Прагада билікке қарсы соңғы 30 жылдағы ең ірі акция өтті
4 маусымда Чехия астанасы Прагада коммунистік режимнің құлауына негіз болған 1989 жылғы революциядан кейінгі ең ірі наразылық акциясы өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, акцияға 120 мың адам қатысқан.
Праганың орталығындағы Вацлав алаңына жиналған азаматтар премьер-министр Андрей Бабиш пен ол тағайындаған әділет министрі Мария Бенешованың қызметтен кетуін талап етті. Наразылар үкіметті «елдегі сот жүйесіне қысым жасайды» деп айыптады.
Чехиядағы наразылық сәуір айындағы полицияның мәлімдемесінен кейін күшейген. Онда полицейлер премьер-министр алаяқтық ісі бойынша сот алдында жауап беретінін айтқан. Наразылар жаңадан тағайындалған әділет министрі осы «іске араласуы мүмкін» деп қауіптенеді.
Бұған дейін Еурокомиссия дайындап жатқан баяндамада Еуропа одағының субсидиясын Бабиштің иелігіндегі компания пайдаланып отырғаны сынға алынғаны мәлім болған еді. Еурокомиссия мүшелері Бабиш мүдделер қақтығысына жол берген деп санайды. Чехия премьер-министрі бұл айыптаумен келіспейді.
Прагадағы митингіні «Демократияның миллион сәті» тобы ұйымдастырған. Онымен бірге жаппай наразылық акциясына бірнеше оппозициялық партияның депутаттары да қатысқан.
2017 жылдан бері Чехия премьер-министрі қызметінде отырған Андрей Бабиш «Ано!» («Иә!») популистік партиясын басқарады. Чехияның ең бай адамдарының бірі саналатын оның дәулеті 3,7 миллиард долларға бағаланады.