МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ КОНТЕНТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТІЛТАНЫМДЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ РӨЛІ |
Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты
Мемлекеттік тіл дамуының болашақ моделін қалыптастырғанда қазақ тілінің толыққанды қызмет етуін жүзеге асыру үшін тіл өміршеңдігін қаматамасыз ететін, жоғарыда көрсетілген 1) әлеуметтік-саяси,
2) әлеуметтік-демографиялық, 3) лингвистикалық,
4) әлеуметтік-функционалдық, 5) ұлттық-мәдени – бес түрлі параметрге қатысты 8 түрлі бағыт бойынша мынадай нақты шаралар мен шешімдер жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сонымен бірге мұндағы әрбір шешім, шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сол сияқты еліміздің жетекші тілтанымдық зерттеу орталықтарының ғылыми негіздемесімен, ғылыми кеңесшілігімен жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сонда ғана ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндгі қазақ тілінің болашақ дамуы заман талабына, Қазақстанның ұлттық бірегейлігінің сақталуы мен дамуына, қазақ халқының кемелденуіне кепіл бола алады.
І Қоғамдық беделін арттыру, насихаттау (популяризация) бағытында:
– республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы, мемлекеттілікті нығайтушы қызметі туралы, қазақ әдеби тілінің қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы қолданысының пәрменділігі мен ерекшелігін танытатын материалдар жариялап отыру;
– БАҚ-та қазақ тілін, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ақпараттық-танымдық мазмұндағы материалдарды жариялап («Ана тілі» газетіндегі «Сөзтаным» беті, т.б.), массмедиа кеңістігінде көпшілікке арналған «Лингвистикалық жедел жәрдем» ұйымдастыру;
– интернет кеңістігінде электронды нұсқада жарияланған жаңа лингвистикалық еңбектерге кеңейтілген аннотация ұсынып отыру;
– тілдік бірліктердің ішкі сыры мен қалыптасу жолдарын танытатын «Қазақ тілінің этимологиялық сөздігін», тілді дұрыс қолдану жолдарын үйрететін нормативті сөздіктерді («Түсіндірме», «Синонимдер» «Орфографиялық», «Орфоэпиялық», «Терминологиялық» және аударма сөздіктерін) уақыт талаптырна сай ұдайы жетілдіріп, толықтырып, өңдеп қолжетімді көп таралыммен қайта бастырып отыру;
– қазақ тілін дамыту туралы қоғамдағы мемлекетке асыра иек арту, масылдық («патернализм») сияқты теріс стереотиптердің кері әсерін болдырмау, оның алдын алу мақсатында азаматтық қоғам ішіндегі қазақ тілін қолдап, дамытушы акция, шараларына, белсенді азаматтарға, волонтерлерге, қоғам ішінен топтасқан жекелеген азаматтардың өзбетіндік бастама-жобаларына БАҚ арқылы, т.б. шаралар арқылы қолдау көрсетудің тетіктерін анықтап, жүзеге асыру керек.
ІІ Құқықтық-нормативтік базасын күшейту бағытында:
– мемлекеттік тіл және латын графикасына негізделген жаңа қазақ ұлттық әліпбиі туралы заңның қажеттігін негіздейтін ғылыми, қоғамдық шараларды қолға алу, мемлекеттік тіл туралы заңның ғылыми-заңнамалық негіздерін жасау, заң жобасын ұсыну;
– мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің, сондай-ақ зауыт, банк сияқты ірі өндіріс және қаржы орындарындағы мамандардың мәртебесін өсіру шараларын (қаржылай сыйақылар, мансап басқышына көтерілу жеңілдіктерін) жақсартуды нормативті түрде негіздеу;
– мемлекеттік қызметке алынатын тұлғалардан ең алдымен мемлекеттік тілді білуін қатаң талап етуді, оның тетіктерін нақты заңнама арқылы негіздеу;
– жаратылыстану саласынан қорғалатын магистранттық және PHD докторлық ғылыми жұмыстардың бір нұсқасының қазақ тілінде даярлануын талап етуді нормативтік түрде бекіту;
– қазақ тілінен сабақ беретін мектеп мұғалімдері мен қазақ тілін арнайы зерттейтін және қазақ тілінде (әсіресе жаратылыстану-техникалық ғылым саласында) еңбек жазатын ғалым-мамандарды, қазақтілді балабақша тәрбиешілерін материалдық жақтан ынталандыруды негіздейтін нормативтік база жасау керек.
ІІІ Тілді жаңғырту (модернизация), ғылыми базасын күшейту бағытында:
– тәуелсіздік алған кезеңдегі мемлекттік тілдің даму динамикасына, Елбасының тіл мәрбетесін көтерудегі, тіл саясатын тиімді жүргізудегі рөліне, қазақ тілінің болашағын модельдеуге, үштілділіктің мемлекеттік қауіпсіздік, ұлттық стратегия тұрғысынан тиімді үйлестіруге арналған іргелі ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету;
– қоғамдық өмірді ұйымдастыру мен жақсартудағы, елдің күш-жігерін руханилыққа, адамдарды ізгі әрекеттерге жұмылдырудағы, қоғамдық көңіл күй мен өмір стилін қалыптастырудағы, жалпы қоғамның рухани саламаттылығын сақтаудағы тілдің практикалық маңызын зерттеуге арналған ізденістерді жүзеге асыру;
– тілдің манипуляторлық әсері мәселесі мен қазақстандық ғылыми, саяси және эстетикалық, т.б. дискурстар проблемасын зерттеу;
– мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын құрайтын сөздіктердің әрқайсысының мол таралыммен қағаз және электрондық нұсқадағы түр-түрін шығаруды қаржыландырып, таралым санын көбейту;
– мемлекттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын үздіксіз кеңейтіп, күшейтіп, сапасын жақсартып отыруды ұйымдастыру;
– бүгінге дейін осыған қатысты жұмыстарды жүзеге асырып келген қазақ тіл білімі бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулермен мақсатты түрде айналысатын әлемдегі жалғыз ғылыми орын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына ресми түрде мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасына жауапты мекеме мәртебесін беріп, бекітіп, оның материалдық-техникалық базасын жақсарту, кадрлық әлеуетін күшейту, Институтқа мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын жүзеге асыру;
– мемлекеттік тілді дамыту басымдықтарын қоғамның қазіргі заманғы индустриялдық-инновациялық дамуының талаптарымен үйлестірудің ғылыми негіздерін жасау;
– «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша белгіленген қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына ауыстыру міндетін шешу, ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық негіздерін жасау;
– ұлттық терминологияның сөздік қорын ұлттық таным ұғымдарына сәйкестендіріп, салалық бағыттар бойынша біріздендіру және жүйелеу. Мемтерминком қабылдаған терминдер мен олардың анықтамасын (дефинициясын) БАҚ арқылы көпшілікке үздіксіз насихаттап, түсіндіріп отыру жұмысын жолға қою;
– Тіл білімі институты базасында іргелі ЖОО филолог-мамандарын тарту арқылы «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» әзірлеу, іске қосу қажет.
ІV Филологиялық білім беру саласын дамыту бағытында:
– қазақ тілі бойынша оқу бағдарламалары мен дидактикалық, оқу материалдары мазмұнының Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің қазіргі нормаларына сай болу-болмауын анықтау мақсатында жаппай сараптама, мониторинг жүргізу;
– ЖОО филология факультеті дайындайтын мамандықтар тізімін Ресей тәжірибесін үлгіге алып (М.Ломоносов университетінің филология факультеті 42 мамандық бойынша филологтер дайындап шығарады), қоғам сұранысына қарай арнайы тарбейімді мамандықтармен толықтыру керек: филолог-экономист, филолог-менеджер, филолог-жарнама менеджері, филолог-логопед, т.б.
– когнитивтік модульге қатысты филологиялық зерттеулерге, сондай-ақ филологиялық білім беру мазмұнына аталмыш модуль бойынша алынған білімдер
жүйесін енгізуге басымдылық беру;
– қазақ тілінің басқа пәндермен интеграциялануына бағытталған зерттеулерді дамыту. Мұндай интеграция қоғам санасындағы мемлекеттік тілдің басымдылығын нығайтып, өз мәдени, географиялық, кеңістіктік орта, оның тарихы, материалдық және рухани әлемі туралы қазақ тілінде сақталған теңдессіз білімдер жүйесі негізінде ғана қалыптасатын қазақстандық патриотизм феноменінің туындап, нығаюына жағдай жасайды. Сондықтан тілдегі осындай блімдірді қазақ тілін басқа пәндермен интеграциялау арқылы қазақстандық білім беру мазмұнына енгізуге аса қажет;
– қазақстандық филологтер қауымдастығын ұйыстыратын Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты базасы негізінде Корпустық лингвистика орталығын жасақтау, құру;
– қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру шараларын ұйымдастыру;
– орта мектептерде, жоғары мектептерде және ғылыми-зерттеу орталықтарында қызмет ететін тіл мамандарының өзара тәжірибе алмасуы мен пікір бөлісуіне мүмкіндік беретін ортақ интеграциялық алаң ретінде «Филологтар съезін» 3 жылда бір рет өткізу дәстүрін үзбеу қажет.
V Үштілділік саясатын жүзеге асыру бағытында:
– білім берудегі үштілділік саясаты контексінде қазақ, орыс, тілдерінің әрқайсысының қызмет ету аясын анықтайтын тиімді модельді ғылыми зерттеулер негізінде тауып, оның жүзеге асырылу тетіктерін де Қазақстанның тілдік-мәдени кеңістігіндегі рөлі, ұлт тұтастығы мен бірегейлігі, рухани қауіпсіздігі тұрғысынан ғылыми кешенді зерттеу арқылы айқындау;
– үштұғырлы тіл аясындағы үштілділік моделінің жүзеге асырылу тетіктері мен жолдарын жан-жақты әрі сала-сала – психологиялық, педагогикалық, экономикалық, қаржылық, тарихи, мәдени, әлеуметтік, лингвистикалық аспектілерде зерттеп көрсетіп беру;
– регуляторлық әсердің талдауын (АРВ – анализ регуляторного воздействия) жасау: үштұғырлы тіл моделінің болашақтағы жұмысының нәтижелері мен салдарын көрсету, нәтижелерінің қаншалықты оң әсері болатынын болжалды түрде айқындау, салдарының теріс әсерінің алдын алу шараларын сипаттап беру үшін тәжірибе ұйымдастыру;
– тіл ғылымы нәтижелерін коммерциялау негізінде бүгінге дейін жасақталған мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі мен лингводидактикасы базасын құру және үнемі толықтырып кеңейтіп отыру;
– қазақтілді ақпараттық кеңістікті кеңейту мақсатында қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тілін жетік меңгерген аудармашылар, сөздікшілер, т.б. мамандар қатарын және олардың сапасын арттыру шараларын жүзеге асыру керек.
( Жалғасы келесі санда)