Жалақы ала алмай жүрген жұмысшылар Ақтөбе облысы әкімдігіне барды
Бірнеше жылдан беру жалақыларын ала алмай жүрген Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытының ондаған жұмысшысы 26 сәуір күні Ақтөбе облысы әкімі орынбасары Қайрат Бекеновпен кездесті. Әкім орынбасары зауыт мүлкін сатып алушы табылса, жалақы мәселесі шешілетінін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің сөзінше, зауыт 135 жұмысшыға 63 млн 800 мың теңге қарыз.
— Банкрот деп танылған Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытының мүлкі 1 млрд 400 мың теңгеге бағаланған. Зауыт мүлкі 19 сәуірде алғаш рет саудаға шығарылды. Бірақ сатып алуға ниеттілер болмады. Сондықтан бастапқы баға 20 пайызға арзандап, екінші сауда 23 мамыр күні өтеді. Бұл жолы да сатып алушы табылмайтын болса, зауыт мүлкінің бағасы 50 пайызға дейін арзандайды. Зауыт мүлкін сатып алушы табылса, ең алдымен, жалақы қарызы төленеді, — деді Қайрат Бекенов.
Жабылып қалған зауыттың жұмысшылары облыстың жаңа басшысы Оңдасын Оразалинмен жолыққысы келген.
Жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылар қаңтарда да Қайрат Бекеновпен кездескен. Сол кезде әкім орынбасары «жергілікті билік кәсіпорынды сақтап, қайта қалпына келтіруге тырысады» деген. Бекеновтің сөзінше, «әкімдіктің бұл жұмысы нәтижелі болмаған».
Зауыт жұмысшылары жалақы мәселесімен прокуратураға, «Нұр Отан» партиясына да бірнеше барғандарын айтады.