Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Ақынға тірі ескерткіш

0
Біз қаладан да, аудан орталығынан да жырақтағы Жандосов атындағы колхозда тұратынбыз. Өзімізге осы шағын колхоздан артық елді мекен жоқ сияқты болатын. Аспан әлемінің қожасы — күн нұрын тек біздің ауылымызға ғана төгіп тұратындай көрінетін. Тіпті біздің ауылымыздағы жарқ етер күн басқа жерге де шығып тұрады дегенді мен өзім де, басқа балалар да таңданып тыңдайтынбыз.

Шілде шығып, күн аптабы басылып, қоңырқай салқын тарта бастаған кез. Август айының соңғы күндері зымырап өтіп кететін баяғыдан бергі әдеті. Әдейі сентябрьді — мектепке барар күнді тездеп жақындатып келеді.

Күннің бір шеті батып, бір шеті жанып тұрған шақта кеш алдында Асқар ағай жорға торы биесімен Ұзынағаштан үйіне келіп түсті. Біз бәріміз Әбдісәлем де, Хамитта та, Қалибай да кітапқа ақша төлеп қойғанбыз. Ауданнан келген мұғалімді көре салып, артынан жүгірдік. Мұғалімнің бөктерген қызыл қоржыны бар. Екі басы толған кітап. Оны ересектеу Қалибай мен Хамит көтеріп үйге кіргізді. Менің оған шамам келіңкіремейді.

Үйіне кірген соң мұғалім кітапты ақтарды. Әрқайсымыздың сыбағамызды берді. Маған төрт кітап тиді. Енді үш-төрт кітап алуым керек екен, ол қазір болмағандықтан кейінге қалыпты.

Асқар ағай сыртын кендірмен бір шалып байлаған бір буда ақ қағазды шешті. Ақ қағаз дегеніміздің ішінде сурет бар екен. Суретте көзінің қарасынан аласы көптеу, бұйра шаш, жақтауының бәрі қаптаған жүн бір адам қолын қусырып отыр. Астында бірді-екілі жазу бар екен, ол біздің көзімізді тарта қойған жоқ, мұғалім бұл суретті де бізге бір-бірден үлестірді. «Үйлеріне іліп қойыңдар» деді. Мен кітаптардан гөрі мына суретті үлкен олжа көрдім, оны құрмет тұттым. Жасыратын не бар, бас ауыртып оқып жатқанша кез жүгіртіп қарай салатын маған сурет жақсырақ сияқты. Байқасам балалардың бәрінін қызыққаны да сурет екен, олар да кітап алғандарын құрмет тұтпай, суретке қатты қуанған жайы бар. Үлесімізді алған соң үйді-үйімізге тарадық.

Үйге келген соң, кітапты елеусіз қоя салып, жаңа мұғалім үйінде қысылып көре алмаған суретті мақтана жайып тастап, оған үріккен танаша тесіле қараймын. Ұстап тұрған жерімді жібере салғанымда қағаз шиыршықталып, бұрынғы орнына барды. Осы кезде «қайсы суретіңді көрейін» деген өзімнің мектепте бірге оқитын, бірге туған апам Ідікейге «көрем деп былғарсың» деп шыж-көбек болып көрсетпеймін. Ідікей менен гөрі ересектеу болғандықтан ба, әлде қыздар суретке әуес емес пе, бір қараған соң оған маңыз да берген жоқ, тіпті қайта айналып қарамады да.

Мен суретті ілудің қамына кірістім. Мық шегенің ол кезде ауылға әлі келе қоймаған кезі. Мен бір-бір сүйем төрт шегені әкеліп, басына қағазды түйіртпектеп өткіздім. Сөйтіп көшпенділік өмірден отырықшылыққа айналғанына әлі алты-жеті жыл ғана болған.үй салудың мәнісін білмейтін елдің куәлектен тұрғызған балшық үйінін қабырғасына жаңағы бір-бір қарыс шегені бойлаға қағып, суретті ілдім. Мүмкін мен ілген сол сурет біздің ауылдың үйлерінде алғаш, тұңғыш қыстырылған сурет шығар. Бұған дейін мектепте қыстырулы тұратын Ленин мен революционер Op аз Жандосовтың суретінен басқа еш жерде сурет болмайтын.

Сурет бағанағысындай емес, бір түрлі жан кіріп, әдеміленіп кеткен сияқты. Ешкім жоқта суретке әбден қарап алдым. Ол кезде біз латын әрпімен оқығандықтан орысша «Александр Сергеевич Пушкин» деген жазуды зорға шығарып оқыдым.

Суретті іліп, енді ғана оқулықтарды қолыма алдым. «Қоғамтану» деген кітаптың ішін ақтарып едім, «ерте замандағы жаяу жарыс» деген бес кісінің жарысып келе жатқан суретінен басқа түк жоқ екен. Суреті аз болған соң бұл кітап көңіліме ұнамай қалды. Одан «Жаратылыс тануды» алдым. Ол кітаптың ұнағаны сонша тіпті қойныма тығып қойдым. Ішінде аю, қабылан, арыстан, жолбарыс, керік, тағы басқаларының суреті көп екен. Бұл кітапқа ерекше құрметпен қарадым. Сондықтан да оны басқа кітаптардан ерекше, газетпен қаптап тастадым. Ал арифметика оқулықтарын ашқаным да жоқ, оған қарасам жүрегім айнып кетеді.

Осы жерде жұмыстан шешем келді. Шешем суретті бірден байқамады. Мен «апа» деймін, ол кісі «ау» дейді де, мен қайта үндемеген соң оз шаруасымен болады. Мен «апалауды» жиілеттім. Екі көзім Пушкин суретінде. Тез көрмегеніне ренжіп те отырмын. Бір кезде маған қарады да, мен қарап отырған жаққа көз тастап:

— Oh, сурет қыстырған екенсің ғой, суретің әйбат екен, балам,— деді. Мен мақтанып қалдым. Мен енді әдебиет оқулығын ақтара бастадым. Ұқыпсыз салынған қиюсыз есікті шиқылдата ашып біреу келді, көршіміз Малкелді екен. Ол менің қасыма келіп, текеметке жантайып жатты.

Әдебиет оқулығын ақтарып отырып, қабырғаға іліп қойған суретті кітаптың ішінен де тауып алдым. Оқысам тура жанағы сурет. Астында «Балықшы мен балық» деген өлең басылыпты. Оның шекесіне де «А. С. Пушкин» деп жазып қойыпты. Өлеңді дауыстап оқи жөнелдім:

…Жарық анау астауың,

Ең болмаса алмапсың,

Астаудың да бір сауын…

Мен «Балықшы мен балықты» дауыстап оқып бітірдім. Малкелді де, біздің үйдің іші де ұйып тыңдады.

— Мұны жазған кісі кім екен?—деп сұрады Малкелді менен. Мен:

— Пушкин,— деп жауап бердім. Өстіп отырғанда есіктен бір әйел асығыс кірді де, «әйелің толғатып жатыр»деп, Малкелдіні ерте жөнелді.

Ертеңіне білдім. Малкелдінің әйелі босанып, ұл туыпты.

— Баламның атын түндегі сен оқыған ақынның атын қойдым. Бөшкін қойдым,— деді.

Мен оның аты Бөшкін емес Александр ғой, ал Пушкин деген фамилиясы және Бөшкін емес, Пушкин деп айтып түсіндіргім келді. Бірақ ішінде бүкпесі жоқ қазақтың ақ ниетін, пейілін аңғарып, үндемедім. Осыдан кейін мен де, біздің ауыл да Пушкинді білетін болдық, ұмытпайтын да болдық. Мүмкін кітаптан оқыған, суретін көрген Пушкин мен есейіп, оқығанда ұмытпайтындай дәрежеге келгенге дейін ойынның астында қалып қояр ма еді, қайтер еді. Енді тіпті жазғы каникул күндерінде де Малкелді баласы Пушкин менің кез алдымда жүгіріп жүретін болды. Мен кейін ол баланын он жылдық бітіргенін де көрдім. Сонда көрген сайын бұл да Пушкиндей адам болар деп үміттенемін. Мүмкін ол Пушкиндей ұлы ақын болар. Тіпті ақын болмаса коммунизм заманының белсенді бір құрылысшысы болар. Әйтеуір оны көрген сайын менің есіме Пушкиннің жүз жылдық мерекесі түседі. Мен оны Пушкиннің жүз жылдығына ауылға орнатылған тірі ескерткіштей сезінемін, Пушкиннің өзі арамызда жүргендей көремін.

1958