Түркістан облысындағы үш қыздың оқиғасы: Өгей ананың өз ұлы балалар үйіне жіберілді — Қазақстан жаңалықтары
Түркістан облысында өгей қыздарына қорлық көрсетті деп күдіктеліп отырған әйелдің бір жарым жасар ұлы балалар үйіне жіберілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
Сурет: Көрнекі сурет
Білім беру басқармасының мәліметінше, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау үшін белгілі шаралар қабылданған.
«20 сәуірде кәмелет жасқа толмаған үш апалы-сіңлілі Шымкенттегі «Кәмелет жасқа толмағандарға арналған бейімдеу орталығына орналастырылды. Сол отбасындағы бір жарым жасар бала Шымкенттегі «Мамандандырылған балалар үйіне» жіберілді», — делінеді хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жетісай қаласында өгей ананың үш қызына қорлық көрсетіп келгенін хабарлаған едік. Қыздардың денесіндегі жараларды мектеп мұғалімдері көрген. Директоры полицияға хабарласқан соң, істің ақ-қарасы анықтала бастады.
Бүгінде күдікті екі айға үй қамағына алынған. Сот оның жүктілігі мен кішкентай баласы барын ескеріп, осындай шешім шығарыпты.
stan.kz