Тоқаев Қырғызстанға сапарлап барды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға барды. Бішкектегі халықаралық «Манас» әуежайынан Тоқаевты Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкали Абылғазиев күтіп алды. Бұл туралы Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Саясат, экономика мен қауіпсіздік мәселесін талқылайтын, Мәскеу мен Пекиннің ықпалы басым ұйым 2000 жылдардың басында құрылған. ШОС-қа Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мүше. 2017 жылы ұйым қатарына Үндістан мен Пәкістан қосылған. Ауғанстан, Беларусь, Иран мен Моңғолия бақылаушы ел статусына ие.
Тоқаевтан бұрын Қырғызстанға Қытай басшысы Си Цзиньпин жеткен. Оны әуежайдан президент Сооронбай Жээнбеков күтіп алып, екі лидер өзара қатынасты талқылаған. Жээнбеков кездесу кезінде «Қытайдағы аз ұлттар мәселесі — елдің ішкі ісі» деді. Қырғыз президенті «Қытай мен Қырғызстан қатынасы нығайғанын қаламайтын күштер барын» айтқан.
Наразылық пен полицияның күзеті қатар күшейген тұста сайлауда жеңіп, үш күн ішінде президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімін жедел өткізуге себеп деп атаған шаралардың бірі осы — ШОС саммиті еді. «Бішкек пен Душанбеде халықаралық жиындарға қатысамын. Бұл шараларда президент құзыретін толық қолыма алып қатысқаным дұрыс болар еді» деді Тоқаев.
Душанбеде 14-15 маусымда Азия континенті лидерлерінің саммиті өтеді деп жоспарланған.