11 жастағы оқушы математикадан ең қиын тестті тапсырды — Ғылым-Бiлiм

0

Жапонияда 11 жастағы оқушы математикадан тест тапсырды, әдетте ол математик студенттерге беріледі, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Тhe Japan Times басылымына сілтеме жасап.

Хирото Такахаси Токиода тұрады және бесінші сыныпта оқиды. Ата-анасының айтуынша, Хирото үш жасында математикаға әуестене бастаған. «Мен математик болғым келеді, жаңа гипотезалар шығарып, жаңа теоремаларды дәлелдегім келеді», — деді бала.

Бала тапсырған тест «Сугаку кэнтэй» деп аталады. Бұл математикадан жапониялық ұлттық тест. Ол 14 кезеңнен тұрады, әр кезең сайын қиындап, терең білімді талап етеді. Ең жеңіл кезең — 14-нші, оны мектеп жасына дейінгілер тапсырады. Ондағы тапсырмалар баланың сандар мен геометриялық пішіндерді ажыратуын анықтайды. Бірінші кезең колледж және университет студенттеріне арналған. Онда студенттер математикалық негізгі алгоритмдер түсінігі мен бірнеше ауыспалы функцияларды көрсетуі тиіс. Қазанда осы тесттің бірінші кезеңін тапсырғандардың 9,4 пайызы ғана емтиханды сәтті тапсыра алған.

Бала бұл тесттің барлық кезеңін тапсыруға бес жастан дайындалыпты. Жеті жасында Такахаси үшінші деңгейдің тестін тапсырған, ол 11-сынып оқушыларына арналыпты, ал келесі жылы — екінші деңгейді, оны әдетте мектеп бітіруші 12-сыныптың оқушылары тапсырады. Екеуінде де ол тест тапсырушылар арасындағы ең жас қатысушы болған және олардан сәтті өткен.