«Домбыра тартатын қазақтың соңы біз шығармыз»

0

Түркияның Алтай ауылында тамыздың 30-ы – жергілікті Жеңіс күні туған Өмір Өзкалпқа ата-анасы азан шақырып, Зафер (түрікшеден «жеңіс» деп аударылады – ред.) деп ат қойған. Бірақ үй-іші мен құрдастары Өмір деп атап кеткен. Мектепке барған кезінде құжатындағы есімі лақап атының түрікше формасында «Омер» деп жазылып кеткен. Кейін кәсіп іздеп Еуропаға қоныс аударған ол Франция азаматтығын алар кезде «Виктор» деген есім жалғап алған. Мұның да мағынасы – «жеңіс».

Қытайда коммунистердің қуғынына ұшырап, Гоби мен Такламакан асып, Кашмирге өткен қазақтардың ұрпағы үшін Түркияда білім алып, Францияда тәжірибе жинап, Германияда кәсіпкер атану үлкен бір жеңіс іспетті.

ТЕРІДЕН КИІМ ТІГУ

Өмір әскери міндетін Стамбул қаласында өтегенін айтады. Орта мектептен асып әрі оқымаған. 1988 жылы әскерден оралған соң жұмыс іздеп Еуропаға аттанған. Францияға орныққан үлкен екі ағасының теріден киім тігетін кәсіпорнында жұмыс істепті.

— Аталарым Қытайдан қоныс аударған ғой. Алғаш Түркия жеріне келгенде зауыттан шыққан терінің қалдықтары тау болып үйіліп жататын болса керек. Солардың қиындысын алып, қолғап, құлақшын секілді бұйымдар тіккен. Кейін бұл олардың кәсібіне айналып кеткен. Тері өнімдерінен киім тігу өнерін Францияға келгеннен кейін де жалғастырдық, — дейді ол.

Өмірдің айтуынша, теріден киім тігетін цехтар Еуропада 1990 жылдардың ортасына қарай жабыла бастаған. Көптеген қазақ жұмыссыз қалған. Теріден киім тігетін ісмер Түркия қазақтары үшін басында француз тілін үйрену қажет еместей көрінген. Алайда тіл білмеу жұмыссыз қалған қазақтардың басқа қызметке орналасуына тұсау болған. Туыстарының арасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алып отырғандары да болған.

Бірақ Өмір французшасы нашар кезде әуежайда жолаушылардың жүгін тасудан бастап, ғимараттарды бояп, әрлеу секілді қара жұмыстың барлығын істегенін айтады. Бір уақыт түріктердің дәмханасында дөнер пісірген. Кейін тілін жетілдіре келе мейрамханаларда түрлі тағам даярлайтын аспазға айналған.

МОЗЕЛЬ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚОНАҚ ҮЙ

2001 жылы Франция азаматтығын алған соң үш жылдан кейін Өмір Германияға Қытайдың Үрімжі қаласынан оқуға келген Нұргүл есімді қазақ қызымен бас қосып, шаңырақ көтерген. Қазір Германияның оңтүстік-батысындағы Рейнланд-Пфальц жерінің Хатценпорт ауылында тұрады. 700 тұрғыны бар ауылда басқа қазақ отбасы жоқ.

— Екі сайдың арасында орналасқан шағын қалашық, жанында Мозель өзені ағып жатыр. Жергілікті жұрт жүзім өсіреді, атақты «Мозель» шарабы бізден шығады. Бұл өзі бір жағы Франциямен, екінші жағы Бельгиямен шектескен, үшінші жағы Голландиямен түйіскен, Германияның шекарасында жатқан ауыл. Кельнге жеңіл көлікпен бір-ақ сағатта жетемін, — деп сипаттады Өмір қазіргі мекенін.

Францияның Мозель қаласында тұратын этникалық қазақ Өмір Өзкалп (ортада) қонақ үйінің алдында туристермен суретке түсіп тұр. Сурет авторы - Талғар Дәлелғазы.

Францияның Мозель қаласында тұратын этникалық қазақ Өмір Өзкалп (ортада) қонақ үйінің алдында туристермен суретке түсіп тұр. Сурет авторы — Талғар Дәлелғазы.

53 жастағы кәсіпкер қазақ төрт жыл бұрын Мозель өзенінің жағасында орналасқан үш қабатты ғимаратты 90 мың еуроға аукцион арқылы сатып алып, қонақ үй мен дәмханаға айналдырған.

— Басында «үй аламын» деген жоспарым болған еді. Ол кезде Кельн қаласында тұратынбыз. Ол жақта үйдің құны бір миллион еуро тұрады. Қазіргі тұрып жатқан жерімізде де [үйді] кем дегенде 700 мың еуроға аласың. Мынау банкте кепілдікте тұрған ғимарат екен. Ешкім пайдаланбаған. Есік-терезесі де жоқ. Іші қоқысқа толы болатын. Соны жалғыз өзім екі жыл бойы жөндеп, ретке келтірдім. Міне, екі жылдан бері сол бейнетімнің зейнетін көріп жатырмын, — деді ол Азаттыққа.

Өмір мен Нұргүл келушілерге азиялық тағамдар мәзірін ұсынады. Олардың арасында қазақша асылған ет пен қуырдақ та бар. Клиенттерінің бір бөлігі – Совет одағы құлаған соң Қазақстаннан Германияға қоныс аударған немістер мен орыстар.

— Жұбайым Үрімжіден келгеннен кейін арасында ұйғырлардың да, қытайдың да тамағын жасайды, — дейді Өмір.

Францияның Мозель қаласында тұратын Өмір Өзкалптың қонақ үйінің дәмханасы. Сурет авторы - Талғар Дәлелғазы.

Францияның Мозель қаласында тұратын Өмір Өзкалптың қонақ үйінің дәмханасы. Сурет авторы — Талғар Дәлелғазы.

Қонақ үйдің кіре берісі мен дәмхананың ішін қазақша ою-өрнекпен безендірген кәспкер осылайша бір жағынан қонақтарды тартып, екіншіден туған мәдениетін жарнамалайтынын айтады.

— Бүкіл Еуропадан мен сияқты қазақша [еркін] сөйлейтін бір адам тапсаңдар қуанар едім, — дейді ол қуақылана.

«ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІНДЕР АЗАЙЫП БАРАДЫ»

Өмір расымен де қазақша өте жатық сөйлейді. Бұл қабілетін «бала күнінде атасы берген тәрбиенің арқасы» деп түсіндірді. Оның сөзінше, қазір Еуропа түгілі Түркияда тұратын жас қазақтар да ана тілін ұмыта бастаған. Ал Еуропада қоныстанған қазақтардың басым бөлігі «түріктің мектебі мен мешітінде жиналады».

Үйде тек қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін Өмір қызының «қазақ, неміс, ағылшын және француз тілінде сөйлейтінін» де сөз арасына қыстыра кетті.

— Өзім өлең айтамын, домбыра шертемін. Әкем домбырашы еді. Үлкен ағам да домбыраны жақсы тартатын. Қазір Еуропадағы қазақтардың арасында домбыра тартып, қазақша ән айтатын буынның соңы біз бе деп қорқамын. Өйткені қазақтың домбырасы мен күйі түгілі тілін білетін адам азайып бара жатыр. Ортасын былай қойғанда отбасында ана тілінде сөйлейтіндер аз, — деді ол.

Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдуақап Қараның дерегінше, шетелдегі қазақтар Батысқа екі түрлі топпен барған. Біріншісі – өткен ғасырдың ортасына таман Қытайдан Түркияға ауып барған қазақтар. Олардың кейбірі 1960 жылдардан бастап Түркия мен Еуропа елдері арасындағы жұмысшы алмасу келісімі бойынша Ұлыбритания, Германия, Франция, Швеция, Голландия мен Австрияға қоныстанған. Екіншісі – 1920-1930 жылдары Қазақстаннан Ауғанстан мен Иранға ауып, 1980 жылдары Еуропаға өткен қазақтар.

Қазір Еуропа елдерінде нақты қанша қазақ тұратынын олардың өздері де, зерттеушілер де дәл айтып бере алмайды. Тарихшы Гүлнәр Меңдіқұлова «Еуропада бес мыңдай қазақ бар» деп есептейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың дерегінше, Германияда – 300-дей, Францияда – 200-ден астам, Швецияда – 100-ден астам, Австрияда 20 шақты қазақ отбасы бар. Еуропа қазақтары ең көп тұратын Германияда, Қазақстаннның ол елдегі елшілігінің мәліметінше, бір мыңнан астам этникалық қазақ бар.

Azattyq