Егер ұлттың тілін сақтаймыз десек терминдерді аударудан қашпауымыз керек – Сағатбек Медеубек

0

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Терминком бекіткен жаңа сөздердің барлығы «Ана тілі» газетінде жарияланып отырады. Соны жаппай қолданысқа енгізуге келгенде журналистер — өзіміз немқұрайлық танытамыз. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек «Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс алаңында айтты.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алып, ұлттық рух белең алған кезде журналистер де, өзге ғалымдар да бөтен сөздерді (терминология) аударуға белсене кіріскен, яғни қазақтың сөзі болып кетсе екен деген арман болған.

«Оның да өзіндік пайдасы болған еді. Ең бастысы ой, пікір айтылу керек. Оны халық қабылдай ма, қабылдамай ма уақыт өзі көрсетеді. Ұтымды, тиімді, сіңімді сөз айналымға қосылса ары қарай қолданысқа еніп кететіні сөзсіз. Біздегі термин жасау мәселесінде тілшілер де, ғалымдар да, журналистер де сырттан енген сөздерді өзінің ұлт тіліне икемдеп аударуға белсене атсалысады. Мәселе соларды жүйелі түрде саралап-сараптап, ең ұтымдысын екшеп алып, терминкомға кіргізіп, енген сөздердің тізімін сол саланың адамдарына бөліп беріп, соны қадағаласа екен деген ойым бар», -дейді ол.

Жиын барысында ол, терминком бекіткен жаңа сөздердің барлығы «Ана тілі» газетінде жарияланып отыратындығын, алайда соны жаппай қолданысқа енгізуге келгенде журналистер немқұрайлық танытатындығын айтты.

«Терминдердің айналысқа түсіп кетуі әсіресе журналистерге қатысты. Мәселен «Баспасөз баяны» деген сөздің бірнеше нұсқасы бар. Факультетімізде шара өткізгенде осының қай нұсқасын береміз деп абырап қалатын кезіміз болады. «Пресс-релиз» деп бере берейік деп те айтқандар болды. Біреу «Баспасөз баяны» десе, енді бірі «Ақпар хат» деп берейік дейді, «Алқа сөз» деп берейік деп мен жаздым, бірақ осының әлі бір тоқтамына келген жоқпыз. «Дөңгелек үстел» деген сөз де орысшадан тікелей аударма екені талай айтылды. Оны «Алқа сөз», «Алқалы жиын» деп айтамыз деп келістік, алайда журналистер арасында ауызбіршілік, бірізділік жоқ, әркім осындай сөздерді әртүрлі қолданып жүр», -дейді С. Медеубек.

Сондай-ақ ол, егер ұлттың тілін сақтаймыз десек, терминдерді аударудан, балама жасаудан қашпауымыз керек деген ойын білдірді.

«Салалық, ғылым тілінде терминдер халықаралық атымен кете берсін, ал көркем, публицистикалық шығармаларда балама, синонимі керек болады. Ахмет Байтұрсынов барлық сөздің қазақша баламасын табуға тырысқан. Тым болмағанда қазақша айту сингормонизм заңына икемдеп ұсынған», -дейді ол.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ