«Мен ұлтшылмын» Қабдеш Жұмаділов неге таяқ жегені және кімдерді жек көретіні жайлы
Қабдеш Жұмаділов — Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және «Парасат», «Тәуелсіз» орденінің иегері. Ол 1962 жылы Бақты шекарасын бұзып өтіп, 200 мыңға жуық халықты бастап, Қытайдан Қазақстанға көшіріп әкелген. Бұл туралы жазушы өзінің «Соңғы көш» романында жазады
Бір кездері қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтен тәлім алған 83 жастағы ақсақалдың әлі айтары мол. Халық жазушысы Sputnik Қазақстанның «Әңгімең жарасса» жобасына сұхбат берді.
Қабдеш Жұмаділов соңғы кездері елде болып жатқан саяси өзгерістерге қатысты ойын бүкпесіз айтты. «Осылай болу керек еді» деген жазушы астананың жаңа атауына қатысты пікірін білдірді.
«Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгертіп жібердік. Ол бұрыннан дайындалған нәрсе. Астана деген қаланың аты болмайды. «Баланың атын бала деп қойған» секілді деп кезінде жазған едім. Астана атаусыз тұрды. Ол бұл өзгерісті 20 жыл күтті.
Енді Нұрсұлтан Назарбаев Астананы салуға ерекше күш салды. Ол халықтың маңдай тері, ол бүкіл республиканың іш майын сорды. 20 жылдың ішінде анандай зәулім үйлер, әдемі сарайлар ғайыптан пайда болған жоқ», — дейдің жазушы.
Соңғы кездері Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері көптеп өзінің тарихи Отанына қоныс аударып жатқаны мәлім. Кейбір саясаткерлер өзге ұлт өкілдерінің Қазақстаннан кетуі ішкі саяси тепе-теңдікті бұзады деп жүр. Осыған қатысты халық жазушысының ойын білдік:
«Қазақ орыс және өзге халықтардан көп нәрсе үйренді. Қазақ қонақжай халық болған соң 60-70 жыл олармен тату-тәтті тұрдық. Иә, кейін Қырым татарлары Татарстанға кетті, шешендер Шешенстанға қоныс аударды. 1 миллионнан аса украиндар бар еді. Оның көбі қайтып кетті. Үштен бірі қалған шығар. Орыстар да солай. Қазір барлығы өзінің тарихи отанына оралып жатыр. Егер барлық ұлттар Қазақстаннан көшіп кетсе, қазақ аштан қырылып қалмайды. Қазақтың сол халықтардан, дүние жүзінен үйренген өз өнері өзіне жетеді».
Жазушыға бір кездері Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен азаттығы жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. Бұдан кейін, Жұмаділов Шыңжаңда тұрған кездері жайлы «Таңғажайып дүние» шығармасын жазды. Бұл туындыларда қазақ тарихы суреттеледі. Әңгіме барысында қазіргі көші-қон мәселесі де сөз болды.
Тағы оқыңыз: Дулат Исабеков Сейдімбекке жазған хаты мен анасының жұмбақ өлімі жайлы
«Қазақстан билігіне көңілім толмайтын жерлері бар. Сол жап-жақсы басталған көш кейін сиырқұймышақтанып кетті. Шыңжайда 1,5 миллион қазақ тұрады. Жерді даулаған жоқпыз, негізі жер де біздікі еді. Бірақ екі елдің келісімі бойынша ол шешілді. Жерді бергенімізбен сондағы қазақ халқы бізге қарап отыр. Олар Қазақстанға келгісі келеді. Мен онда бірнеше мәрте барғанмын. Қытайдың саясаты құбылмалы, не социализм емес, не капиталим емес. Сондай жағдайды бастан кешіруде», — дейді қаламгер.
Сонымен қатар жазушы сөз арасында өзінің ұлтшыл екенін қадап айтты. Оның пікірінше, елімізде ұлтшыл сөзіне үрки қарайтындар көп екен. Сөз арасында өзекті мәселелерге қатысты ойын жасырмай айтамын деп талай марапаттаулардан қағылғанын да жасырмады.
«Үкімет өнер адамдарына стипендия тағайындап тұрады. Оны жылына бір-ақ рет береді. Егер тәртібің жақсы болса, аузыңа ие болып жүрсең. Бірақ мені кейінірек стипендиядан қақты. Өйткені, турасын айтқаным үкіметке ұнамай қалды. Турасын айтқанда, менің билікке түк қастығым жоқ, мысықтілеумен айтпаймын. Мен мына кемшіліктер жойылса екен деп айтамын. Соны біреулер ұнатпайды».
Қабеш Жұмаділов билік пен мансаптан дәмесі бар үзеңгілестерін сынап тастады. Десек те, жазушы бүкіл зиялы қауымға күйе жақпайтынын айтады. Ол бүгінде екіге бөлінген зиялы қауымның басы біріксе екен деп тілейді. Өзін әлеуметтік жазушылар қатарына қосатын жазушы қоғамның рухани баюына үлес қосып отырған Қазақстан Жазушылар одағына бір ұйым ретінде қарамай, беделін көтеру жайлы ой қозғады. Он шақты романның авторы қазіргі қазақ киносының дамуына оң бағасын берді.
«Қазақ фильмдері біраз жыл тоқырауға ұшырады. Кейінгі кездері талпыныс бар. Кем-кетігі жоқ емес, әрине бар. «Көшпенділерді» Ілияс Есенберлиннің романы желісі бойынша түсіреді. Оның есімін титрға бадырайтып жазып қою керек. Бүкіл фактіні содан алдық қой. «Көшпенділерде» шатыстыру бар. Олар тағы да Әбілқайырды көтермелейді. Негізі Әбілқайырға өз бағасын беруіміз керек қой. Мен «Дарабоз» деген шығарманы сол үшін жаздым. Тарихи фильмдерде кімнің қайда жүргені анық айтылмайды. Әркім көрпесін өзіне қарай тарта ма?».
Сонымен қатар жазушы өзінің эстрада әншілеріне қатысты ойын ортаға салды:
«Біз ойын-сауықтың елі сияқтымыз. Әсіресе, әзілге бір тәулікте 10 сағат уақыт берілген. «Өл-тіріл, бірақ мына халықты күлдір» дейтін секілді. Күлдіру де оңай емес, оған талант керек. Күлдіре алмаған соң қарқылдап өздері күледі. Мақсат — халықты ойландыруға жібермеу, күлдіру. Сосын қазір 1000 әнші бар. Олар Естайдың, Ақанның әндерін айтпайды. Оған шамасы келмейді. Олардың айтып жүргені ән емес, ырғақ. Біз соны шатастырмауымыз керек. Қазақ әні ондай болмайды».
Қазақ эстардасында жүрген Мәдина Сәдуақасова жазушының жиен келіні болады. Оның өнеріне қандай баға бересіз деген сұраққа ол: «Оның дауысы бар, жарап тұр. Онымен мәтін жөнінде әңгімелесіп тұрамыз», — деді.
Тағы оқыңыз: Амалбек Тышанов жалғыз ұлынан айырылған сәттегі жан күйзелісін айтты
Бұдан бөлек, Қабдеш ата әйелдің кейпіне еніп ойнайтын әзілкештердің ісіне күйінді.
«Мен әйелдерше киініп алып, сахнада жүретін әртістерді жек көремін. Өйткені, әйелдің рөлін әйел ойнауы керек. Кейде көзім түседі, Күлпәш дей ме, сондай біреу бар. Басына орамал салып алып жүретін. Ол өнер емес — мал табудың амалы», — дейді жазушы.
Созінің соңында жазушы ұл-қыздары жайлы, олардың баянсыз некелері турасында айтып қалды.
Қабдеш Жұмаділовпен сұхбаттың толық нұсқасын видеодан көре аласыздар.
Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды!
sputniknews.kz