Конституциялық кеңес Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешім қабылдады

0

Конституциялық кеңес кандидаттың соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұру нормасын түсіндірді

НУР-СУЛТАН, 25 сәуір — Sputnik. Конституциялық кеңес Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешімін жариялады.

Бұған дейін Тоқаев президенттікке үміткерлерге қойылатын талап – соңғы 15 жыл бойы елде тұру туралы норманы түсіндіруді сұраған еді.

Кеңестің пікірінше, 15 жыл бойы елде тұру мерзіміне бірінші кезекте азаматтың ел аумағында тұрғылықты тұру уақыты жатады, бұл азаматтың мекенжайы бойынша тіркелуі арқылы анықталады.

«Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметкерлері және Қазақстан Республикасы құрамына кіретін халықаралық ұйымдарда лауазымға тағайындалған азаматтардың шетелде тұруы да осы мерзімге жатады», — делінген Конституциялық кеңестің түсініктемесінде.

Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми түсіндіргендей, осы айтылған себептер бойынша елден тысқары аумақта тұру Қазақстан азаматтығын тоқтатты немесе тұрғылықты мекенжайын өзгертті деген сөз емес.



sputniknews.kz