Елді елең еткізген екі тарап пікірі
Алматы қаласының тұрғындары үшін бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – «Көкжайлау» жобасы. Көкжайлауға демалыс орталығын салу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туған. Алайда идея туған бойда жобаға қарсылардың саны жыл санап өсіп келеді. Десе де, қолдап «Алматыны көркейтіп, туристерді тарту керек» деген пікірлер де ағылып жатты.
4 қараша Алматы қаласында «Көкжайлау» мәселесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті. Ол талқылау қалай өтті? Бір-бірімен келісіп, нәтижесінде қол алысқаннан бұрын, бір-біріне қарсы екі тарап (қарсы және қолдайтындар – ред.) бірін-бірі жеп қоярдай, шиеленіскен жағдайда өткен еді. Жобаға қарсылар таза ауаға шомып қайтатын жайлауды сақтап қалуды көздейді. 19 мыңға жуық адам курорттың салуына қарсы қол қойды. Ал қолдайтындар елге келетін ақша мәселесін алға көтеріп, туристердің жағдайын көбірек ойлап отыр. Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі екі тараптың пікірін беруді жөн көрді.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым елімізге ақша әкелетін және жаңа жұмыс орындарын құратын курорттар өте қажет дейді.
«Көкжайлау» жобасына қарсы жандардың позициясы арқылы ол жақсара түсті. Егер бәрі бірігетін болса, құрылыс процесіндегідей жоба бұдан да ұтымды болар еді. Мен күштердің бірігуін және жобаның іске асуын қалаймын», — деді саясаткер.
Әрі қоғамдық талқылау барысында жобаға қарсылардың қылығына қынжылды.
«Неткен дөрекі жандар. Өздерін мәдениеттің эталоны санайтындардың ерсі қылығы қынжылтты, тіпті сол жерден тұрып кетіп қалғым келді. Өздерін жақтайтындардың орнына бейтарап адамдардың арасынан қарсыластарын көбейтіп алды. Бүгінгі шараға көптен бері дайындалған сыңайлы. Кешегі істеріне тек өкініш білдіруге болады». – деді Айдос Сарым.
Ал қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан жобаға қарсылық білдірушілердің курортты салған кезде флора мен фаунаның бұзылады дегенінде еш негіз жоқ екенін айтты.
«Егер бұл логиканы негізге алсақ, онда барлық курортты жабу керек. Қазақстанда, Алматыда ғана емес, әлемде. Қырғызстанда, Өзбекстанда, Грузияда, Сочиде, Еуропада. Бұл – дұрыс емес позиция. Егер осы позиция сонау 60-70 жылдары басшылыққа алынса, онда бүгін Медеу де, Шымбұлақ та болмас еді. Біз балаларымыздың үйде қамалып, қорқор тартқанын емес, қайта сырғанақ тепкенін, спортпен айналысқанын қалаймыз. Сондықтан олар үшін спорт базаларын салғанымыз дұрыс», — деп атап өтті Мұхтар Тайжан.
Жобаны қолдайтындардың қатарында айтыс тарландары да кездесті. Бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерманның «Көкжайлау» жобасына қатысты пікірін берген едік.
♦Жүрсін Ерман «Көкжайлау» жобасына қарсылық білдірушілерді батыл сынады
Өз сөзінде Жүрсін Ерман «Көкжайлау» жобасына қарсылық білдірушілерді өздерін жарнамалаушылар мен арзан ұпай жинаушылар деп атады.
Бүгін Жүрсін Ерманның шәкірттері де үн қосты. Алғашқы шәкірттерінің қатарында болған, бүгінде «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек жобаның байыбына бойламай, қарсы шығып жатқан белсенділердің әрекетін сынап, Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырды.
«Тілің — тағдырың» деген осы. «Жоқ десең, жоғаласың» дегенді де айтып кеткен біздің бабалар еді. Кей-кейде байыбына бойламай тұрып белден басып пікір жазатынымыз бар. Көкжайлау жайлы жазылып жатқан посттар дүркінін оқып отырып ең әуелі осыны ойладым. «Күйретті, құртты, құтқарайық» деп құтыртып күңірене берудің жөні жоқ. Аспан сөгіліп, тау тұтас үгітілгендей бүлініп кеткен де ештеңе жоқ. Арада ғасыр жатыр демесеңіз, «қазақ жерінде қырқылған бір уыс жүн қазақ баласының үстіне киіп боп киілуін» армандаған алаш қайраткерлерінің көздегені де осы емес пе еді? Құдай нәсіп қылған Алатаудың игілігін, бұйра белдердің артықшылығын қазақ баласы қызметіне жаратса айып па? Жер — әуелі үстінде тіршілік құрған халықтың пайдасына жұмыс істемей ме? Құр жатқан жер береке шақырмайды, бос кеңістік жау шақырады. Мұны да айтқан батыс философтары емес, өзіміздің қариялар.
Әртүрлі шығармашылық сапармен Еуропа елдерінде көп болдым. Қалада жүрсең де, табиғатқа шықсаң да адамға жасалған жағдайды көп байқайсың. Скверге қойылған ыңғайлы орындықтан бастап, тау шатқалындағы сырғанау базасына дейін. Алматының қазіргі әкімдігінің бұдан бұрынғы шаруаларын да мүйіздемекші болған, талайлар. Бірақ бағыт дұрыс екенін уақыт-ақ дәлелдеді. Сұлу аллеялар мен қала көркін одан сайын ажарландырған тақтайдай көшелер соның айғағы. Тоқсаныншы жылдары да әлеуметтік желі болғанда, елордамыздың Ақмолаға көшуі де шу болады екен-ау. Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Кәрімовтің өзі Астанадағы алғашқы жиындардың бірінде «Мемлекет астанасын көшіру үшін аттың кәлләсіндай жүрек керек. Ондай жүрек Нұрсұлтанда ғана бар!» деген еді. Алматы әкімдігіндегі атан жілік жігіттердің де бір білгені бар шығар. Түсінбесек, қолдан қақпайық. Жөн іске жүген болмайық. Сөз басында айтқандай, жақсы сөз — жарым ырыс қой», — деп жазды жобаны қолдаған Тазабеков.
Белгілі айтыскер Мұхтар Ниязов та үнсіз қалмады. Айтыскер табиғи ресуртарды тиімді пайдалану керектігін ескертті.
«Кім болса да тұма табиғаттың бұзылуын, бүлінуін, əуелгі қалпынан айнығанын қаламайды. Бірақ кез-келген мемлекеттің табиғи ресурстары сол елдің иммиджіне, экономикасына жұмыс жасап, игеріліп жатса, оған қолдау білдіру керек шығар. Алматы қаласы əкімдігінің ұсынып отырған құны 450 миллион доллар шамасында тұратын Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасы Кіші жəне Үлкен Алматы өзендері арнасындағы тау алқабына салу жоспарланып жатыр екен. Қала əкімі Бауыржан Байбек мырза келгелі ару қала Алматымыздың қаншама оң өзгерістермен, қайта түлеп, құлпырып келе жатқанын байқаймыз. Алматының өз тұрғындары байқамауы мүмкін, біз секілді анда-санда баратын адамдарға бірден байқалады. Қаланың өскені де баланың өскені секілді екен ғой, көз алдыңда жүргесін білінбейді. Енді алып мегаполистің өзіне тəн мəселелері түсінікті, кемшіліктері де жоқ емес, десе де батыстың білімін, қазақтың танымын қайықтың қос ескегіндей ұстаған жас əкімге артылып отырған сенім жүгі де жеңіл емес. Көкжайлау жобасы да меніңше тек қана Алматының ғана емес, туристерді тартуда еліміздің үлкен брендіне айналатын үлкен жоба болатын секілді. Əлбетте көптеген жобалардың қоғамдық қарсылыққа ұшырауы жоба тиімділігі туралы ақпараттың бұрмалануы мен толық түсіндірілмеуінен туатын секілді. Əлемдік тəжірибиеге сүйенген мұндай алып демалыс орнының барша халыққа қолжетімді болуын жəне қырқылған ағаштардың орнын толтыратын қосымша көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз ету керек деп ойлаймын. Бір жағынан еліміздің жазғы олимпиадалық спорт түрлеріне ғана емес қысқы спорт түрлеріне деген жаппай ұлттық қызығушылығының артуына да сеп болар еді. Не де болса осындай алып жобаның бір қайнауы кем болса, қайта пісіріп жүзеге асыратын күн де алыс емес секілді. Сəттілік тілейміз!» — деп жазды Мұхтар Ниязов.
Ал жобаға қарсылардың ойы қандай? Оны да беруді жөн санадық. Саясаттанушы Досым Сәтпаев осы уақытқа дейін Алматының қауіпсіздігін бір жақты ете алмаған әкім қараларды сынады.
«Жақсы ниетпен басталған істің жолы шырғалаң. «Көкжайлау» ісіне қатысты қоғамдық талқылауға дейін Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен сыбайластарының ісі бойынша сот процесі өткен болатын. Бір кездері олар да атқарылып жатқан істің денін қаланың, тұрғындардың игілігі үшін екенін айтып сендірген. Кейін әкім қаралардың өз қалталары жайлы да ұмытпағаны белгілі болды. Менің түсінгенім мынау: Алматыға әкімдердің бірі келіп жатты, бірі кетіп жатты. Алайда қаланы түрлі апаттардан қорғау мәселесін ешкім шеше алмады. 2015 жылы орын алған сел тасқыны қаланың осал тұстарын түбегейлі ашып көрсетті. Бұл бер жағы ғана. 2006 жылы «Тәуекелдерді бағалау тобы» ұйымы мегаполистегі жер сілкінісінің экономикалық, саяси, демографиялық және өзге де әсерлерін зерттеген еді. Нәтижесінде «Домино әсері. Алматылық жер сілкінісінен кейінгі болжамдар» атты кітап жарық көрді. Өкінішке орай, сол кезде сарапшылар оңтүстік астанамызды «ажал қаласы» деп атады. Мұны мамандар да жасырмады. Зілзалалардан ажал құшқандардың саны 300 мыңнан 500 мыңға дейін жеткен еді. Алайда бұл болжамдық есеп қана. Тасқындар алда әлі талай болады. «Көк Жайлау» жобасын қолдап, курорт салуды дұрыс деп есептейтіндерді шынымен түсінбеймін. 2013 жылы сел тасқынының кесірінен Есік өзенінің жойылғанына 50 жыл толған еді. Қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Бір анығы, жапа шеккендердің көбі туристер болып шыққан. Себебі Қазақ ССР министрлер кеңесінің «Есік көлі жұмысшыларының мәдени демалысын қамтамасыз ету» туралы 1958 жылғы қаулысына сәйкес, көл маңында демалыс үшін инфрақұрылымның барлық түрі құрылған. Сонымен қоса, тас жол, автовокзал, қонақүй мен мейрамханалар салынды. Бірақ бір сәтте мұның бәрі көзден ғайып болды. 50 жылдан аса уақыттан кейін Алматы үшін қауіпті апат жайлы түрлі хабарламалар келе бастады. Адамдар тауда қалай көңіл көтерсін? Деген ойдан бұрын, оларды апаттан қалай қорғаймыз деген сұраққа жауап іздеген жөн-ақ», — деп еді Досым Сәтпаев өзінің жазбасында.
Қоғам белсендісі Аружан Саин бюджеттен 85 миллиард теңге бөлінбек ниеттегі курортқа түбегейлі қарсы. Тіпті жобаны 85 миллиардқа тати ма деген сұраққа жауап іздеп көріпті.
«Жобаға сәйкес, халыққа не техника-экономикалық негіздемесін, не сметаны көрсетпейді. Жобаға қарсы экологтар мен сейсмологтар қалаға қауіпті тасқындар жайлы айтып жатыр. Олимпиада комитеті бұл орынға олимпиада ойындарын салуға болмайтынын айтты. Ал Алматының маңайында 5 толыққанды шаңғы курорты бар. Ал 20-ға жуығы жөндеу жұмыстарын талап етеді. Одан да ақшаны сол жерлерге құйыңдар! Шетелдік инвестицияны тартыңдар!» – деді Аружан Саин.