Алматы облысындағы жарылыс: Зардап шеккен 4 адам ауыр жағдайда жатыр — Қазақстан жаңалықтары
Алматы облысындағы Алакөл қорығында жарылыс болып, салдарынан 1 адам көз жұмып, тағы жетеуі зардап шеккен. Бүгінде 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандарына ота жасалған екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, оқиға өрт сөндіру көлігінің цистернасының сорғышын жөндеп жатқан кезде орын алыпты.
«Өрт сөндіру көлігінің цистернасының сорғышын жөндеп жатқан кезде жарылыс болған. Мойынтіректері ұшып кеткен. Соның салдары осылай аяқталды», — дейді облыстық ТЖД-ның ресми өкілі Азамат Жұртбаев.
Жарылыс салдарынан 8 адам зардап шеккен. Оларды шұғыл түрде ауруханаға жеткізіпті. Алайда механизатор болып жұмыс істеген ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Тағы төрт адам жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр.
«Жеті адам зардап шеккен. Олардың төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр деп бағалануда. Тағы үш адамға ота жасалды. Қазіргі уақытта олар травматология бөлімінде емделуде. Зардап шеккендердің үлкені – 66, ең кішісі – 24 жаста», — дейді Алакөл аудандық орталық ауруханының травматология бөлімінің меңгерушісі Жандос Садықов.
Қорық басшылығының сөзінше, мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Арнайы көліктің сорғышы бұған дейін де ауыстырылған екен. Алайда ол кезде бәрі дұрыс болғанын айтады.
«Марқұмның отбасына қолдан келгенше материалдық көмек көрсетеміз. Оның жерлеуін мойнымызға алдық. Ал ауруханада жатқандардың дәрі-дәрмегінің шығынын өзіміз өтейміз», — дейді қорық директоры Қанатбек Әбілқасымов.
Әзірге жарылыстың себептері туралы алдын ала нұсқалар жоқ. Мамандар тергеу жүргізіп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында жарылыс болғанын хабарлаған едік.
stan.kz