Латын әліпбиіне көшу — Рухани жаңғыру|18 Қараша 2018, 16:08
Фото: Автор
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. 14 қараша күні республика бойынша бір мезгілде өткен «Жалпыхалықтық диктант» жазу кезінде шымкенттіктердің көбіне көп қай дыбыстарды жазудан қиналатыны мәлім болды. Шымкент қалалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қаладағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында да өткен шараға 100-ден астам қатысушы келді. Олар бір мезгілде «Рухани жаңғыру» тақырыбына құралған 77 сөзден тұратын мәтінді латын қарпімен қағазға түсірді. Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері құралған қатысушылар тобының арасында зейнет жасындағы қала тұрғындары да бар.
Қазақ тілінің жазылуы кирилл қарпінен латын графикасына көшетінін естігенде қатты қуанған шымкенттіктердің бірі – зейнеткер Тамара Мақалқызы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бүгінде зейнетке шыққан Тамара Мақалқызы латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиімен үнемі жазып, дағдысын арттырады. Қазір де зейнетке шыққанымен мұғалімдердің білім жетілдіру курстарында дәріс оқиды. Қазақстанның педагогикалық академиясының коорпоративтік қорының вице-президенті болып қызмет етеді.
«Латын әліпбиіне көшуді ең алғашқылардың бірі болып қолдадым. Соны қолға алғанын естіп, нұсқалары бекітілгеннен бастап, өзім жазып, жаттыға бастадым. Сол кезде мен үшін «У» және «Ы» дыбыстарының латын әрпімен жазу қиын соқты. Оқығанда да, жазғанда содан қиналдым. «У» мен «Ы» дыбыстарын жазғанда маған қиын. Неге осыған басқалай таңба бере алмадық? Және «И и»/»Й й» және «І і» дыбыстарының бас әрпін жазуда қиналдым. Өйткені, үш дыбыстың да бас әрпі «I» деп жазылады. Ал кіші әріптерін жазып кете беремін. Бас әрпін жазарда қалай қыларымды білмей тосырқап қаламын. Мысалы, «Игілік» сөзін латын әріптерімен қалай жазарымды білмей қаламын. Басқасынан еш қиналмадым. Маған «Ң ң», «Ғ ғ», «Қ қ» дыбыстарының латынша жазылуы нұсқасы ұнайды. Сол дыбыстарды жазу үшін сырттан басқа таңба қосқанша, осылай өз ішінен шығарғаны дұрыс. Сонда баланың миын ашытпаймыз», — дейді Тамара Мақалқызы.
Тамара Мақалқызы балаларға да, ересектерге де сабақ берген ұстаз. 20 жылдай мектепте бала оқытса, кейін тағы 20 жыл мұғалімдерді оқытқан. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты директорының орынбасары бола жүріп, мектеп мұғалімдеріне арналған білім жетілдіру институтында лектор қызметін қоса алып жүрген. Кішінің де, үлкеннің де үйрену дағдысынан хабары бар Тамара Мақалқызы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын ересектердің қабылдауы қиын соққанымын, кейінгі жас ұрпақ оңай алып кететініне сенеді екен.
«Түптеп келгенде болашақ жастар үшін «Ы ы» дыбысын «Y «y әрпімен жазу ыңғайлы болар. Қазір мектепте көп бала «Ы ы» дыбысын керек қылмайды. «Ы ы», «І і» дыбыстары сөз арасында кездессе, оқымай тастап кетеді. Оқығысы келмейді. Енді міне сол дыбыстардың латын әрпімен таңбалануы соны шектейтін шығар. Балалар үшін осылай жазылуы ыңғайлы әрі дұрыс шығар деген ой келеді. Бірақ, бір қиыны сол – «И и/Й й» және «І і» дыбыстарының бас әріптерін жазуымыз қалай болар екен?» — дейді ол.
Әйткенмен «ересектердің қиналуы түк емес, бастысы болашақ үшін жақсы болса – болғаны» деп білетін Тамара Мақалқызы латын қарпіне көшуді тек сөзімен емес, ісімен де қолдайды екен. Мұның дәлелі – күніне 2-3 бет латын қарпімен мәтін жазады.
«Күнде осы латын әліпбиімен кемі екі бет мәтін жазамын. Сөйтіп жаттығамын. Бүгін осы жалпыхалықтық диктантқа келгенде екі-үш бет жаздым. Сосын қазақ тілі дыбыстарының латын әрпімен қалай жазылатын ережесін ұдайы көшіріп отырамын. Жалпы латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Ең бастысы, бұған сеніммен қарауымыз керек. Бізде сенімсіздік көп. Үлкен кісілер, үйдегі ата-әже, әке-шеше, аға-іні, әпке-сіңлі бәрі де бұған сенім білдіріп, үйренуге ден қойса, алып кетеді. Мысалы, баланы дайындық сыныбына әкеліп, «Оқысаң, мықты боласың» десек, бесінші сынып баласына «Ағылшын білсең, шетелге барасың», десең, сенім пайда болып, соған ұмтылады. Ары қарай сол сенімнің жетегімен алып кетеді. Сосын балаға білім бергендей әр нәрсенің біліктілік дағдысын қалыптастыру қажет. Баланы оқыту – оңай. Өйткені, баламен бірге нәтижеге жетесің. Ал мұғалімдерді оқыту – қиын. Айтқаныңа көніп кетпейді, жаңа нәрсеге ұмтылуы қиын. Сол үшін ересектер де дағды қалыптастыруы керек. Менің әр күні латын қарпімен жазуым – мен үшін дағды. Латын қарпіне көшетінімізді алғаш естігенде қуандым. Алдын «қашан латын қарпіне көшеді екенбіз?» деп күтіп жүріп, зейнетке шықтым. Былтыр енгізіле бастағанын естігенде қатты қуандым», — дейді Тамара Мақалқызы.
Жалпыхалықтық диктантқа қатысқандардың арасында Дилдора Рахманшикова бар. Ол – Шымкент қалалық өзбек драма театрының актрисасы. Этникалық өзбек ұлтының өкілі бастауыш сыныпты өзбек тілінде оқытатын мектепте бастаған. Айтуынша, 2-3 сыныпта латын графикасына негізделген өзбек әліпбиімен де оқыпты. Сондықтан да латын графикасында жазу-сызу таңсық емес, бірақ айырмашылықтары бар.
«И» дыбысын латын әрпімен жазу қиын соқты. «И и/Й й» дыбыстары кездессе, бірден латынша «I i» әріптері жазып кетеміз. Сол жағынан қиналдық. Соңғы бекітілген әліпбиге сәйкес «И и/Й й» дыбыстары «I і» әріптерімен жазылады. Сосын «У у» дыбысы бар ғой. Сол дыбысты «U u» әрпімен жазып кетеміз. Ал оны «Ý ý» әріптерімен жазу керек екен. «У» дыбысы «U» түрінде қала берсе, бәріне түсінікті болады. Өйткені, әлемдік тәжірибеде солай жазылады. Мұнда «У» дыбысы басқаша жазылып жатыр. «Ң ң» дыбысын жазу еш қиын емес. «Ń ń» деп жазуды тез үйрендік. Бүгін диктантта жалпы «И и/Й й» және «І і», «Ы ы» және «У у», «Ұ ұ» және «Ү ү» дыбыстарын жазу қиын тиді. Ал «Ғ ғ» және «Г г» дыбыстарын латын әрпімен жазуда еш қиындық болмады. Өйткені, біз бастауыш сыныпта өзбек тілін латынша оқығанбыз. «А ә» мен «Ә ә» дыбыстарын оңай жаздық. Еш қиындық тумады. Бізді сол «И и/Й й» және «І і», «Ы ы» және «У у», «Ұ ұ» және «Ү ү» дыбыстарын жазу шатастырып тұр. Алдағы уақытта сол дыбыстардың жазылуына өзгеріс енгізетін шығар», — дейді Дилдора.
Оның бұл сөзін бір партада бірге отырып, жалпыхалықтық диктантқа қатысқан әріптесі Адхам Сайрамбаев та құптайды. Ол Шымкент қалалық өзбек драма театрынң бухгалтері болып қызмет етеді.
«Мысалы, мәтінде айтылатын «тарихи» сөзін «tarihi» деп жаздық. Кейін тексергенде қарасақ, бұл қате екен. Сосын мен мына мәтінде айтылатын «әліпби» сөзін «alipbe» деп жазыппын. Ол да қате екен. Содан кейін көбіне көп дауысты және дауыссыз дыбыстарды жазғанда дауысты дыбыстардың жазылуынан көп шатастық», — дейді Адхам.
Кітапханадағы шараны ұйымдастырған Шымкент халалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Нұрила Жұманованың сөзінше, қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша республика көлемінде өте ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл үшін латын қарпіне көшу бойынша Ұлттық комиссия жанынан төрт жұмыс тобы, яғни орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік және ақпараттық-технологиялық жұмыс топтары құрылған.
Соның ішінде орфографиялық жұмыс тобы орфографиялық емле ереженің жобасын дайындаған. Шымкенттегі жұмыс тобы 12-13 қараша аралығында қаладағы төрт ауданның тұрғындарымен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.
Бұл диктантты өткізудің басты мақсаты – 15 жастан асқан ересек азаматтардың осы әліпбидің бекітілген нұсқасымен танысып, жазып көріп, көз-қол дағдысын қалыптастыру болып отыр. Диктантқа қатысқан азаматтардан жақсы леп байқалды.
«Мұндай диктантты үйде де тапсыруға болады. Tilalemi.kz, emle.kz сайттарына кіріп, диктант жазып, сосын сол сайттардағы дайын нұсқасымен салыстырып, тексеріп, қателерін анықтап, қиналған тұстарын көрсете отырып орталыққа жолдауына болады. Оны орфографиялық жұмыс тобы тексеріп, сараптап, қорытындысын шығарады. Мұндай диктант барлық мекемелерде өтіп жатыр. Олар жазған диктанттың барлығын бізге жолдайды. Біз соған қарап, сараптап, ұсыныс дайындаймыз», — дейді Нұрила Жұманова.
Фотолар: автор
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ