Қазақстан азаматтары Ресейде жантүршігерлік апатқа ұшырады
Қысқа сілтеме алу
Ресейде автобус пен пойыз соқтығысып, бес адам өлді, екі Қазақстан азаматы – жүргізуші мен оны ауыстырушы жарақат алды
АСТАНА, 17 қараша — Sputnik. Саратов облысында жүк пойызының автобуспен соқтығысуы салдарынан Қазақстанның екі азаматы ауыр жарақат алды, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Жол-көлік оқиғасы сенбі күні Астана уақытымен шамамен сағат екіде (Мәскеу уақытымен 11.00) Саратов облысының Озинск ауданында болған. Саратов-Ульянов бағдарымен келе жатқан жолаушылар автобусы темiржол өткелiнде жүк пойызымен соқтығысқан.
Автобуста жеті адам: бес Өзбекстан азаматы, екі Қазақстан азаматы – жүргізуші мен оны ауыстырушы болған. Барлық жолаушы қаза болып, жүргізушілер ауруханаға жатқызылды.
Облыстық денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шегушінің біреуі хал үстінде жатыр, екіншісінің жағдайы орташа, деп хабарлады РИА Новости.
Қазақстанның Астрахань қаласындағы консулы Қанат Шекқалиев зардап шеккен қазақстандықтар жеткізілген ауруханамен байланыс орнатып жатыр.