Тоқаев жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма, 24 мамырда «мемлекеттің экономикаға ықпалын шектеу мақсатында» жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады. Бұл ақпаратты мемлекеттік БАҚ хабарлады.

«Біз мемлекеттің экономикадағы рөлін нақты анықтап алуымыз керек. Қиын кезеңдерде мемлекет үнемі экономикалық даму міндетін арқалады. Экономиканың жүйелі түрде бәсекеге қабілетті болуы жеке бизнес есебінен қалыптасатынын ұмытпау керек. Дәл осы себепті экономикадағы мемлекет үлесін Экономикалық әріптестік және даму ұйымы елдерінің стандартына сәйкестендіру міндеті қойылды. Бұл жеке инвестиция мен шағын және орта бизнестің дамуына қозғау салады» деді Тоқаев ұлттық инвесторлар кеңесі жиынында.

Ол үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік компанияларға рұқсат етілген барлық қызмет түріне тексеріс жасап, оларды қысқарту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырған.

«Бүгін экономикада жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялаймын» деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, қазіргі кезде банкроттыққа ұшыраған шамамен төрт мың кәсіпорын бар, ал олардың қарызы төрт триллион теңгеден асқан.

Тоқаев мұндай мәлімдемесі мемлекет пен мемлекеттік корпорациялардың қарызы өскені жайлы ақпарат жиілеген шақта жасалып отыр.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті кандидатты тіркеді. Қазақстан қоғамында соңғы айларда сайлау кампаниясының жасанды сипаты мен шынайы балама кандидаттың жоғы айтылып жүр.

Azattyq