«Жұмыстан қуамын» деп бопсалап, ақша жинады : Желіде полиция департаменті басшысының орынбасарына қатысты хабарлама тарады — Қазақстан жаңалықтары

0

«Жұмыстан қуамын» деп бопсалап, ақша жинады. Оны сауық-сайранға шашып, караокелер мен қонақ үйлерде демалды. Бұл Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшысының орынбасары Құрманғали Ысмағұловқа тағылған айып. Тіпті, оның ашынған әріптестері осы мәндес мәтінді әлеуметтік желілерге жүктепті. Алайда, хат авторының аты-жөні жазылмаған. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген тосын хабар шындыққа сая ма? 

«Жұмыстан қуамын» деп бопсалап, ақша жинады : Желіде полиция департаменті басшысының орынбасарына қатысты хабарлама тарады

Әр қызметкерден күніне 5 мың теңге! Ал айына әр рота 100 мыңды Құрманғали Ысмағұловтың қолына ұстатуы тиіс. Бұл ғаламторда көпшіліктің назарына ілінген анонимдік хатта көрсетілген ақпарат. Хабарламада жазылғандай, полиция департаменті басшылығы бұл ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап, қымбат мейрамханаларға шашқан көрінеді. Алайда кейбір қызметкерлер бұл пікірмен мүлде келіспейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Тексеріс барысында жасырын сауалнама жүргізілді. Ер адамдар ұжымы болғандықтан, мұндай дүниені жазудың өзіне қысылдық. Барлығымыз бір-бірімізбен жылы қарым-қатынастамыз. Мұндай жағдай болады дегенге өз басым сенбеймін», — дейді жол-патрульдік полиция полкінің инспекторы Мирас Көккөзов.

«600 мыңға достарына дастарқан жайды. Арақ-шарап, не керек дейсіз бәріне полицейлердің ақшасы шығындалды», — делінеді хатта.

Бірақ Құрманғали Ысмағұловты басшы ретінде танитындар ол туралы мүлде басқа пікірде. 

«Ол кісі өте салмақты, жұмыс жағынан өзін жақсы көрсетеді. Бізден жұмысты сұрай біледі», — дейді жол-патрульдік полиция полкінің кіші лейтенанты Аман Серіков.

«Жол патрульдік полиция полкін бопсалады» деген ақпарат тарай сала ІІМ тарапынан шұғыл тексеріс басталыпты. Себебі Ысмағұловқа қазір «аймақтардағы әріптестерін күту үшін де қоластындағылардың қалтасын қақты» деген айып тағылуда. Оның үстіне, облысқа іссапармен келген ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тоқтаған қонақ үй өтемақысы қызметкерлердің қалтасынан төленіпті-міс. 

«Құрманғали Ысмағұловқа қатысты айыптың біреуіне де дәлел табылмады. Тіпті, біздің тарапымыздан полиция полкіне жүргізілген сауалнамадан да оған наразы адамның бары анықталмады. Барлығының ол кісіге көзқарасы оң. Ал қаражат жағына келсек, Ішкі істер министрлігі қызметкерінің шығындары іссапарға бөлінетін ақшамен төленген. Ешкімнен ешқандай ақша жиналмаған», — дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Мұхитов.

Әлеуметтік желіде әділдік іздеген хаттың иесі әлі табылмапты. Алайда облыстық полиция департаменті басшылығына тағылған айып расталмады. Себебі сараптама жүргізуге екі күн жұмсалыпты. Қайрат Мұхитовтың сөзінше, Құрманғали Ысмағұлов ешқандай қымбат мейрамханаларға бармапты. Ал бас қаладан келген ІІМ өкілдері «жасырын хабарды таратқан жанды тауып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз» деп отыр.

stan.kz