Ербол Алшынбай. Боз жусан күн шығады әлі бүр жарып…

0

Ербол АЛШЫНБАЙ – Еуразия ұлттық университетінің түлегі. «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивальінің гарн-при және президент кубогының иегері. «Құлан ауған» жыр жинағының авторы. Қазақ радиосының журналисі.

Нараду

Қараңғыны келер түріп бір жарық,
Түнмен бірге сен кетесің тыңда бұлт.
Боз даланың шер толқыған төсінен,
Боз жусан күн шығады əлі бүр жарып.

Таңды қолмен тосамын деп қара жын,
Қарауытқан көп түйеді қабағын.
Түнді жеңіп Қорқыт туар ажалсыз,
Жұпар таңның сүйем сонда самалын.

Мен күткен таң келе жатыр жамырап,
Көз алдымда күнге айналар шаңырақ.
Шаһиттердің жыры алады əлемді,
Кеуделерді күй алады маңырақ.

Қарт Түркістан қалжырама сен енді,
Сенен де бұлт айығады Селенгі.
Бөстек қылып қоңыр аю терісін,
Белім буам боз жусанмен бедерлі.

Ордам еді алпыс жібек кермелі,
Сол ордамда ұлыма кеп қонді өзі.
Қаған Оғыз жорығының алдында,
Жортатұғын қызыл бөрі_ сол бөрі.
Əумин!

Көктем

Естелікті жиі айтатын көшелер,

Желге етегін көп түргізген қайыңдар.

Көліктердің жарқыраған көздері,

Жартастағы жарғанаттың баласы,

Барлығың да күнге қолды жайыңдар!

Жансыздардың қаласы!

Жайлы жазды көп аңсаған кәрі ағаш,

Аппақ қардың арын төккен көктемдер.

Қара жерді шимайлаған жазулар,

Мәнісі жоқ бүгіндермен өткендер!

Қар астынан күнге ұмтылған жауқазын,

Бәрің бірге көктеңдер!

Асфалттің бетін ізге толтырған,

Алуан мақсат көрікті екен несімен?

Күзде өлген тірілмейді жапырақ,

Аласұрып адасса да ел есінен.

Оралған құс дауысынан сол күздің,

Құлақ салып зарын таны өтінем!

Кер құнан

(Қыршын кеткен ақын Бибол Жұмағалиұлының рухына)

Жаз шебер салған кезде далаға өрнек,

Самалмен желпінгенде сана желдеп.
Сонарлап балаусалы бел-белесті,
Көп жылқы Дағымбелге барады өрлеп.

Сал самал сары жалды билеттіріп,
Төсінен көп күліктің сүймек күліп.
Қарт тауға бауырын төсеп мамырлаған,
мысалы көп жылқының — түйдек бұлт.

Ашуы ақ көбікті жағаға айдап,
Төменде тентек өзен салады ойнақ.
Кер құнан күлте жалды көп жылқыдан,
Кенеттен шықты жалғыз одағайлап.

Тұрпаты тұлпарындай кешегінің,
Төрт елі бұлтқа төсеп шекелігін.
Сүйдіріп бауырын жазды еркін желге,
Ауыздық көп қажаған қос езуін.

Кер құнан атқан оқтай самғап ақты,
Қу жебе құба жоннан зарлап асты.
Төменде асау өзен айдаһардай,
Ал шыңда кереге бұлт кез қанатты.

Қия шың тұғыр еді қыран құмар,
Асты құз, асау өзен, тұман-мұнар.
Кер құнан кереге бойлы кез бұлтпен,
барды да араласты ұмар-жұмар.

Қадалып қара жерден несібе алған,
Құмартып көк балауса есін алған.
Шыңғырған кер құнанның дауысынан,
Тек сонда қалың жылқы оқыранған.

Айналмай аппақ сағым алау нұрға,
Қалды елес балаусалы бозаң қырда.
Кер құнан кереге бойлы кез бұлтпен,
Алқара көкке сіңді көз алдымда.

Шер қалып сейілмейтін санада ащы,
Күрсініп көнтерілі дала жатты.
Шегінде ақ пен қара алтын құлын,
Құлшынып көкжиекке бара жатты…

Түс. Каспий

Теңіздер де аңсайды жанұшырып,

Зарығады, шаршайды, қаны суып.

Ішті өртеген өксігі буырқанып,

Соғылады жартасқа сағы сынып.

Сол толқында бар білем налалы өткен,

Зымыстан қыс, шерлі жаз, қара көктем.

Таутайлақтың дауылы тулағанда,

Қанжары бар боздақтың ала кеткен.

Сыр айтайын мен оған не деп енді,

Улы кекке толтырды ол кенеремді.

Дауыл сайын қағады қынсыз қанжар,

Теңіз жаққа қараған тереземді.

Ұмтыламын мен оның балдағына,

Патша құдай жеткіз деп арманыма.

Таутайлақтың демінен тұрған дауыл,

Дөңбекшиді жеткізбей қанжарыма.

Шулы толқын бір кетпей құлағымнан,

Сақ-сақ күлер келді деп мына құрбан.

Созған қолым ілінбей, бірде ілініп,

Сол қанжарға кекпенен суарылған.

Көк теңіздің көкжайқын атырабы,

Аласұрып тағы да жатыр әні.

Арасынан жарқыдлап алмас қанжар,

Тау тайлақтың толқыны шақырады.

Түрік

Біз тәңірдің семсері едік о баста,
Салды есіме оны алғашқы туған ай.
Қабырғадан қызыл жоса қан ақса,
Қайыспайтын қара ағаштай ұлдар-ай.

Ай да толған он бесіне жарқырап,
Тұрғам мен де дулығама ай іліп.
Күн түбіне жортқам талай жаусырап,
Алмауыттың кекілін жел қайырып.

Айды жұтты аждаһасы уақыттың,
Мен де тасқа қайрай-қайрай кетілдім.
Өзендердей ай толғанда тасыппын,
Қазір күзде жуасыған Есілмін.

Семсерімді кесе ұстап алдыма,
Аймен бірге аждаһаға жұтылдым.
Көнтерісін болар ма деп қанжыға,
Таспадайын екі бөліп түсірдім.

Жарып өтіп уақыттың түнегін,
Иығыма күн көтеріп тірілдім.
Асқақтығым Хантәңірдей ұл едім,
Нәзіктігім үніндей құс құмырдың.

Өткенімнен көрдім қанды іздерді,
Ол да маған тәңір берген несібе.
Анығы сол патша құдай біздерді,
Алады ылғи еміреніп есіне!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.



Әдеби портал