Кабулдағы қанды шабуылда ондаған адам қаза тапты

0

Ауғанстан билігі Кабул шығысындағы үкімет ғимаратында болған атыста кемінде 43 адамның қаза тапқанын, 23 адамның жараланғанын айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Насрат Рахимидің айтуынша, шабуылдаушылармен сегіз сағатқа созылған атыстан соң ғимаратта болған 350-ге тарта адам босатылған. Ол 24 желтоқсан күні жасалған шабуылда төрт содыр өздері айдап әкелген көлікті жарып мерт болғанын, тағы үш содырды қауіпсіздік күштері атып тастағанын айтты.

Қарулы топ басып алмақ болған үкімет ғимараты. Кабул, 24 желтоқсан 2018 жыл

Қарулы топ басып алмақ болған үкімет ғимараты. Кабул, 24 желтоқсан 2018 жыл

Содырлар басып алуды көздеген ғимаратта еңбек министрлігі мен бірнеше мемлекеттік мекеме орналасқан.

Үкіметке қарсы топтардың ешқайсысы әзірге шабуылға қатысы барын мәлімдемеді. Бұған дейін осыған ұқсас шабуылдарды «Талибан» және «Ислам мемлекеті» экстремистік топтары ұйымдастырған.

Президент Ашраф Ғани шабуылды айыптап, “террористерді жойған” қауіпсіздік күштерінің жұмысын мақтаған.

«Талибан» тобын кінәлай сөйлеген премьер-министр Абдулла Абдулла “олардың әрекеттері бейбітшілік ұғымына кір келтіреді” деп соңғы уақыттағы үкіметтің қарулы топпен келісімге келу талпыныстарын меңзеген.

Бұл Кабул айында қаңтар айынан бері жасалған 22-ші шабуыл. Қарулы топтармен қақтығыста барлығы 500-ден астам адам өлген, мыңнан астам адам жараланған.

20 желтоқсанда АҚШ билігінің өкілі президент Дональд Трамптың Ауғанстаннан келешекте осы елде орналасқан әскердің жартысы — жеті мың сарбазды шығару ниеті барын мәлімдеген.

Кейбір сарапшылар АҚШ Ауғанстаннан жарты әскерін алып кетсе, елдің қауіпсіздігі әлсірейді, талибанмен бейбітшілік келісімін де құрдымға апаруы мүмкін деп болжайды.

Ауғанстандағы НАТО миссиясының негізгі құрамы АҚШ әскерилерінен құралған. Олар содырлармен күресте үкімет әскерін жаттықтырады, кеңес береді. Бұған қоса, терроризммен күрес бойынша жеке жасақтар бар. Онда шамамен 7 мың АҚШ сарбазы бары айтылады.

Дереккөз: Азаттық