Алматыда полиция сайлауға қарсы шыққан жүзге жуық адамды ұстады
9 маусымда Алматыдағы ескі алаңда полиция жүзге жуық адамды ұстады. Алаңға жиналған жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына қарсы шықты.
Алаңда тұрған полиция мен арнайы жасақ «Бойкот», «Масқара» деп айғайлап тұрғандарды шетінен ұстап әкетті. Полиция ұсталғандарды Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне апарғаны хабарланды.
Полиция ескі алаңнан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы да департаментке әкетті. Тілшінің қолында құжаттары және редакция тапсырмасы болған. Троценко оның алдында алаңда полицияның ондаған адамды ұстап жатқанын көрген.
Тілшімен автобуста отырғандар «Бойкот!» «Бостандық!» деп айғайлағаннан кейін полицияның қолдарын қайырып ұстағанын айтты. Алматы қалалық полиция департаменті мен ішкі істер министрлігі оқиғаға байланысты әзірге түсініктеме бермеді.