Аян Дүйсенбаев тойына бір топ басшыны ертіп апарған

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Арнайы комиссия Атырау облысы полициясының бұрынғы басшысы Аян Дүйсенбаев қызметтік тәртіпті бұзды деген шешім қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди генерал-майор Аян Дүйсенбаевтың не үшін қызметінен босатылғанын айтты. Атырау облысына барған арнайы комиссияны Калайчидидің өзі басқарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қызметтік тергеу қорытындысы

Тексеріске сәйкес, облыстық полицияның бұрынғы басшысы Аян Дүйсенбаевтың қызметтік тәртіп бұзғаны белгілі болды. Ол генерал-майор шенін алғаннан кейін өзінің туған ауылында тойдың ұйымдастырылатынын білген. Сол үшін жұмысын тастап, өзімен бірге басқа әріптестерін де тойға алып барған.

Тағы оқыңыз: Тоқаев ат мінген полиция бастығына қатысты шара қолдануды тапсырды

«11 мамырда күшейтілген режим болды. Соған қарамастан, Дүйсенбаев Атырау қаласынан кетіп қалған. Сөйтіп, қызметтік көлікпен туған ауылына шығып кетті. Оған қоса, екінші қызметтік көлікпен басқа басшыларды да алып барды. Ол генерал-майор шенін алуына байланысты тойдың ұйымдастырылып жатқанын білген «, — деді Калайчиди елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Дүйсенбаев өзі мінген атты иесіне қайтарып берген. Алайда қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін қызметтен босатылды.

«Біріншіден, ол күшейтілген режимге қарамастан жұмысты тастап кеткен. Оған қоса, басқа басшыларды да алып барды. 100 шақырым шалғай жердегі Мақат ішкі істер департаментінің басшысын да шақырып алды. Сондай-ақ, Дүйсенбаев этиканы бұзып, қоғамдық резонанс туғызды. Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған», — деп атап өтті Калайчиди.

Тағы оқыңыз:  Атырау облысының полиция бастығына ат мінгізді

Тексеріс нәтижесінде Дүйсенбаевпен бірген тойға барған бірнеше басшы жазаланды. Атап айтқанда, ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы жұмыстан шығарылды. Ол тәртіпті бұзғаны туралы ескерту жасаудың орнына тойға Дүйсенбаевпен бірге барған. Басқа басшылар қатаң тәртіптік жазаға тартылды.

Еске сала кетсек, желіде Аян Дүйсенбаевтың ауылдастары сыйға тартқан атқа мініп, халық қошеметіне бөленген видео тараған болатын. Мемлекет басшысы Атырау облыстық полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл үшін өңірге арнайы комиссия аттанып, тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес шешім қабылданған. 

Казиноға қатысты шу

2018 жылы әлеуметтік желіде Аян Дүйсенбаевқа ұқсас азаматтың казинода ойнап отырған сәті түсірілген видео тарап кетті. ІІМ-нің роликке қатысты берген түсініктемесіне сүйенсек, видео 2014 жылы түсіріліпті, ол кезде Дүйсенбаев досымен бірге Минскіде демалыста болған екен.

Тағы оқыңыз: Қостанай полицейі 400 мың теңге пара алып жатып ұсталды

Ішкі істер министрлігі сендіргендей, ер адам ойынханаға досын алып кетуге барады. Дүйсенбаев құмар ойынын ойнамаған, бұған «2014 жылдың қазанында жүргізілген тексеру дәлел».



sputniknews.kz