Қызылордадағы автобус апаты: Оқиғаға куә болған жолаушы өз шындығын айтты — новости Казахстана

0

16-шы қараша күні Қызылорда облысының «Самара-Шымкент» тасжолында екі автобустың соқтығысуынан үш адам қайтыс болды. Екі автобуста барлығы 86 жолаушы болған, олардың көбі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Аман қалған жолаушылар оқиғаға не себеп болғанын айтып берді. Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Видеодан кадр

Фото: видеодан кадр

Оқиға халықаралық батыс Қытай- батыс Еуропа халықаралық жолында болған. Күшті соққы әсерінен автобустың артқы орындықтарына дейін қисайып қалған екен.

Көз алдында адамдардың қайтыс болғанын көрген жолаушы Бақыткүл Ералы әлі есін жия алмай жүргенін айтады. Сол күні ол Қазалыдан Қызылордаға баратын автобусқа билет алып, алдыңғы жақтағы орындыққа отырған Бақыткүл Ералы оқиғаның қалай болғанын өз көзімен көріпті.

«Алдымыздан бір жолдың үстіне бірнеше сиыр шықты. Жүргізуші сасқалақтап, рөлді бұрып жіберді. Сол кезде қарсы бетте Қызылордадан келе жатқан автобуспен соқтығыстық», — дейді куәгер.

Екі автобустың жоғары жылдамдықта соқтығысуынан 54 жастағы ер адам мен 21 жастағы бойжеткен оқиға орнында көз жұмса, жеті жасар балақай жансақтау бөлімінде бақилық болған.

видеодан кадр

Фото: видеодан кадр

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов жол апатынан зардап шеккендер қазір ем қабылдап жатқанын мәлімеді.

«Зардап шеккен 30 жолаушы облыстық ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Жалағаш аудандық ауруханасында алты науқас, Қармақшы аудандық ауруханада 15 науқас. Облыс орталығына алты науқас жеткізілсе, төрт науқас Қазалы аудандық ауруханада жатыр», — дейді Олжас Ысқақов.

Қазір ішкі істер департаменті жантүршіктірер апатқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Дереккөз: 31 арна

Еске сала кетейік, кеше 16 қараша Қызылорда облысының Қармақшы ауданында екі автобус соқтығысып, салдарынан оқиға орнында екі адам қайтыс болған еді.

Ал кейін жансақтау бөліміне жеткізілген үшінші жолаушының қаза болғаны хабарланды. Оның жеті жасар балақай екені анықталды.

Инвестициялар және даму министрлігі оқиғаның мән-жайын баяндап, екі автобустың соқтығысуын не себеп болғанын айтқан еді.