Пайғамбарымыздың дүниеге келгенін яһуди қайдан білген? — Қазақстандағы Ислам
Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келген күні – тарихта елеулі оқиғалардың бірегейі болғаны көбімізге мәлім. Атап айтсақ, дәл осы күні Сауа көлінің суы тартылған, Сәмауа шөлін су басқан, Кисра сарайының 14 бағаны құлаған, ирандықтардың мың жылдан бері еш сөнбестен жанып келген оттары сөнген. Міне, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келерде анасы Әмина ғана емес, күллі әлем толғатқан.
Бүгін – әлемге рахмет болып жіберілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келген күні.
Айша (р.а.) анамыздан жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келген күні Меккеде саудамен айналысқан бір яһуди соңғы пайғамбардың дүниеге келгенін білдіретін жұлдызды көреді де, құрайыштықтардың өтіп жатқан мәжілісіне барып:
– Уа, Құрайыш жамағаты! Араларыңда осы түні дүниеге келген бала болды ма? – деп сұрайды.
– Аллаға ант етейік, білмейді екенбіз, – дейді отырғандар. Әлгі яһуди болса:
– Уа, Құрайыш жамағаты! Сендерге айтатын сөзімді естеріңе сақтап алыңдар! Осы түні ақырзаман үмбетінің пайғамбары дүниеге келді. Оның екі жауырынының арасында үстінде түгі бар қызғылт келген қалы бар! – деді. Мәжілісте отырғандар яһудидің бұл сөзіне таңғала тарқасып, үйіне бара сала отбасыларына болған жайды баяндайды. Кейбіреулеріне үйіндегілері:
– Абдуллаһ бин Абдулмутталибтің ұлы дүниеге келді. Есімін «Мұхаммед» деп қойды, – деді. Мұны білген «құрайыштықтар» яһудидің үйіне барып:
– Арамызда бір бала дүниеге келіпті, естідің бе? – дейді. Яһуди де:
– Бала мен сендерге хабар бергеннен кейін дүниеге келді ме, әлде дейін бе?
– Хабар бергенге дейін, – дейді олар. Яһуди өзін Хазіреті Әминаның үйіне алып баруды сұрайды. Яһуди Әминадан баланы көрсетуін сұрайды, Әмина баланы көрсетеді. Пайғамбарымыздың арқасындағы мөрді көрген бетте яһуди есінен танып қалады. Біршама уақыттан кейін есін жиып өзіне келеді. Айналасындағылар да:
– Өкініш болсын саған! Не болды, айтсаңшы?! – дейді. Яһуди болса:
– Алланың атымен ант етемін, бұдан былай Исраил ұлдарынан пайғамбарлық кетті. Қолдарынан кітап та кетті! Бұл Исраил ұлдарының өлтірілетініне және ғалымдарынан да қадір-қасиет қалмайтындығына берілген бір үкім. Арабтар пайғамбарлықпен үлкен абырой мен ұлықтыққа қол жеткізеді. Уа, Құрайыш жамағаты! Қуаныңдар! Алланың атымен ант етемін, сендер хабарды шығыстан батысқа дейін жеткізетін жағдайға қадам басып, жеңіс күшімен қуаттанасыңдар! – деді (Ибн Сағд, «Табақат»; Хаким, «Мүстәдрак»; Бәйхақи, «Дәләлиул-нубууа»).
Міне, күллі әлемді сүйіншілей келген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осынау дүниеге рахмет ретінде жіберілгендігі үшін Аллаға сансыз шүкір айтып, Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауатымызды жолдайық!
Сұлтан КЕРІМ