Мүфтият аналарының аяғын сүйіп, желіге салған жұлдыздарға қатысты пікірін білдірді
Аналарының аяғын жуып, бұл әрекетін әлеуметтік желілерге жарыса жариялаған әншілер жұртқа жақпай қалды. Мұны эстафетаға айналдырып, камера алдында қамқор бала болып көрінгендердің тірлігін журналист Мәди Манатбек алғашқылардың бірі болып сынға алды. Көпшіліктің көзінше жасалған амал анаға көрсетілген құрмет болып есептеле ме? Мұны ислам діні қолдай ма? ҚМДБ Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Манапұлы осы сұрақтың жауабын Stan.kz тілшісіне берді.
«Асыл дініміз ата-ананың дәрежесін өте жоғары қояды. Олардың мәртебесінің биіктігі соншалық Алла Тағаланың жалғыздығына иман келтiруден кейінгі екiншi орында Өзіне құлшылық қылу мен ата-ананың ақысы тұрады. Бұл сөзімізге Құрандағы «Раббың Өзiне ғана ғибадат етулерiңдi, ата-анаңа жақсылық қылуларыңды әмiр еттi» («Исра» сүресi, 23 аят), «Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым» («Лұқман» сүресі, 14-аят) деген сынды аяттар дәлел болады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ата-анаңа жақсылық жаса, егер солай жасаған болсаң, сен қажылық, умра, жиһад жасағандай сауап аласың» деген хадисі бұл пікірімізді үстемелей түседі. Жалпы, осы сынды ата-ананың ақысы жайлы аяттар мен хадистер өте көп.
«Жұмақтың кілті – ананың аяғының астында»
Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде «Жұмақтың кілті» атты эстафета басталған болатын. Бастаманы көтерген ел өнерпаздары аналарының аяғын жуып, табанын сүйіп, ата-ананың қаншалықты қадірлі жан екендігін тілдеріне тиек етіп, өз парақшаларында бөлісе бастады.
Аналарына деген ықылас-ниетін, құрметін осындай жолмен білдірген өнерпаздардың бұл әрекетін көпшілік әрқилы қабылдады. Желі қолданушыларының бірі қолдау білдіріп, анасына ұзақ ғұмыр тілесе, енді бірі бұл әрекеттің ерсі екендігін, оны жалпақ жұртқа жария етуді рия санап, жөн көрмейтінін жарыса жазды.
Осы ретте, өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.
Біріншіден, аяқты сүю – исламда бар дүние.
Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), ұлы адамдардың, ата-ананың аяғын сүюге болатындығы жайлы деректерде кездеседі. Әрі бұл сауапты іс саналады. Дегенмен, сауапты істің рияға, мақтангершілікке айналып кетпеуін де ескеру қажет. Оның үстіне ділге (менталитет — ред.) томпақ емес пе, жергілікті дәстүрге ерсі болмайды ма, оған да мән берген абзал. Арабтарда, түріктерде ата-анасының аяғын сүю қалыпты жағдай болғанымен аяқ түгілі қолды сүймейтін қазақ үшін ерсі көрініп жатқандығы сондықтан болса керек-ті.
Бұл жерде «Жұмақтың кілті – ананың аяғының астында» деген хадисті тікелей түсінуге болмайтынын, ауыспалы мағынада айтылғандығын бәрі жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Яғни, бұл хадистің мәні қаншалықты анаңның қызметінде болып, жақсылық жасасаң, мейірімділік танытып, көңілінен шықсаң, разылығын алсаң соншалықты жұмаққа жақындай түсесің деген сөз.
Екіншіден, бұл бастаманы көтерген азаматтардың бұл қадамдары ізгі ниеттен, шынайы ықыластан, өзгелерге жақсы үлгі болсын деген жақсы ойдан туды ма, әлде «хайп» деп жатырмыз ғой бүгінде, яғни өздерін жарнамалау үшін жасады ма оны біз білмейміз. Жүректегіні білуші Алла ғана. Сондықтан да, бұл әрекетке біржақты баға беруге болмайды деп санаймыз.
Үшіншіден, әркімнің ақпаратты, оқиғаны қабылдауы әртүрлі. Елдің екіге жарылғандығы да сол себептен. Жалпы, бүгінде біздің қоғамға өзара түсінісу, өзгенің ойын құрметтеу, бір-бірін қолдау, сынды салихалы жолмен жеткізу, сол сынды қабылдау секілді қасиеттер жетіспейтіндей.
Осы аталған қасиеттер бойымыздан табылып жатса, эстафетаны қолға алған бастамашыл азаматтарымыз ниеттері қаншалықты ізгі болғанымен «ертең ел қалай қабылдайды, дұрыс түсінбей қалмай ма, ерсі емес па екен?» деген сынды сұрақтарды ой елегінен өткізіп барып, бұл қадамға барар ма еді?!
Немесе сын айтып жатқан жұрт керісінше «дін мен дәстүрімізге қайшы, ділімізге тән емес, ұлттық болмысымызға жат шығармашылығымен, ұятты қылықтарымен танылып жүрген өнер иелерінің жанында қашанда өздерінің қазақылығымен ерекшеленіп тұратын осы азаматтардың бұл бастамасы әлде-қайда үлгіаларлық, тәрбиелік мәні бар дүние ғой» дейтін ба еді?!
Бір қуантарлығы, қолдаушылар да, сын айтушылар да ата-ананы қадірлеу керектігін, оларды әрдайым құрметтеу қажеттігіне келісіп, ата-анаға қамқор болуды барлығы дерлік қолдап жатты. Сын айтушылар тек формасының дұрыс болмағандығын жеткізді. Өз басым екі тараптан да ізгіліктің нышанын байқадым.
Бірінші тараптан — «бүгінгі кейбір қандастарымыздың өз әке-шешесін, қазыналы қарттарымызды қарттар үйіне өткізіп жатқан кезеңде бәлкім ел алдында жүрген азаматтардың анасының алдында басын иіп, табанын сүюі әлгіндей әке-шешесінен азарда-безер болып жүрген жұртқа жақсы сабақ болар ма екен?!» деген ізгілікті.
Екінші тараптан — «ана деген қасиетті жанның, қастерлі ұғымның қадірін түсіріп, ата-ананы құрметтеу құр жасандылыққа, көзбояушылыққа айналып кетпес па екен?!» деген алаңдаушылықты. Оны да ойлау керек! Ата-анаға жақсылық жасау, құрметтеу анда-санда акцияларда ғана жасалатын дүние емес, үздіксіз орындалатын міндет. Себебі, Алланың ризалығы – ата-ананың разылығында! Жұмақ – ананың табанының астында!
Ата-анаңызды қалай құрметтесеңіз, өз балаңыздан да сондай құрмет көресіз. Балаңыздан келешекте қандай жақсылық күтесіз, алдымен соны ата-анаңызға жасаңыз! Жақсылық қылсаңыз да өзіңізге, жамандық қылсаңыз да өзіңізге! — дейді имам Мұрат Манапұлы.
Имам ата-ананы шынайы түрде ардақтап, көңілдеріне қаяу, жүректеріне қайғы салудан сақ болуға шақырады.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz