Зинақор шалдың ақыры (ҒИБРАТТЫ ӘҢГІМЕ)

0

Иә, ол кісі біздің көшенің басында тұратын. Сақалы дөңгелене біткен, қияқ мұртты, қыр мұрынды. Қысқасы, түрі киноға сұранып-ақ тұр. Өзінің «мачо» екенін қу бәле білетін.
Әдемі қыз-келіншек көрсе, сумаң етіп сол маңнан табылатын. Не керек, сол шал бір күні өлді. «Қайтыс болды», «қайтты» деп қайырлы өлімге ұқсатқым келмейді. Өлді. Иә, өлді! Қабірге қоятын да сәт келді. Екі баласы шұңқырға түсті. Арулап, екі жағынан екеулеп ұстады. Еңкейіп қабірдің ұяшығына денені қойғалы жатқан. Шыңғырып екеуі де атып-атып шықты. Әкесінің мәйіті құлады да қалды. Жұрттың бәрі:
— Не болды?-деп шулап кетті.
— Қабір іші жылан тола, құжынап жатыр, — деді балдары. Қорыққандарынан түстері өзгеріп кеткен. Үрпиісіп қалдық. Бір уақытта қабірге молда түсті. Күбірлеп жатыр. Еміс-еміс естігенім:
— Әй қабір иелері! Мәйітті қинау сендердің міндеттерің. Біздің міндет жерге тапсыру. Орындауға рұқсат беріңдер!
Кейін молда айтады: «Солай рұқсат сұрап едім, жылан біткен қабырғаға қарай ығыса кетті».
Ағамыз мүрдені қабір ішіне қойды. Енді лахат (мәйіт жатқан ұяшықты) кірпішпен жабу керек. Көмекке мен түстім. Арғы әлем мен бергі әлемнің арасын кесектермен жауып жатырмыз. Арғы беттен «қырш-қырш» еткен дыбыстар естіледі. Тісің қышырлап, денең шымырлайды-ай, анау дыбыстарды естісең. Зәрем зәр түбіне кетті. Қайтып келеміз. Жанымдағы әлгі молда кісінің үш кейіпкер туралы хадис айтқаны есімде қалыпты. Кәззап патша, тәкаппар кедей, сосын зинақор шал. Міне осы үшеуі Алланың мейірімінен мақұрым қалатындар деді. Көзіме жас келді. Өзімді ойладым, өзімнің достарымды ойладым. Көбіміз «Үйленгенше қызға барып қалайық»-деп жүреміз. Үйленеді. Көзді ала бере, «левый» жүретінін қоймайды. Қырыққа келгенде қоям дегені де сылтау боп қалады. Ақыры, хадистегідей зинақор шал болады, ал оған енді хадистің үкімі жүреді. Ойнастың жазасын тек қабір мен ақыретте татпайды екенбіз. Осы өмірде де трихоманиаз, гарднереллез, мерез деген ақшаға емдеуге болар бәлекеттерді қойшы, ақшаға сатып ала алмайтындай дүниеңді бұзасың. Ол – өзіңнен кейінгі ұрпағың.

Нұрбек Бекбау