Полиция әрекетіне шағымданған тұрғындар және блогердің «жоғалуы»

0

«ҚДТ-ҒА ҚАТЫСЫҢ БАР ДЕП АЙЫПТАДЫ»

«Ақжайық» басылымы осы аптада Атырауда сайлаудан кейін ұсталып, «полициядан құқай көрген» бірнеше азаматтың прокуратураға шағымданып жатқанын жазды. «Жас әйел де мемлекетке қауіп төндіре ме?» атты мақалада 28 жастағы Атырау тұрғыны Мерей Жазбаеваның оқиғасы баяндалады. Оны полиция маусымның 12-сі күні ұстап, «ешкіммен хабарласуға мүмкіндік бермей, бөлімшеде бірнеше сағат» ұстаған.

«12 маусымда кешкі сағат алты жарымдарда мені полиция қызметкерлері «Академия» аялдамасында №14 автобустан түсіріп алып, туыстарыммен және адвокатпен хабарласуға мүмкіндік бермей, алты сағаттан астам ұстады. Менің никнеймімді «ҚДТ-Батыс» тобының никнеймімен салыстыру үшін Тelegram қосымшасын ашуды бұйырды. Ұсталғаннан кейін телефонымды алып қойды» дейді Мерей Жазбаева басылымға.

«Ұстау туралы және ұялы телефонды алып қойғаны туралы хаттама берді ме?» деген басылым сұрағына ол «Ештеңе берген жоқ» деп жауап берген.

«Мені куәгер ретінде алдыртқанын айтты, демек адвокат қажет емес. Бірақ жауап алу кезінде мені ҚДТ (елде сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы) экстремистік ұйымына қатысы бар Telegram аккаунтының пайдаланушысысың деп айыптады. Шындығында менің ешқандай саяси күштерге қатысым жоқ» деген Мерей Жазбаева.

Полиция қызметкерлерінен ұстау жайлы қаулы талап еткен кезде тергеушілер қолынан тартып, кабинеттен алып шыққан.

«Мен дәлізде айқайлаумен болдым. Бұл бақылау камерасына жазылып қалған шығар деп ойлаймын. Жауап алу барысында тергеушілер өздерін дөрекі ұстап, қорқытып, тіл тигізді. Келесі күні телефонымды алу үшін полиция басқармасына адвокатпен бардым. Бірақ тергеуші бізді полиция бөлімшесі ғимаратынан қуып шықты» деген ол.

Жазбаева прокуратураға және ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік басқармасына шағым жазған.

«Шотландияда оқыған кезімде үйіме, Атырауға оралғым келетін. Олай етпеу керек пе еді?» деген ол күйінішпен.

Басылымның жазуынша, маусымның 12-сі күні Атырауда ұсталған ерлі-зайыпты Сүйіновтер де полиция тартып алған заттарын қайтара алмай, прокуратураға шағымданған. Олар интернетте өздері жайлы «жағымсыз ақпарат» тарап жатқанын айтып, белгісіз біреулердің әлі күнге дейін үйлерін торуылдап жүргенін айтқан.

«Осы оқиғалардан кейін Венераның (Венера Сүйінова) денсаулығы күрт нашарлап, екі рет қатты ауырып қалды, Жарияланымнан кейін үйіміздің жанында әлдебір адамдардың кезекшілік етіп жүргенін байқадық. Мекен-жайымызды өзгертуге тура келді. Әлеуметтік желілердегі бізге қарсы топты полициямен байланысы бар адамдар ашты деп ойлаймыз. Өйткені олардың жазбаларында пайдаланылған суреттер тек Венераның телефонында ғана бар еді» деген Аслан Сүйінов.

ОРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУШЫ ТАЛАБЫ

«Уральская неделя» басылымының жазуынша, Оралда тәуелсіз бақылаушылардың бірі Есболат Мейірбек облыстық сайлау комиссиясына өтініш беріп, Орал мен Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлау нәтижесі мен хаттамалардың көшірмесін беруді сұраған. Ол сонымен қатар жергілікті аумақ бойынша хаттамаларды санау кезіндегі жиынтық тізімді де сұраған.

Ал облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов дауыс беру нәтижесі ақпарат құралдарында жарияланады деп жауап берген.

«Дауыс берудің барлық нәтижесін «Казахстанская правда» газетінен оқып білуге болады, онан облыс бойынша дауыс беру көрсеткіштерін білуге болады. Мен әрқайсысына сайлау нәтижесін жібере алмаймын ғой» деген Ғайса Қапақов «Уральская неделя» басылымына да.

Қарай отырыңыз: Сайлау нәтижесіне тәуелсіз бақылаушылар неге наразы? ( 18 маусым 2019 жыл).

Алайда басылым «Казахстанская правда» сайтынан орталық сайлау комиссиясының жалпы қорытындысынан басқа өзге ақпарат таба алмаған.

Бұған дейін Оралдағы тәуелсіз бақылаушылар «Сайлау учаскелерінің 65 пайызынан жиналған дауыс беру хаттамасы бойынша, билік партиясы атынан қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев 40,4 пайыз дауыс алды. «Өзін оппозиция кандидаты» деп атаған Әміржан Қосанов 49,9 пайыз дауыс алды» деп мәлімдеген еді. Олар сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, қорытындысымен келіспейтінін айтқан.

«БЛОГЕР ӘНУАР НҰРПЕЙІСОВ ҚАЙДА?»

Қарағандылық «Новый вестник» сайты жас актер, блогер Әнуар Нұрпейісовтің «соңғы уақытта көрінбей кеткенін», Instagram-дағы парақшасында соңғы рет маусымның 4-і күні жазба қалдырғанын жазады. Актерді білетін кейбір таныстары мен әріптестері де блогердің қайда екенін білмейтін болып шыққан.

Актер Әнуар Нұрпейісов бұған дейін «Мен ояндым» жастар флешмобына қатысып, «Oyan, Qazaqstan» жастар қозғалысының құрылғаны туралы баспасөз жиынында жастар белсенділігі туралы, қоғамдық-саяси пікірін айтқан.

Жақында Нұрпейісовтен сұхбат алған журналист, блогер Әлия Исенова маусымның 18-і күні Instagram-дағы парақшасында:

«Достар, күн сайын жүздеген хабарлама келеді. Бәрінің сұрайтыны — «Әнуар Нұрпейісов қайда?» Әнуардың қайда кеткенін білмеймін. Шын. Мені қол қусырып отыр, іздемей жатыр деп айыптай да бастады. Ортақ таныстарымнан сұрап көрдім, ешкім ештеңе білмейді…» деп жазған.

Сайт өкілдері Алматы облыстық полиция департаментіне хабарласып көрген. Олар маусымның 20-сы күнге дейін Әнуар Нұрпейісов есімді азаматтан өтініш түспегенін және оған қатысты да бірде-бір арыз түспегенін айтқан.

ДМИТРИЙ БАГАЕВ КӨРМЕСІ

Қостанайда шығатын «Наша газета» басылымы осы аптада «National Geographic көрсе, суреттердің көбіне қызығушы еді» — Қостанайда атақты фотографтың көрмесі ашылды» атты мақала жариялады. Онда маусымның 21-і күні қаладағы сурет галереясында атақты өлкетанушы-фотограф Дмитрий Багаевтың (1884-1958) революцияға дейін және кейін түсірген ақ-қара түсті суреттер көрмесі жайлы жазылған. Көрмеге Дмитрий Багаевтың Павлодардағы мұражайынан әкелінген шамамен 50-дей репортаж, этнографиялық мазмұндағы, пейзаж бейнеленген суреттер де қойылған.

Басылылымның жазуынша, көрмедегі ең көне сурет 1907 жылы түсірілген. Суретте әскерилердің саяси тұтқындарды алып бара жатқаны көрінеді. Ол 1930-шы жылы «Совет одағы» журналында жарияланып, соның арқасында оны батыс елдері де көрген.

Дмитрий Багаевтың 1907 жылы түсірген суреті. Айдауылдар саяси тұтқындарды Павлодардан Семейге алып бара жатыр. Сурет "Наша газета" сайтынан алынған.

Дмитрий Багаевтың 1907 жылы түсірген суреті. Айдауылдар саяси тұтқындарды Павлодардан Семейге алып бара жатыр. Сурет «Наша газета» сайтынан алынған.

«Бұл суреттің қызықты тарихы бар. Императорға қарсы шыққан тұтқындардың жаяу тобын айдауылмен Павлодардан Семейге апара жатыр. Олар Багаев үйінің жанынан өткен. Фотограф оларды көрген кезде үйден жүгіріп шығып, фотоаппаратын жасырып, бірнеше рет суретке түсіріп үлгерген. Кейіннен оны бүкіл әлем көрді» деген Багаев мұражай үйі мемориалының жетекшісі Талғат Адамов.

«Совет одағы» журналына сонымен бірге Екібастұз шахтасында жұмыс істеп жүрген қазақ жұмысшысының суреті де жарияланған. Бірақ көрмеге ол сурет қойылмаған. Талғат Адамов бұл жолы көрмеге Ашаршылық, қуғын-сүргін кездегі суреттер топтамасын әкелмегенін, негізінен қазақтардың тұрмысы, Ертіс табиғаты жайлы фотодеректер қойылғанын айтқан.

«Менің ойымша, бұл суреттердің көбіне National Geographic қызығар еді деп ойлаймын. Себебі бұл дүниежүзі деңгейіндегі суреттер. Ол [Багаев] сталинизмнің сұрапыл кезеңінде өмір сүрді, бұл өнерді бүкіл әлемге көрсетуге мүмкін болмады» деді фотограф Николай Соловьев.

Бұл суреттер сол кезде қымбат саналған көшпелі Zeiss Ikon, америкалық Kodak eastman, студияда қолданылатын австриялық Voigtländer аппараттарымен түсіріліпті.

Azattyq