Фируза Шарипова: Головкинге қатты қапа болдым
Қысқа сілтеме алу
Боксшы қыз бір кездері Геннадий Головкин ең болмаса сөзбен қолдау көрсетуге жарамағанын мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр — Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова Головкин-Роллс жекпе-жегінің андекардынан Данияр Елеусіновтің алынып қалуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
«Данияр Елеусіновке қатысты жағдайға қатты таңғалып отырмын. Мен карьерарамды бастаған кезде де осыған ұқсас оқиға болған еді. Геннадий Головкиннің андекардында өнер көрсеткіміз келген. Оның промоутері Том Леффлермен де келісіп қойған болатынбыз. Алайда Геннадийдің менеджері Олег Германнан «ешқашан Фируза Головкинмен бір кардта өнер көрсетпейді» деген жауап алдық. Бұл қылығы – дөрекілік, сол кезде қатты қапа болдым», – деді Шарипова өзінің инстаграм-парақшасында.
Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова IBO белбеуінен айырылып қалды
Боксшы қыз кезінде Геннадий Головкиннен ең болмаса сөзбен қолдау көрсетуді сұраған екен. Таныстары арқылы баспасөзде бір ауыз жылы сөз айтуын өтінген. Алайда ол бұған пысқырып та қарамаған көрінеді.
«Мені ресейлік боксшы Александр Поветкин әр жекпе-жегімнің алдында қолдап жүрді. Головкиннің сөзі кімге болсын мотивация беретін деңгейге жетті. Алайда, ол бұлай жасаған емес. Сол жағдайдан кейін алдыма Головкиннің нәтижелерінен асып түсем деген мақсат қойдым. Әрине, ол Қазақстанды әлемдік спорттық аренада танымал етті, алайда, мен одан жоғарғысына жеткім келеді», — дейді ол.
Фируза Шарипова Головкин немесе тағы басқа қазақстандық боксшылар жетпеген жетістіктерге жеткісі келетінін жасырмады.
«Жерлестеріне неге бұлай істейтінін түсінбеймін. Өзіме келер болсам, қазақстандық жас боксшыларды үнемі қолдап жүремін. Қазақстанда кәсіпқой бокстың дамығанын қалаймын. Сол үшін де жергілікті қор және промоутерлік компания аштық. Біз ұйымдастырған бокс кешін қарап отырсаңыз, қазақстандық жас боксшылар көп. Біз жерлестерімізді қолдауға тырысамыз, олардан ешқашан да бас тартпаймыз», – деп түйіндеді Шарипова.
sputniknews.kz