Қытайдағы қысым жайлы дабыл қаққан ұйымның тіркеу машақаты

0

«ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ ТІРКЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ»

Қытай қазақтарының мәселесімен айналысатын «Атажұрт еріктілері» ұйымы Қазақстан әділет министрлігінің Алматы қалалық департаментін сотқа бермек. Бұл туралы ұйым өкілдері маусымның 21-і күні Алматыда өткен баспасөз жиынында айтты. «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының соңғы жарты жылда тіркеу туралы төрт рет берген өтінішін мемлекеттік орган кері қайтарған. Тіркелмеген ұйымның мүддесін қорғап жүрген заңгері Айман Омарованың сөзінше, ресми орган әр жолы түрлі сылтау айтып, қоғамдық ұйымның өтінішін қанғаттандырмай отыр.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Қайрат Байтолла (солдан оңға қарай), адвокат Айман Омарова және ұйым өкілі Ербол Дәулетбек. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.

«Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілі Қайрат Байтолла (солдан оңға қарай), адвокат Айман Омарова және ұйым өкілі Ербол Дәулетбек. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.

— Соңғы рет «ұйымның негізгі қызметі көрсетілмеген» деп айтты, ал ұйым жарғысында мақсат-міндеттері, қызметі — бәрі жазылған. Осымен төртінші рет құжаттарымыз қайтып келіп отыр. Біздің ойымызша, әділет департаменті (Алматы қаласының — ред.) мұндай ұйымның болғанын қаламайды, себебі ол Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесімен айналысады. Бұл — Қытайдағы қарапайым этникалық қазақтар сенетін және солар жайлы дүние жүзіне ақпарат таратын әлемдегі жалғыз ұйым, — деді Айман Омарова маусымның 21-і күні Алматыда өткен баспасөз жиынында.

Ұйым өкілі Қайрат Байтолланың сөзінше, 2019 жылы наурыз айында әділет департаменті «ұйымға мүше азаматтардың бірінің қарызы болғандықтан» ұйымды тіркеуден бас тартқан. Департамент ол кезде «Заңды тұлғаларды тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу» туралы заңның 11-бабын алға тартқан.

— Ұйым мүшелерінің бірінің банкке берешек қарызы бар екен. Кейін оны басқа адаммен алмастырып, сәуірдің 9-ында қайтадан өтініш тапсырдық. Екінші рет берген өтінішімізді сәуірдің 23-і күні тағы бірнеше ескертпемен кері қайтарды, — дейді Қайрат Байтолла Азаттық тілшісіне.

«Атажұрт еріктілері» өкілдерінің сөзінше, әділет департаменті бір жолы ұйымның «мүлікті жалға алу қағидалары заңға сәйкес еместігін» алға тартса, келесі бір жауабында «ұйым мүшелерінің қызметтік және үй телефон нөмірлері көрсетілмегенін» деп, тіркеу жайлы өтінішті кері қайтарған.

«Атажұрт еріктілерінің» тіркеу шаруаларымен «басы қатып жүргеніне» жарты жылға жуықтағанын айтқан Ербол Дәулетбек өздерінен кейін өтініш берген ұйымдардың оңай тіркеуден өтіп кеткеніне таңданады.

— Мысалы, бізден кейін өтініш берген өзге қоғамдық ұйымдарды он күн ішінде тіркепті. Өйткені олар біз секілді Қытайдағы қысым мәселесін ашық әрі жиі көтермейді, — дейді Ербол Дәулетбек.

РЕСМИ ОРГАННЫҢ ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі Алматы қалалық әділет департаментіне хабарласып көрді. Өзін «департаменттің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы» ретінде таныстырған Ақерке Қожахметованың айтуынша, «тіркейтін орган ешқашан қоғамдық бірлестіктің саяси ұстанымына назар аудармайды».

Ақерке Қожахметова «Атажұрт еріктілері» қоғамдық бірлестігін тіркеуден тек бір рет қана, яғни наурыздың 26-ында ғана бас тартқанын, кейінгі үш бұйрықта құжаттарды толықтыруға уақыт бергенін» айтады.

— Оларға бірнеше рет тіркеу мерзімін уақытша тоқтату туралы бұйрық шығардық. Яғни, ұйым жарғысындағы қателерін түзеуге, өзгерістер енгізуге мүмкіндік бердік. Негізі заңды тұлғаларды тіркегенде «Қоғамдық бірлестікті тіркеу туралы», «Коммерциялық емес ұйым туралы» және «Заңды тұлғаларды тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу» туралы заңдарды басшылыққа алып тіркейміз. Құжаттары осы заңдарға сәйкес болмағандықтан екі рет кері қайтардық және екі рет өзгертуге мүмкіндік бердік, — дейді ол.

«Атажұрт еріктілері» өкілдерінің департаментке тапсырған құжаттарда ұйымның қызметі, мақсат-міндеті көрсетілгені жайлы уәжіне байланысты шенеунік:

— Олардың жарғысында ұйымның мақсаты көрсетілгенімен міндеті айтылмаған. Міндеті деген жердің бәріне мақсаты туралы жазған, — деп жауап берді.

Ақерке Қожахметова «егер талаптарымызбен келіспесе сотқа жүгінуіне болады» деп сөзін түйіндеді.

«ТІРКЕУДЕН КЕДЕРГІСІЗ ӨТТІК»

Азаттық тілшісі Алматы қалалық әділет департаментінен сәуір айында тіркеуден өткен «Атажұрт жастары» ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлымен де сөйлесті. Оның айтуынша, 2017 жылы «Атажұрт жастары» ұйымы екі рет талпыныс жасап көргенімен тіркеуден өте алмаған.

— 2019 жылдың сәуір айында ұйымды тіркету үшін алдымен жарғымды алып департаментке бардым. Ұйымды тіркету үшін нені дұрыстау керек деп сұрадым. Өйткені бұған дейін [өтінішімізді] екі рет кері қайтарған болатын. Олар көрсетіп берді. Соларды дұрыстап апардым. Ешқандай кедергі болған жоқ, — дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Қыдырәлі Оразұлы да тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымын құрған азаматтардың бірі. 2018 жылы оның құрамынан шығып, «Қытай зерттеу институтын» құрған болатын. Бірақ бұл институт әлі тіркелген жоқ.

Қытай қазақтары мәселесімен айналысып жүрген тағы бір бірлестік — «Ел-аманат» ұйымы да 2018 жылдың қазан айында Алматы қалалық әділет департаментінде тіркелген. Ұйым жетекшісі Ырысбек Тоқтасын да құжаттарының екі рет кері қайтқанын айтты.

— Мысалы, біріншісінде жарғыдағы «дәстүрлі» деген сөзді орысшасында «духовный» деп аударып жіберіпті. Соған бола тіркемей қойды, — дейді ол.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМ ТУРАЛЫ ДАБЫЛ ҚАҚҚАН ҰЙЫМ

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстанда «саяси бағыттағы ұйымдарды тіркеу ұзақ уақыт алатынын» айтады.

— Егер қандай да бір саяси емес партиялар немесе ұйымдар болса, жылдам тіркеуден өтіп кетеді. Ал ұстанымы белгілі, оппозициялық бағыттағы қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің тіркелуі ұзақ уақыт алады. Тіпті бір жылға дейін созылады, — дейді ол.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым көрсетіп жатқаны туралы мәлімдемелер жасап, бұл мәселеге Қазақстан билігі мен халықаралық қауымдастықтың назарын бұруға тырысты. Олар Қытайда қамалғандардың туыс-жақындары мен Шыңжаңда қамауда болғандардың куәліктерін, олар туралы видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, көпшілікке таратты.

Серікжан Біләштің қолдаушылары сот ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 14 маусым 2019 жыл.

Серікжан Біләштің қолдаушылары сот ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 14 маусым 2019 жыл.

Ұйым жетекшісі Серікжан Біләш 2019 жылы наурыз айының басында Алматы қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталып, Нұр-Сұлтанға жеткізілген. Оның үстінен «ұлт араздықты қоздырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Бірнеше айдан бері Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған Серікжан Біләш өзін босатуды немесе үйқамақты Алматыға ауыстыруды сұраған. Оның отбасы Алматыда тұрады. Сот Біләштің өтінішін қанағаттандырмады.

Серікжан Біләш ұсталған соң халықаралық сарапшылар Қазақстан билігі өз азаматтарының құқығын емес, Қытаймен қарым-қатынасты жоғары қояды деп сынаған. Істің саяси астары бар деп болжаған халықаралық басылымдар Қытайдан жиі несие алатын Қазақстанның экономикалық әріптесі әрі алып көршісімен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтінін айтқан. «Атажұрт еріктілерінің» Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен қалаларында бөлімшелері бар.

Azattyq