Түркияда Стамбул әкімін қайта сайлап жатыр

0

Түркияда Стамбул әкімін қайта сайлап жатыр. Әкімдікке 20 шақты үміткер бар болғанмен негізгі тартыс президент Режеп Ердоған жетекшілік ететін «Әділдік және даму» партиясының үміткері Бинали Йылдырым мен оппозициялық халықтық-республикалық партиясының кандидаты Экрем Имамоглу арасында жүріп жатыр.

Соңғы әлеуметтік сауалнама қорытындысына қарағанда оппозиция үміткері 9 пайызға артық дауыс алып, жеңіп шығуы мүмкін. Егер оппозиция жеңсе, 2002 жылдан бері алғаш рет «Әділдік және даму» партиясы Стамбулды басқару құқығынан айрылады. Елдің қазіргі президенті Режеп Ердоған 1994-1998 жылдар аралығында Стамбул әкімі болған.

Түркияда 31 наурызда муниципалдық сайлау өткен. Барлығы 57 миллион адам адам дауыс берген. Стамбул әкімін сайлауда оппозициялық партия атынан сайлауға түскен Экрем Имамоглудың билік партиясының кандидаты Бинали Йылдырымнан басым түскені хабарланған. Бірақ Түркияның жоғарғы сайлау комиссиясы Стамбул қаласы әкімін сайлау нәтижесін жарамсыз деп тауып, қайта дауыс беру өткізу туралы шешім шығарған.

Azattyq