Тоқаев пен Туск кездесуінде адам құқығы айтылды ма?
Қазақстандағы Еуропа Одағы өкілдігінің Twitter-дегі парақшасы Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск пен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамырдың 31-і күні шағын және кеңейтілген форматта кездесу өткізгенін хабарлады.
«Тараптар Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясына байланысты әріптестікті дамыту, Еуропа-Азия байланысын нығайту мәселелерін талқылады» делінген жазбада.
Дәл осы кездесу өтісімен Еуропа Одағы кеңесінің сайтында Дональд Тусктің Қазақстан президентімен кездесуден кейін айтқан сөзі жарық көрді. Онда ЕО кеңесінің басшысы Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқан.
Қазақстанның «Еуропа мен Қиыр Шығыс, Ресей мен Оңтүстік Азияны байланыстырушы» маңызды әріптес екенін атап өткен Туск Тоқаевпен кездесуде осы әріптестік жайын, «бизнес климат, заңнама, негізгі адам құқықтары, тиімді басқару және жемқорлықпен күресті жетілдіру» бойынша реформаларды талқылағанын жазды. Ол сонымен бірге кездесу кезінде саяси транзит мәселесі де сөз болғанын айтқан.
Қазақстанға саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні келгенін атап өткен Туск «бұрынғы советтік лагерь құрбандарына арналған АЛЖИР мемориалы — тоталитаризм режимінде адам рухының берік болып қалғанын көрсететін қуатты символ. Жерлестерімнің де көбі ГУЛАГ-та өлген. Бұл демократияға өту кезеңінде поляк және еуропалық тәжірибені (оның ішінде жеке тәжірибем де бар) еске алуыма түрткі болды. Бұл көп құрбандықты талап етті, бірақ ол бостан-босқа кеткен жоқ» деп жазды.
Келіссөздің жай-жапсары жайлы әзірге бұдан басқа ақпарат жарияланбады.
Мамыр айының ортасында Еуропа Одағы Орталық Азиямен қарым-қатынасты дамыту бойынша жаңа стратегиясын қабылдады. Онда өзге мәселелермен қатар Орталық Азия елдеріне адам құқығы және азаматтық қоғамды дамыту бойынша қолдау көрсету жайлы жазылған.
ЖАСТАРДЫҢ АШЫҚ ХАТЫ
Еуропа Одағы кеңесі төрағасының Қазақстанға сапары қарсаңында Тусктің атына жазылған бірнеше жүз азамат қол қойған хаттың мәтіні жарияланды. «Сайлауалды кезеңдегі адам құқығының өрескел бұзылуына» арналған ашық хатта авторлары Тускті билікпен келіссөзде осы мәселені қозғауға шақырған.
Азаматтық белсенді Данияр Хасеновтің айтуынша, хат мазмұнын он азамат құрастырған. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде жарияланған хатқа 300-ге жуық азамат қол қойған. «Қажетті қол жинаған соң хатты Қазақстандағы Еуропа Одағы өкілдігіне жібереміз» дейді белсенді.
Дональд Тусктің «Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және сайлауалды кезеңде келуінің мәні бар» деген Данияр Хасенов Еуропа Одағының елдегі адам құқығы ахуалына назар аударатынына үміттенетінін жеткізді.
Мамырдың 31-і күні тараған хатта авторлар мамырдың 1-і күнгі бейбіт шеру кезінде әділ сайлауды өткізуді айтқан қарапайым тұрғындардың әкімшілік жазаға тартылып, рұқсат етілмеген митинг өткізгені үшін қылмыстық жазаға тартылғанын дәлел ретінде келтірген.
Қарай отырыңыз: Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылық (1 мамыр 2019 жыл):
Хатта мамырдың 9-ы күні кейбір сайттар мен әлеуметтік желілердің бұғатталуы жайлы да айтылған.
«Сол күні құқық қорғаушылар үйінің алдында немесе мерекелік шара кезінде 41 белсендінің ұсталғанын тіркеді. Ұстаулардың көбі «профилактикалық сипат» (яғни, «құқық бұзушылық тіркелмей жатып, ұстау» — ред.) алды» делінген мәлімдемеде. Онда сонымен бірге жас белсенділерді әскерге шақырудың «саясиланғаны» және плакат пен баннер үшін белсенділерді қудалау жайлы айтылады.
Хат авторлары Қазақстан билігінің «Еуропа парламентінің 2019 жылы 14 наурыз күні қабылдаған резолюциясы және АҚШ мемлекеттік департаментінің 2019 жылдың 13 наурызы күні жарық көрген баяндамасына қажетті дәрежеде ескермегенін» атап өткен.
Мәлімдеме авторлары бұған қоса, Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі араздық тудыру және экстремизм жайлы баптардың бұлыңғыр жазылғанын, оның билікті белсенділерді қудалау мақсатында қолданатынын жазған. Құжатта сонымен бірге Азаттық және «Настоящее время» арнасының тілшілері Сәния Тойкен мен Светлана Глушкованы кәсіби қызметі үшін қудалау жалғасып жатқаны айтылған. Олар халықаралық ұйымдар әділетсіз және саясиланған деп тапқан сот шешімдерінің күшін жою бойынша мәлімдемелерге биліктің құлақ аспайтынын атап өткен.
Хаттың Дональд Тускке жеткені-жетпегені әзірге белгісіз. Олар Twitter-де Тусктің ресми логинін де белгілеген.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар бар дегенді жоққа шығарып келеді және белсенділер қудаланады деген тұжырыммен келіспейді. 2019 жылы ақпан айында БҰҰ-ның Женевадағы отырысында Астананың есебін талқылау кезінде Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Сәкен Самет «азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын» еркін пайдаланып, мемлекет мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындауға күш салып жатқанын айтқан.
Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Тусктің Орталық Азияға сапары бүгін аяқталады. Ақпарат бойынша, ол Нұр-Сұлтан уақытымен кешке Өзбекстанға бармақ.
Мамырдың 29-ы күні Тәжікстанға барған Дональд Туск Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен өзге мәселелермен қатар адам құқығы жайлы сөйлескенін мәлімдеген еді. Бұған дейін елдегі бірқатар белсенділер оның елге сапары бағдарламасында азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу қарастырылмағанына наразы болған.