Көкшетау стансасының бастығына 18 миллион теңге айыппұл салынды

0

Сот айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде төлеуді міндеттеді

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. Көкшетау стансасының бастығы пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 18,7 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам вагондарды кедергісіз беру және жедел жөнелту үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған, сондай-ақ өкілеттігін асыра пайдалана отырып, бос тұрған вагондар үшін дебиторлық қарыз сомасын азайтқан.

Sputnik Қазақстан ер адамның ұсталғанын 2018 жылдың шілдесінде хабарлады.

«Ол он үшінші маусымда Көкшетау қалалық сотының үкімімен жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 18,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотталушы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылады», — делінген хабарламада.

Сот айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде төлеуді міндеттеді. Қылмыс үшін айыппұл төлемеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.



sputniknews.kz