыптасатын құзіреттіліктер, білім, біліктіліктерге нұқсан келуі, халықтың ғылыми санасы ойсырауы әбден мүмкін деген қорытынды туады.
БАҚ және ақпараттық кеңістік түрткіжайты. Қазіргі кезде жұртшылыққа керегі ана тілінде берілетін сыртқы-ішкі саясат, экономика, мәдениет, тарих, денсаулық сақтау, ғылым, білім, т.б. әлеуметтік-қоғамдық салмағы, ақпараттық мәні жоғары хабарлар. Көрермен мен тыңдарман бұған зәру. Социолингвистердің айтуынша, БАҚ әсіресе телевизия тілдің әлеуметтік мәртебесін көтеретін ерекше коммуникативтік кеңістік болып табылады, сондықтан телеарналар қазақша сапалы ақпарат таратпай мемлекеттік тілдің қоғамдық беделі көтерілмек емес. Мұндай коммуникативтік кеңістігі бар тіл ғана ысылып, түзіліп, нормалану үрдісі күшейеді.
Бұнымен қатар еліміздің телекөрермендері едәуір бөлігінің арасында барлық телеарналардың кем дегенде 70% – қазақ тілінде болуға тиіс және 24 сағат бойы қазақша хабар тарататын арналар құр уақыт толтыру үшін емес, әлеуметтік-танымдық сапасы жоғары ақпарат беруі қажет еді деген пікірлер әсіресе әлеуметтік желілерде көбейіп отыр. Себебі, ақпарат сапасы төмен болғандықтан, қазақтілді ақпарат көзінің әлеуетті тұтынушысы болып табылатын қазақтілді орта өкілдері сапалы өнімге, яғни орыс не ағылшын тілді ақпарат көзіне жүгінуге мәжбүр болады. Мұның дәлелі ретінде Қазақстанның аумағындағы kz-доментік кеңістікте орыстілді және ағылшынтілді интернет-көздерінің белсенді жұмыс атқарып тұрғанын келтіруге болады, сұраныс болмаса, осы тілдердегі ресурстар саны қазақтілді ресурстардан әлдеқайда көп болмас еді. Тіпті осыған байланысты мәселе көтерген депутаттық сауалда да мына мәліметтер ашық көрсетілген: «2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «KZ» домендік аймақта интернет-ресурстар келесі статистиканы көрсетеді:
орыс тілінде – 32 689 сайт (79,6%),
ағылшын тілінде – 4 550 сайт (11,0%),
қазақ тілінде – 3 822 сайт (9,3%).
Көріп отырсақ, «KZ» аймағында қазақ тіліндегі сайттар саны 10%-дан да аз, біздегі «KZ» аймағында жасалған ағылшын тіліндегі сайттардан да аз. Егер де біздің елде, біздің домендік аймақта мемлекеттік тілде веб-ресурстарды дамытуға жағдай жасалмаса, қай жақта олар дами алады? Және де қазақша контентті жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр?».
Аталған фактіні, яғни қазақтілді ақпарат сапасының төмендігін, Тіл білімі институты мамандары 2011 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері де айғақтап отыр. Мәселен, «Теледидар көру, кітап оқу және интернет тұтыну тілі» параметрі бойынша сауалнамаға жауап бергендердің жартысынан астамы ақпаратты қабылдауда орыс тілін пайдаланатынын айтты. Бұлардың қатарын қазақстандық орыс және өзге ұлт өкілдері, сонымен бірге қазақтардың үштен бірі құрайтыны белгілі болды. Сұралғандардың тек әрбір бесіншісі ғана ақпаратты тек қана қазақ тілінде қабылдайтыны анықталды». Демек қазақтілді ақпарат кеңістігі сапасы төмен ақпарат салдарынан өз тұтынушыларының, яғни қазақтілді азаматтардың үштен бірінен айырылып отыр. Саяси сананың ана тілінде қалыптасуы мен дамуы тұрғысынан осы мәселені талдайтын болса, қазақ этнотілдік ұжымның бүгінгі күні жартысына жуығының саяси санасы ана тілінде қалыптаспай отыр деген долбар жасауға болады. Ал мұның салдары қандай қауіпке соқтыратыны белгілі: бұл – қоғамның саяси мәдениетінің төмендеуі, ұлттық құндылықтар жүйесіндегі азаматтардың саяси белсенділігін, қоғамдық жауапкершілігін орнықтыратын ұғым-түсініктердің санадан көмескіленіп, өшірілуі, ұлттық бірегейліктің, яғни мемлекеттік-азаматтық бірегейліктің әлсіреуі, саяси сауатсыздықтың, саяси салғырттықтың, мемлекетке деген патерналистік (масылдық) көзқарастың етек жаюы. Бір өкініштісі, бұл мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғаны қоғам тарапынан наразы реакция туындап отырғаны айқын байқалады.
Әйтсе де саяси сананың тәуелсіздік алғанан кейінгі жылдардағы серпілісін жоққа шығаруға болмайды. Бұған қазақтілді БАҚ құралдарының, сонымен бірге қазақтілді сайттар мен әлеуметтік желілердің дамуы өз әсерін тигізді. Қазақтілді интернет-кеңістік БАҚ және мемлекеттік мекемелердің интернет портал-сайттарының ашылуымен толықты. Сол сияқты тек қана интернетте жұмыс жасайтын БАҚ саны артты. Әлемдік интернеттегі бүгінгі күні айқын болып отырған коммуникацияның мынадай типтері мен түрлерінде түгелдей қазақтілді контент бар екені белгілі:
– электрондық пошта, жіберілім, чаттар;
– блогосфера-авторлық сайттар. Блогер, мақсатты аудиторияның назарын өзіне аудара отырып, өз айналасында ақпараттық кеңістік жасайды;
– youTube бейнехостинг қызметін көрсететін интернет-сервис;
– online конференциялар;
– торрент (BitTorrent) — арнайы файлдар протоколы арқылы қандай да бір серверден емес, бір-бірінен, нақты айтқанда өзара жеке компьютерлерінен ақпаратты көшіру;
– әлеуметтік желілер – әлеуметтік қарым-қатынасты құруға, көрсетуге немесе ұйымдастыруға арналған платформа, онлайн-сервис немесе веб-сайттар. Бұл үрдіс ғаламдық сипаттағы үрдістің Қазақстан ақпараттық кеңістігіндегі бір көрінісі болғандықтан, жоғарыда көрсетілген коммуникация типінің қай-қайсысын да болмасын қазақтілді саяси ақпарат легі толассыз тоқтамай беріліп отыратыны анық. Бұған статистикалық көрсеткіштер дәлел бола алады. Мәселен, Қазақстанда 2012-2013 жж. аралығындағы Интернетке қол жеткізген тұтынушылар саны қарқынды өсу динамикасын көрсетіп отыр: «По оценочным данным Агентства РК по статистике на конец 2013 г. плотность пользователей сети Интернет составляет 71,1% на 100 жителей, т.е. 11 940,3 тыс. человек. Так прирост интернет-пользователей в сравнении с 2012 г. составляет 14,86%». Демек қазақтілді ұжымның саяси санасының қалыптасуына, дамуына тікелей әсер ететін объектілер мен субъектілер қатарын ғаламтордағы қазақтілді сарапшылар қауымдастығы, өз сыны мен сарабынан өткен ақпаратты таратушы қазақтілді журналистер мен блогерлер қауымы жылдан-жылға толықтыратыны және де бұл қауымдастықтың интернет медиада ғана түсінікті болатын өзіндік тілдік контенті де қалыптасып, дамитыны айқын. Олай болса, тілтанушы зерттеулері үшін әлі қордаланбаған тақырыптың бірі осы интернет-коммуникация тілі мен оның қоғамдық санаға әсеріне қатысты ізденістер болары анық. Сондықтан зерттеулер аясындағы алдағы зерттеулерде саяси санаға әсер етіп отырған ғаламтор кеңістігіндегі қазақтілді ақпаратқа контенттік және тілдік талдаулар жасалу көзделіп отыр.
Сонымен, қазіргі тілдік жағдаят тұрғысынан мемлекеттік тілдің болашақ контентін қалай модельдеуге болады, оны жүзеге асырудағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының рөлі қандай болмақ деген сауалдарға жауап іздегенде төмендегі өзекті мәселелерге тоқталмай кету мүмкін емес.
(Жалғасы келесі санда)