Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы соңғы ойында Грузиядан ұтылды

0

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы соңғы ойында Грузиядан ұтылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасындағы бәсекені аяқтады. Топтағы соңғы ойында Станимир Стойлов жаттықтыратын команда Тбилисиде Грузия құрамасына есе жіберді.

Ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Үш гол да екінші таймда соғылды.

Тбилисидегі ойынға қақпашы Ненад Эрич, жартылай қорғаушылар Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков пен Еркебұлан Тұңғышбаев барған жоқ. Жаттықтырушылар құрамы жастар мен өзге де ойыншыларға сенім артты.

«Тобыл» командасының қақпашысы Дмитрий Непогодов ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынына қатысты. Украиналық спортшы Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік алған еді.

Ойындағы алғашқы голды 59 минутта Георгий Меребашвили соқты. 83 минутта Георги Чакветадзе жеке шеберлігін танытып, есепті еселеді. Бұл ойыншы алғашқы ойында да гол соққан болатын. Жай гол емес, Ұлттар лигасындағы алғашқы тарихи голды да Қазақстан құрамасы қақпасында тулатқан еді.

89 минутта алаңға Оралхан Өміртаев шықты. Араға 1 минут сала гол соғып, есепті қысқартты. Бұл шабуылшының ұлттық құрамадағы алғашқы ойынындағы алғашқы голы болды.

Төреші қосқан қосымша 3 минутта есеп өзгеріссіз қалып, алаң иелері жеңіске жетті.

Топта 16 ұпай жинаған Грузия құрамасы 1-орын алды. Қазақстан құрамасы 6 ұпаймен 2-орынға тұрақтады. Латвия мен Андорра құрамалары 4 ұпаймен жарысты аяқтады. Соңғы ойында екі құрама 0:0 есебімен тең тарқасты.

Грузия құрамасы С дивизионына жоғарылады. Сондай-ақ 2020 жылғы Еуропа чемпионаты жолдамасына таласады.

Айта кетейік, Грузияны 2013-2015 жылдары «Қайрат» командасының тізгінін ұстаған Владимир Вайсс жаттықтырады.