Саудиялық ханзада журналисті өлтіруге тапсырыс берген
Корольдік отбасыға жақын үш дереккөздің агенттікке хабарлауынша, «ондаған ханзада» және корольдік отбасының басқа да мүшелері тақ мұрагері ретінде басқа адамды көргісі келеді, бірақ олар Сауд Арабиясының 82 жастағы королі Салман бен Абдел Әзіз Әл Сауд тірі кезінде ешқандай әрекет жасамайды. Король «сүйікті ұлына» қарсы шыға қоймас деп есептейді олар.
Дереккөздердің бірінің мәліметі бойынша, корольдік отбасы Салман корольдің жалғыз інісі — 76 жастағы Ахмедті қолдауға дайын. АҚШ шенеуніктері де соны жақтаған.
Бұған дейін Washington Post газетінің өз дереккөзіне сүйеніп хабарлауынша, Орталық барлау басқармасы Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Сауд оппозицялық журналист Жамал Хашоггиді өлтіруге тапсырма беруі мүмкін екенін анықтаған.
Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың мәлімдеуінше, Хашогги денесі бөлшектеліп, дипломатиялық өкілдіктен чемодандармен шығарылған. Консулдық қызметкерлері бұны «дипломатиялық мәртебесі арқылы» жүзеге асырған деді министр.
Сауд журналисі Жамал Хашогги Сауд Арабиясының Стамбулдағы елшілігінде 2 қазанда өлтірілді. Әуелі Эр-Рияд журналист консулдықтан шығып кеткен деп, үш аптадан соң оны өлтіргенін мойындады.
15 қарашада сауд прокуроры журналист өліміне айыпталған бес адамға өлім жазасын сұрайтынын жариялады. Сол күні АҚШ журналист өліміне қатысы болуы мүмкін 17 азаматқа қарсы санкция енгізді. Эр-Рияд мемлекет басшылығының кісі өлтіруге қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.