Полиция велосипедпен кетіп бара жатып ұсталған тұрғыннан кешірім сұрады

0

Алматы полициясы Астана алаңынан велосипедпен өтіп бара жатқанда ұсталған тұрғын Арман Абдуллахановтан кешірім сұрады. Бұл туралы 13 маусымда Алматы қаласы полиция департаменті басшысы Серік Күдебаев айтты.

«Үш бала тәрбиелеп отырған жалғызілікті әке, жаттықтырушы Арман Абдуллахановтан кешірім сұрадық. Қазір қалада жағдай тыныш. Қаладағы қауіпсіздік бақылауда, алаңдауға негіз жоқ» деді Күдебаев.

10 маусымда Алматыда полиция Астана алаңы арқылы өтпек болған Арман Абдуллахановты велосипедінен күштеп түсіріп, көлікке салып алып кеткен.

Оқи отырыңыз: «Шеруге қатысқым келсе, велосипед пен сөмкесіз шығар едім»

Алматыда бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, қаладағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты.

12 маусымда Алматының орталығындағы, елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) наразылық акциясы өтетін орын ретінде атаған алаңның тұсынан жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Билік наразылық шарасына қатысушыларды «арандатушылар» деп атап, азаматтарды «қажет болған соң» ұстаған полиция «кәсіби міндетіне сай» әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Azattyq