Обаманың бұрынғы кеңесшісіне Украинадағы қызметіне байланысты айып тағылды

0

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама әкімшілігінде заңгер болып істеген Грег Крейгке 11 сәуірде Украина экс-президенті Виктор Януковичке көрсеткен қызметі жайлы «жалған түсінік бергені» үшін айып тағылды.

Крейг арнаулы прокурор Роберт Мюллер 2016 жылы АҚШ-тың президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуын зерттеп жүргенде күдікке ілінген. Айып тағыла сала Крейг «өзімді кінәлі деп санамаймын, мені негізсіз қудалап жатыр» деді.

Крейгке сондай-ақ шетел агенттерін тіркеу туралы АҚШ заңын (FARA) бұзды деген айып тағылды. Бұл заң бойынша, шетел азаматтарына лоббистік қызмет көрсететін кез келген тұлға шетел агенті ретінде тіркелуі тиіс.

74 жастағы зеңгерді сот кінәлі деп тапса, Крейг 10 жылға дейін түрмеге кесілуі мүмкін.

АҚШ әділет министрлігі Украинадағы америкалық кеңесшілердің қызметін тергеп жүргенде Крейгтің берген түсінігіне күдіктенген. Крейг Украина әділет министрлігіне тәуелсіз есеп дайындаған нью-йорктік Skadden, Arps, Slate, Meagher & Flom LLP компаниясындағы адвокаттар тобын басқарғанын айтқан. Олар есепте бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы Янукович үкіметінің сотқа тартуына әділ баға беруі керек болған.

Бірақ құжатта Крейг Тимошенконың сот тергеуі кезіндегі тәртібін сынап, оның құқығы бұзылмады деген қорытындыға келген. Бұл есепті Янукович үкіметі Еуропаның адам құқықтары сотының алдында Тимошенкоға қатысты алдын ала қорытындыны ақтап алуда, сондай-ақ АҚШ-та заң шығарушыларды либбилеуде пайдаланған.

Құжат Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорттың тапсырмасымен дайындалған. Биыл наурызда Манафорт алаяқтық бабымен және шетел агенттері туралы заңды бұзғаны үшін сотталған. Оған 7,5 жыл түрме жазасы кесілді.

Крейгтің АҚШ әділет министрлігіне «шетел агеттері туралы заңмен мұқият танысып шығып, біз шетел агенті емеспіз, тіркелудің қажеті жоқ деп шештік» деген. Крейг пен оның фирмасы тіркелген жағдайда заңгерлер гонорардың негізгі бөлігін — 4 миллион долларды украиналық миллиардер Виктор Пинчуктің төлегенін көрсетуге тиіс болар еді.

Тағылған айып бойынша, Крейг Skadden, Arps, Slate, Meagher & Flom LLP компаниясы Тимошенкоға басқа да айыптарды тағуға көмектескенін жасырып қалған.

Azattyq